Аймақтар • 06 Қаңтар, 2021

Жаңа аудан құрылады

745 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркістан облысында желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні 59 сәби дүние есігін ашты. Олардың 38-і – ұл, 21-і – қыз. Жалпы, туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша көш бастап тұрған өңірде өткен жылдың 11 айында халық саны 2 039,9 мың болып, алдыңғы жылдың тиісті кезеңінен 1,3%-ға артты.

Жаңа аудан құрылады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өңір тұрғындары жаңа жылды жа­ғымды жаңалықпен қарсы алды. Түркістан өңірінде тағы бір аудан құ­рылады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Кентау қаласының тұрғындармен кез­десуінде қалаға қарасты 12 ауылдық округі аумағынан жаңа Сауран ауданын құру жөніндегі ұсынысы Президент тарапынан қолдау тапқанын мәлім етті. «Кентау қаласындағы елді мекендердің дамуына қанша көңіл бөлінгенімен әрі қарай дамыту бағыттары көптен бері толғандырып жүрген мәселелердің бірі болатын. Бұлай дейтін себебім, қала шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы, 12 ауылдық округ­тің орналасуы қаланың аудандық дең­гейге көшкенін көрсетіп отыр. Қа­ла орталығының ауылдардан шал­ғай­да орналасуы тұрғындар үшін көр­­сетілетін мемлекеттік қыз­мет са­пасы­ның төмен­деуіне, елді мекендер­дегі инфрақұрылым жүйелерімен аз қам­тылуына, сондай-ақ өз тари­хын­да полиметалл рудасын өн­діретін өнер­­кәсіптік қала ретінде да­мы­ған­ды­ғын ескерсек, Кентаудың аудан­дық ор­­талыққа айналуы іс жүзінде да­муының баяулауына және ауылдарға жеткіліксіз көңіл бөлінуіне әкелуі мүм­кін. Жоғарыда айтылған мәселелерді ой елегінен өткізіп, саралай келе, қазіргі қа­лыптасқан ахуалды назарға ала оты­рып, жаңа ауданды құру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс жасадым. Менің ұсынысым Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапты. Осы ұсыныстың негізінде жаңадан құ­рылатын ауданға «Сауран» атауын беріп, орталығы етіп Шорнақ елді мекенін бекіту орынды деп санаймын», деді облыс әкімі.

Жаңа құрылатын ауданға «Сауран» атауы беріледі. Өйткені ортағасырлық тарихи Сауран қаласы Ұлы Жібек жо­лының бойында орналасқан және ежел­гі Түркістан ұғымымен байланыс­ты. Ал Шорнақ елді мекені жаңа аудан­ның әкімшілік орталығы болып қалып­таспақ. Маңызды бастаманы зиялы қауым мен ардагерлер бірауыздан қол­дады. Оразкелді Егізбаев қария ілге­ріде Шорнақ Фрунзе ауданының орталығы болғанын, кейіннен Түркістан қаласына біріктірілгенін айтты. «Ал Түркістан облыс орталығы болған тұс­та қалаға қарасты 12 ауылдық округ Кен­тауға берілді. Бүгін тағы бір жақсы жаңалық естіп отырмыз. Жалпы, бұл бұрыннан халықтың ойында жүрген мәселе еді. Өз бастамаңызбен қолға алыпсыз, оған рахмет», деді қария. Жаңа ауданда мемлекеттік органдардың, құқық қорғау және басқа құрылымдық органдардың құрылуы, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін және ауылдық жерлердің дамуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге Кентау қаласы өнеркәсіпті және индустриалды орталық ретінде дамуға жаңа серпіліс алмақ. Сауран ауданы Наурыз мерекесі қар­саңында ашылады. Шорнақ ауылы облыс орталығы Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Мұнда бүгінде 12 мың халық тұрып жатыр. Құрамына енетін ауылдық округтерді қосқанда жаңа аудан халқының саны 100 мыңнан асатын болады.

Халқы еңбекқор өңірде былтыр кәсіпорындар 481,3 млрд теңге сомасында өнеркәсіп өнімін өндірді. Бүгінде оңтүстік аудандардың дамуына оң серпін беретін 67 жоба іске асырылуда. Бұл жобалар ең алдымен әлеуметтік инфрақұрылым құруға ба­ғытталған. Ауылдық жерлерде мектептер мен ауруханалар, жол салу және газ құбырларын тарту жоспарланып отыр. Облыс әкімінің дерегінше, маңызды жобалардың ішінде – Түр­кістан қаласының аумағында азық-түлік белдеуін құру, бір алқаптан 2-3 рет өнім алу, Түркістандағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған су арналарын реконструкциялау жобасы бар. Сондай-ақ Мақтаарал ауданында ПУИД-2 жобасы бойынша 40 мың гектар аумақты қамтитын 223 канал, 208 су қашыртқысы, 149 тік дренаж күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтіріледі. Жобаның І бағыты бойынша жалпы ұзындығы 70 мың шақырым 44 каналдың, 2 тік дренажды ұңғыманың, 37 мың шақырым 16 қашыртқының құрылыс жұмыстары аяқталған. Ал ІІ бағыт бойын­ша ұзын­дығы 337 035 шақырым 3 каналды тармақтарымен бірге, 100 тік дренаж және 262 шақырымды құрайтын су қашырт­қылары күрделі жөндеуден өтуде. ПУИД-2 жобасының ІІІ бағыты бойынша израйльдік «Тахал Консалтинг Инжиниринг» компаниясы ұзындығы 307 928 шақырым каналды, 130 391 шақырым су қашыртқыларын күрделі жөндеуден өткізуде. Бүгінде 27 мың шақырымды құрайтын 8 каналдың 9 мың шақырымында бетон құю жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар жалпы ұзын­­дығы 56 мың шақырым 8 қашырт­қының 50 583 шақырымында тазалау жұмыстары атқарылды.

Өткен жылдың қаңтар-қазан айында облыстың сыртқы сауда айналым көлемі 324,3 млн АҚШ долларын, оның ішінде экспорт – 257,8 млн, импорт 66,5 млн АҚШ долларын құрады. Байланыс қызметтерінің көлемі 5 674,3 млн теңге болды, оның 48,7%-ы  интернет желісі қызметіне тиесілі. Мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқа түсімдердің көлемі 205,3 млрд теңге болды. Денсаулық саласына былтыр бюджет есебінен 14,1 млрд теңге, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 2,5 млрд теңге қарастырылды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 688 млрд теңгені құрап, елімізде жетекші орынға ие болды. Сонымен қатар облысқа тартылған инвестиция көлемі 66,7 пайызға өсті, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада бірінші орында. Облыс экономикасын дамытуға 11 айда 551,8 млрд теңге инвестиция бағытталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыруда да өңір жетекші орынға ие. Мақұлданған жобалар саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 287 жобаға жетті. Өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 236,7 млрд теңге болып, алдыңғы жылдың тиісті кезеңіне 183,6%-ға артқан. Тұрғын үй құрылысын дамытуға 76,3 млрд теңге инвестиция бағытталған. Яғни республика бойынша халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің ең жоғары көрсеткіші Түркістан облысына тиесілі. Өткен жылы 548,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл бағытта жылдық жоспар орындалып, «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы толығымен іске асырылды.

 

Түркістан облысы