Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Мұстафа Шоқай туралы сөз болғанда оның басшылығымен эмиграцияда жарық көрген «Яш Түркістан» туралы айтпай кету мүмкін емес. Латын әрпімен Ыстанбұлда шығатын «Иені Түркістан» журналына Түркия үкіметінің қысымы күшейіп, ауқымы тарыла түскендіктен, араб әріптерімен жарық көріп Үндістан, Ауғанстан, Иран және Арабстан сияқты мұсылман елдеріндегі түркістандықтарға түгел тарайтын журналға деген сұраныс көбейген еді. Мұндай журналды Түркияда шығару мүмкін болмағандықтан, Мұстафа Шоқай Еуропада басып, тарату туралы шешім қабылдады. Келіссөздер нәтижесінде журналға «Прометей» ұйымы мен Польша үкіметі қаржылай көмек көрсететін болды. Сол жылы қазан айында Берлинге келіп, Алманияда оқып жатқан түркістандық студенттермен кездескен Мұстафа Шоқай, журналдың алғашқы санын дайындауға тапсырма берді. Осылайша 1929 жылдың желтоқсан айында «Яш Түркістан» журналының алғашқы саны жарық көрді.
Журналдың бірінші бетіне «Түркістан идеясына қызмет ететін айлық журнал» деп жазылды. Оның «Түркістан ұлттық қозғалысының басылымы» екені де ұмыт қалған жоқ. Басылымның мақсат-мүддесін айқындайтын «Біздің жол» атты беташар мақалада Мұстафа Шоқай «Яш Түркістанның» миссиясын былай деп атап көрсетті: «Жаңадан шыққан кез келген журнал немесе газет оқырмандарына өзінің саяси мұратын, жолын және мақсатын таныстырып өтетін әдеті бар. Дәстүрге айналған бұл әдетке біз де жүгінеміз. Ұстанған жолымызды ұзақ түсіндірудің қажеті жоқ. Тоқ етерін айтқанда, жолымыз бен мақсатымыз: Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды. ...Егер біз халқымыздың ұлттық тәуелсіздігі жолындағы талаптарының мән-мағынасын бұзбай, күшін әлсіретпей, «Яш Түркістан» беттерінде көтере алсақ, онда бәріміз үшін қасиетті және ауыр жауапкершілік артқан абыройлы борыштың бір бөлігін өтеген болар едік».
Расында, беташар мақалада айтылғандай, «Яш Түркістан» тұтас Түркістанның жоғын жоқтайтын жалғыз ұлттық басылымға айналды. Кеңестік қысым күшейген кезде осы басылым ғана Түркістанның тәуелсіздігі жайында сөз қозғап, қалам тербей білді. Сондықтан Алмания мен Түркияда оқып жатқан түркістандық шәкірттер мен эмиграциядағы зиялылар, сондай-ақ шет- елдерде өмір сүретін түркістандықтар журнал ісіне белсене араласты. Оған Еуропа, Түркия, Ауғанстан, Иран, Үндістан, Жапония, Қытайдан тіпті, кеңестік Түркістаннан оқырман хаттары ағылып келіп жататын.
Журналдың жарық көретіні туралы «Иені Түркістанның» 1929 жылғы №24-25 санында: «Еуропадағы ұлтшыл түркістандық достарымыздың атсалысуымен Берлинде «Яш Түркістан» атты басылым жарыққа шығады. Еліміздің тәуелсіздігін бізбен бірге қорғайтын бұл басылымды жуық арада оқи алатындарыңызды қуанышпен хабарлаймыз», деп жазды.
Жаңа шыққан журналдың тілі жөнінде: «журналымыз белгілі бір диалектінің ықпалында болмайды, біз тұтас Түркістанның ортақ журналы болғымыз келеді», деп жазған редакция басшылығы, қажыр-қайратын Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығы жолына арнайтынын айтты. Өйткені әуелі араб әріптерімен шыққан Ыстанбұлдағы «Иені Түркістан» кейіннен латын әріптерімен жарияланғандықтан, Түркиядан басқа елдерге табан тіреген түркістандықтар бұл жаңа басылымды көп біле бермейтін еді. Сондықтан шағатай диалектісіне жақын тілмен жарық көрген және қысқа мерзімнің ішінде өзіндік бағыты бар басылымға айналған «Яш Түркістан» журналы Түркиядан тыс елдерге (Иран, Ауғанстан, Үндістан және т.б) ауып кеткен мұғажыр түркістандықтарға арналды. Осылайша Берлинде 1925 жылы 9 мамырда қабылданған «Түркістан ұлттық бірлігі» комитетінің шешімі «Яш Түркістан» арқылы жүзеге асты. Ал «Иені Түркістан» 1931 жылы қыркүйекте Түркия үкіметінің тыйым салуымен жарық көруін мүлде тоқтатқаннан кейін, «Яш Түркістан» тек тәуелсіз ұлттық журнал болып қалды.
Журнал редакциясы 1930 жылы ақпан айында Берлин қаласына көшті. Өйткені «Яш Түркістан» журналын шығаруға атсалысқан жастар негізінен осы Алманияда топтасқан еді. Журналға жазу, мақала ұйымдастыру негізінен Тахир Шағатай мен Абдулуахаб Оқтайдың жауапкершілігінде еді. Ибраһим Арифхан (Иаркын), Ахмет Найым Өктем, Салих Еркинкол, Тевеккүл Абдуллаһзаде Бабур сияқты түркістандықтар да түрлі мақалалар жазып, белсене араласып тұрды. Олар тақырыптарға орай материалдар дайындап, мақала жазу, оқырман сұрақтарына жауап беру және журналдың таралуы сияқты басылымға қатысты барлық ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласты, сондықтан «Яш Түркістанның» Берлинде жарық көруі әлдеқайда қолайлы болды. Парижде жалғыз жүрген Шоқайдың мұның бәріне үлгере қоюы, әрине қиын еді. Оның үстіне «Прометей» ұйымының белсенді мүшесі ретінде түрлі елдерде өтіп жатқан ірі конференциялар мен басқосуларға, келіссөздер мен мәжілістерге қатысып, іргелі іс-шаралардың бел ортасында жүретін оның «Яш Түркістанның» әрбір саны мен ондағы мақалаларға көңіл аударып отыруға уақыты жетпейтін еді. Сондықтан аты айтып тұрғандай, журнал түркістандық жастардың басылымына айналды.
«Яш Түркістан» 1929 жылы шыққан алғашқы санынан бастап әдебиет айдарын ашып, өлең-жырлар жариялай бастады. Мәселен, журналдың алғашқы беташар санында Мағжанның «Түркістан» атты әйгілі өлеңі мен Шолпанның «Жапырақтар» атты өлеңі жарияланды. Осы орайда айта кетерлік жайт, Мағжан – эмиграциядағы түркістандықтардың ең сүйікті ақыны еді. Сондықтан журналдың 3-4 санында Мағжанның «Алыстағы бауырыма» атты өлеңі жарияланды. Түркиядағы ұлт-азаттық күресіне арналып жазылған бұл өлең, Мұстафа Шоқайдың алғысөз іспетті кіріспе сөзімен бірге жарық көрді. Алғысөзді «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деп бастаған Мұстафа Мағжанның өлеңдерін түрікшілдік үшін ең құнды және ең пайдалы шығарма деп атап көрсетті. Мағжанмен бірге Түркістанның тұтастығын жырлаған ақындарға кең орын берген журнал беттерінде Шолпан, Фитрат, Елбек сынды ақындардың өлеңдері жарық көрді. Абайды «Түркістанның ең ұлы ақыны» деп атаған журнал, Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне де жоғары баға берді. Осындай ұстанымда болған Мұстафа Шоқай 1931 жылы журнал бетінде жарық көрген «Ақ-қызыл» атты мақаласында: «Ахмет Байтұрсынұлы мен Шолпан – ұлттық әдебиетіміздің ұлы тұлғалары. Олардың шығармаларынан біз қысым көрген тіліміз бен мәдениетіміздің өлмес, өшпес өміршең қуатын көреміз. Қазір Ахмет пен Шолпандар қайда жүр? Олар неге қуғын-сүргінге ұшырайды? Орыс әдебиеті мен рухани мәдениетіне қатысты дүниелердің бәрі Пушкин, Тургенев, Толстойсыз шығарылмайды. Ал біздің халқымыз өзінің Байтұрсыны мен Шолпанын неге оқи алмай отыр?» деп ашына жазды. Шоқай шовинизм мен шалағай саясатты, сыңаржақ идеология мен соның сойыл соғары – советтік реализмді жеріне жеткізе сынады. Сондықтан ол «Ұлттық арамшөптер жарияланымы» атты мақаласында: «большевиктердің пайымдаулары нағыз өмірдің өз көрінісінен туындамайды, «таптық сұраныстардан» тұрады. Ендеше, мұндай пайымдауларға негізделіп жасалған шығармалар да өмір шындығын толық көрсете алмайтыны өз-өзінен түсінікті болса керек» деп жазды. Ұлтқа ұйытқы болар саяси жетекші ғана емес, көреген көсем де бола білген Мұстафаның пайымдауынша нағыз әдебиет еркіндік, тәуелсіздік тұсында туады. Еркіндік болмай нағыз әдебиетті жасау мүмкін емес. Бұған мысал ретінде Шоқай орыс әдебиетін алға тартады: «Мәселен, бай әдебиет саналатын орыс әдебиетін алсақ, ол большевиктерден бұрынғы дәуірде жасалған. Орыстың патшалық жүйесі зұлым жүйе болғанына қарамастан, жазушылардың қаламында еркіндік бар еді. Орыстың ең үздік жазушыларының бірінен саналатын Максим Горький өзінің әлемге танылған шығармаларын патшалық заманда жазды. Ал кеңес заманында Горький большевик бола жүріп, бірде-бір елеулі шығарма жазған емес. Неліктен? Себебі бұл большевик жазушының зердесі пролетариат диктатурасы уымен уланған ортада гүлдеп, көркейе алмай отыр». Мұстафа Шоқайдың пікірінше, әдебиет аяққа қарай тігілетін етік емес. Әдеби шығармалар адам баласының ең ізгі көзқарастарынан туындайды. Сол үшін ол сырттан келетін қарсылықтарға төзе алмайды.
Әрине саяси бағыттағы басылым болғандықтан «Яш Түркістан» беттерінде негізінен саяси-әлеуметтік сын мақалалар жарияланды. Сонымен қатар журналда тек түркістандықтардың емес, тәуелсіздік жолында күресіп жатқан Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Еділ-Орал, Қырым, Грузия, Украина халықтары туралы да қоғамдық саяси тақырыптарда мақалалар жарияланды. Басылым «олардың жеңістері бәрінің жеңісі, олардың қайғысы бәрінің қайғысы екенін» үнемі еске салып отырды. Бұл байланыстар тек «Яш Түркістан» бағандарымен шектеліп қалмады. Кавказ және Әзербайжан Ұлттық майданымен тығыз байланыста болған Шоқай, жыл сайын мамыр айында Кавказ және Әзербайжан туралы мақалалар жариялап тұрды. Әзербайжандық саяси мұғажырлар Ыстанбұлда шығаратын «Одлу Юрд» журналының алғашқы санында «Түркістан мәселесі» деген мақаласы жарияланған Шоқай 1933 жылы Кавказ мейрамында жан тебірентер сөз сөйледі. Әзербайжанның тәуелсіздік күніне байланысты 28 мамырда Парижде өткен жиналыста сөйлеген Мұстафа «Каспий теңізінің түркістандықтар мен әзербайжандықтарды бөлмейтінін, керісінше біріктіретінін, себебі судың ең тиімді тасымал жолы екенін» баса айтады. Ол сол күнгі «Яш Түркістан» беттерінде жарияланған мақалада: «Біз, негізінде, үлкен күшке иеміз. Бұл күш – түрік бірлігі, түрік майданы, одағы, яғни тек құр сөз емес, іс бірлігі… Еврейлер: «Варшавада бір еврейдің тісі ауырса, Америкадағы еврейдің жаны сыздайды» дейді. Сол сияқты біз де түріктектес бір ел азап шексе, барша түріктер азап шегеді» деуіміз қажет… Біз аса қиын жағдайда өмір сүріп отырмыз. Қазіргі жағдай біздің өз күштерімізді біріктіруге мүмкіндік бермеуде. Менің мынадай ұсынысым бар: «Біздер – әзербайжандар, еділ-оралдықтар, қырымдық және түркістандықтар – тек көз қылу үшін ғана емес, өз іс-әрекеттеріміздің дұрыс немесе бұрыс екендігін анықтау үшін де кеңес түрінде жылына бір рет бас қосып тұруымыз қажет. Бас қосуға ең қолайлы күн Әзербайжанның тәуелсіздік күні – 28 мамыр болуы мүмкін», деп жазды.
Мұстафа Шоқай Берлинде жарық көрген «Милли Иул» және Варшавада шыққан «Шимали Кавказия» журналында түрлі мақалалар жариялап, Анкарадағы «Түрік Юрды» мен Көстенжедегі «Эмел» журналдарымен де хат алысып тұрды. Бұл ретте оның іс-әрекеті мен жазған мақалалары тек түрік халықтарымен ғана шектеліп қалмайтын. Барынша кең тараған «Яш Түркістанға» жазылуға өтініштер Тянь-Шаньнан, Шанхайдан, Мукденден, Үндістаннан, Жапониядан, Хельсинкиден, т.б. келетін. Әсіресе Үндістанда үлкен қызығушылық тудырған «Яш Түркістанның» 20 және 21 сандары толығымен урду тіліне аударылып басылды. Бәлкім осының да әсері болар, Шоқай мұсылман әлемінде танымал тұлғаға айналды. Сондықтан ол Иерусалимде өткізілуі жоспарланған Ислам конференциясына Түркістанның атынан делагат ретінде қатысуға шақыру алды.
Большевизмге қарсы ортақ күресте тағдырлас славян азаттық күштерінің құрылып ұйымдасуына да Мұстафа Шоқайдың көп еңбегі сіңгені белгілі. Сондықтан да осы топтардың сый-құрметіне бөленген Мұстафа Шоқай «Яш Түркістанның» 29-санында жарық көрген «Жепхемізді бірлестірейік» деп аталатын мақаласында бұдан бұрын жасаған үндеуін қайталады: «Кавказ, Украина, Түркістан, Еділ-Орал, Қырым және азаттық күрес жолындағы казачилер – бәріміз ұлттық күштерімізді біріктіріп, өз одағымыз бен орталығымызды құруымыз керек. Бұл орталық, әрбір жеке ұлттық ұйым өз азаттығын қорғаған жағдайда мейлі ол большевик болсын, мейлі ұлттық сипатта болсын, империализмге қарсы күресте біздің ұлт-азаттық бірлігімізді білдіруі қажет».
Артынша-ақ «эмиграция баспасөзі» бұл мақаланы қолдайтын мақалалар жариялай бастады. «Яна Милли Юул» журналы 4-санында, «Истиқлал» 9-санында, «Иені Тұран» 5-санында және «Вольные Казачества» 105-санында жауап жазды. Шоқайдың осыған ұқсас ұйытқылары нәтижесінде шетелдегі түрік халықтары мен озбырлық көрген оқшау ұлттар өз араларындағы мәдени және саяси байланыстарын нығайтып, коммунизм және фашизмге қарсы басқа да саяси топтармен өзара ынтымақтастығын арттыра түсті. Осылайша грузин, украин және казачество белсенді түрде атсалысқан «Прометей» тобы жаңа сипат алды. Осы уақыт аралығында Шоқай Түркістан ұғымын әлемдік саясат сахнасында іргелі мемлекет деңгейіне көтере білді. Сол арқылы бұған дейін Еуропаның саяси ортасына беймәлім болып келген Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы үлкен маңызға ие болды.
«Иені Түркістан» мен «Яш Түркістан» басылымдарымен қатар Еуропа баспасөзінде белсенді түрде мақалалар жариялаған Мұстафа Шоқай жалпы Кеңестік Ресей туралы беймәлім жайттарды баяндайтын мақалаларын орыс баспасөзінде, тәуелсіздік туралы мақалаларын француз баспасөзінде жариялады. Ол сонымен қатар Еуропаның түрлі басылымдарында ағылшын, француз, неміс, поляк тілдерінде жарық көрген мақалаларын да оқырмандардың сұранысы бойынша эмигранттардың ортақ тілі – орысшаға аударып, қайтадан жариялап отырды. Мысалы, «Прометей» журналында жарияланып, жалпы жұртшылықтың назарын аударған «Түркістанда халықаралық қатынас мәселесі» атты мақаласы көптің сұранысы бойынша француз тілінен орысшаға аударылып, кавказдық эмигранттардың саяси басылымы «Горцы Кавказа» журналында қайта басылды. Аталған еңбегінде Кеңес өкіметінің Түркістанда жүргізіп отырған саясатын жан-жақты талдай келіп: «Кеңес өкіметі он екінші жылына аяқ басты. ...Шетелдерден келгендерге ұлтаралық туыстықтың салтанат құрғаны жайында түрлі аңыз айтылады. Қысқасы, олардың айтуынша, Ресейді мекен еткен азшылық ұлттар бұл дүниедегі пейіште өмір сүреді екен. Алайда осы пейіш-өмірдің қаншалықты тозақ екенін және мұнда большевиктердің жазалаушы-құбыжық, жергілікті халықтың да азап шеккен күнәһарлар рөлін сомдап жүргенін көру үшін кеңестік газеттерге бір көз жүгіртіп шығудың өзі жеткілікті. Біздің қолымызда Түркістандағы түрлі ұлт арасындағы қарым-қатынасты айғақтайтын жеткілікті мәлімет бар. Біз олардың ішінде тек кеңестік ресми деректерге ғана тоқталамыз. Өйткені большевиктердің өз-өздеріне жала жаппайтындарына сенімдіміз», деп жазған Мұстафа Шоқай, бұл мақаласында да кеңестік, соның ішінде, әсіресе «За партию» және «Правда востока» сияқты ресми басылымдарға сілтеме жасады.
Мұстафа Шоқай дәйек-деректерді белсенді большевик жазушылардың кітаптарынан, сонымен қатар көбінесе режімнің Түркістанда жарияланатын ресми «Казахстанская правда», «Еңбекші қазақ», «Қазақ әдебиеті», «Ақ жол», «Қызыл Өзбекстан», «Жаңа Ферғана», «Азат Бұхара», «Бұхара пролетариаты», «Шарқ хакикаты», «Шуралар Түрікменстаны», «Туркменская искра», «Туркменстан», «Қызыл Юлдуз», «Аваз-ы Тажик», «Рехбер-и Даниш», «Куртулуш», «Правда Востока», «За партию», «Советская степь» сияқты қазақша, өзбекше, түрікменше, тәжікше, ұйғырша және орысша басылымдарынан пайдаланатын еді.
Осы арада айрықша тоқталарлық жайт, Мұстафа Шоқайдың тұжырым-пікірлерін нақты дәлелдерге сүйеніп, ресми құжаттар арқылы беруінде еді. Пьер Ренсдель атап көрсеткендей, Шоқай тәсілді оңтайлы, ұрымтал әрі өте нақты қолданды. Ол кеңестік режімнің кесірінен жүз мыңдаған түркістандықтың құрбан болып, қырылғаны және ол жерде сауатсыздықтың қаншалықты бел алғаны туралы дәлелдерді, сондай-ақ марксизм-ленинизм жеңісінің құр дабыра сөз бен көзбояушылықтан басқа ештеңе емес екенін большевиктік кітаптар мен басылымдардың мәтіндерінен алып, қорытынды жасады. Сондықтан Шоқай шығарған «Яш Түркістан» большевиктер билеген Түркістандағы солақай саясатты әшкерелеген, Сталиндік репрессия – қанды қырғында қыршынынан қиылған Алаш арыстарының аманаты мен ақиқатын халықаралық қауымдастыққа жеткізген бірден-бір мінбер бола білді.
Тәуелсіздік жылдарында Мұстафа Шоқайдың негізгі еңбектері, мазмұнды мақалалары мен жазбалары қазақ тіліне аударылып, оқырман қолына тиді. Ол туралы біршама зерттеу еңбектері де жарық көрді. Осы орайда он жыл бойы Еуропада үзбей шығып келген «Яш Түркістан» журналының әрбір санын бүгінгі қазақ тіліне ыңғайлап, қайта басып шығарса – үлкен қызмет болар еді. Өйткені Мұстафа Шоқайдың басшылығымен шыққандықтан, журналда жарық көрген әрбір материал, мақала оның қарауынан өткен, яки тапсырмасымен жазылған дүние екені белгілі. Оның үстіне бұл басылым бетінде кеңестік кезеңнің 1929-1939 жылдардағы қанды қасап солақай саясатының боямасыз шындығын көруге болады.
Шетелде қиын жағдайда өмір сүре жүріп Мұстафа Шоқай мұның бәріне қай уақытта және қалай үлгерді? Біздің ойымызша, мұның бір ғана жауабы болса керек. Ол – Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі идеясы! Бұғаулық қамытын киген елінің тағдыры еске түскенде ол тыным тауып, тыныш ұйықтай алмады. Достары кейде біраз демалу керектігін ескерте қалса: «Демалу үшін алдымызда әлі шексіз өмір бар», деп жұмысын әрі қарай жалғастыра беретін. Оның еңбегі еш кетпеді, өзі дүниеден өткен 1941 жылдың желтоқсанынан тура елу жылдан кейін елі тәуелсіздік алды, ал 130 жылдығы қарсаңында түгел түркінің төрі болған Түркістан қайта түлеп, тамырлас жұрттардың ынтымағы артып, жұдырықтай жұмыла түсті... Рухың шат, жаның жәннатта болсын, тәуелсіз, тұтас Түркістанның темірқазығы!