Пікір • 07 Қаңтар, 2021

Тәуелсіздік тірегі – тіл

725 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мақаласынан исі Алаш баласы қастер тұтар аяулы Азаттықтың, тәу етер қасиетті кие Тәуелсіздіктің асқақ бейнесі айрықша көрінді. Мерейлі мемлекетіміздің бұл ілгері қадамға қалай жеткені көз алдымызда дегенмен, отыз жылдың оңай уақыт емес екені айтпаса да түсінікті. Оны беделді саясаткер, зияткер тұлға ретінде мемлекет басшысы бізден гөрі көбірек сезінеді. Азаттықты алудан гөрі қорғап қалу қашан да қиын.

Тәуелсіздік тірегі – тіл

Аталған мақалада тәуелсіздіктің негізгі тірегі тіл екені ашық айтылды. Ана тілдің айналасына күш біріктірмесек, ынтымақтаспасақ, ымыраласпасақ сырттан көз алартқан көп дұшпан тарпа бас салуы әбден мүмкін. «Еліміздің бас­ты нышандарының бірі – мемле­кеттік тіл. Қазақстанның мемле­кеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңы­мызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық», деді Президент.

 Тек қана тіл емес, тарихымызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді де жаңа ұрпақ көзімен қайта қарап, азат рухтың алтын қаламымен қазақ жүріп өткен жолды қайта таң­балауымыз керек. Көк түріктердің көне дәуірінен тамыр тартатын тереңдегі бай тарихымызды қайта саралауымыз қажет. Біздің шекарамыз – біздің тарихымыз. Осынау отыз жылдың оң қадамдары бізді жаңа белеске шығарды.

Президент мырза сөз басында кино жайлы да бекер айтпағаны белгілі. Себебі бүгінгі ұрпақ көбіне ақпараттар ағынын сол көгілдір экраннан көреді. Ғаламтордың ғаламат күшінің алдында кез келген ұлт қауқарсыз екенін көрсетіп отыр. Әрине, оның оң әсерін игілікке жұмсасақ дұрыс. Кинематография арқылы ұлттық идеологияны қа­лып­тастырумыз керек. Бүгінде әлем­ді аузына қаратып отырған жойыт­тар әлдеқашан өліп қалған иврит тілін тірілтіп алды. Бұл жолда олар ең алдымен жойылып бара жат­қан жойыт трагедиясын кино сала­сында алдыға шығара отырып, үлкен жоспарлы жұмыстарды аса бір қажыт-қайратпен көтеріп шықты.

Құлазып, құлдырайтын кез бұл емес. Том-том тарихымыз бар, бай, құнарлы тіліміз тірі, шеген­делген шекарамыз байтақ. Бұл – Тәңір­дің бізге берген басты сыйы, Тәуел­сіздіктің жемісі. Осы құнды­лықтарды құлдыратпай жұмыла жұмыс істеуміз керек. Біздің кезең тота­литарлық жүйенің таптауында өтті. Ал бүгінгі жас буын ондай озбыр­лықтан ада, санасы еркін ұрпақ. Кемел келешектен үлкен қадам күтеміз.

Мақаладағы мына сұрақтар шынымен бізді қатты ойландырып тастады. Бұл сұрақтар және әр қазақтың жүрек сөзі болуға тиіс. «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда, әрбір саналы аза­матты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте ора­латын, жетістіктеріміз бен кем­ші­лік­терімізді ой елегінен өткізе­тін маңызды мезет».

Міне, келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз деген сөздің астар­ында нендей ауыр жүктің тұрға­нын сезінер кез жетті деп ойлай­мын. Бұл – аманат жүгін арқа­лаған үлкен сөз. Азаттықтың отыз жылдығының алғашқы күндерінде оқыған озық мақалаға ойымызды әлі де қоса жатамыз. Алаш атауын айтудың зор мәні бар.  Ұлт ар­дағы Әлихан Бөкейханның «Қазақ топырағындағы әр асыл тас қазақ­тың өңіріне түйме болып тағылуы керек» деген сипаттағы ұлағатты сөзі бар. Мемлекет басшысының бүгінгі мақаласынан да осы әділет жолын анық сеземіз. «Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді», деді Қ.Тоқаев.

Мақаланың өн бойында Абай рухымен суғарылған ұлттық мүдде андағайлап тұр.

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

Соңғы жаңалықтар