«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президентіміз осы туралы айтты. Жалпы, меніңше, бұл мақаланы аса жауапты кезеңдегі еліміздің негізгі идеологиялық бағыттарын көрсететін құжат деп атауға болады.
Біртұтас ұлт болу оңай емес. Аз емеспіз, көппіз. Түрлі пікір-көзқарастарымыз да бар. Оңтүстік-солтүстік, нағыз-шала, корей-ұйғыр, қазақтілді-орыстілді деген топтарға бөлінбеуміз қажет. Сондықтан бізді біріктіретін мықты ұғымдар болуы керек. Президентіміз олар туралы да айтты.
Біріншіден, ең мықты біріктіруші фактор – тіл. Бір тілде сөйлейтін ұлттың болашағы зор. Жастар көп тіл білсе жаман емес, бірақ бір-біріңді түсіну үшін, қоғамның тынысын терең сезіну үшін бәріміз мемлекеттік тілді білгеніміз жөн. Оның үстіне ортақ менталитет пен рухани құндылықтарды қалыптастыру жолында тіл басты рөлге ие.
Екіншіден, өзінің жері бар ел ғана мемлекет деп аталады. Жер шетелдіктерге сатылмайды деп айтты Президентіміз. Бірақ осы жерді дұрыстап пайдалануымыз керек. Ауыл шаруашылығын дамытып, табиғи ресурстарды қорғап, табиғатымызды құрметтеуміз қажет. Аз еңбек ресурстары бар аймақтарға қандастарымызды шақыру да артық емес.
Үшіншіден, ортақ тарихымыз бар. Балаларға арналған фильмдерді түсіруді, кітаптарды жазуды және қазақ халқының тарихи шежіресін басқа тілдерге аударуды толық қолдаймын. Мыңжылдықтармен өлшенетін тарихымызды насихаттайық.
Төртіншіден, ұлтаралық келісім. Біз 90-жылдардың басында әлеуметтік және ұлтаралық қақтығыстарға жол бермеген халықпыз. Көпэтностықты артықшылыққа айналдыра білдік. Болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істейік.
Бесіншіден, ортақ болашағымыз бар ұлтпыз. Шынымен де шетелдерге оқуға кететін жастарымыз бар. Мен де солардың бірімін. Бірақ оқудан соң елге қайтқан азаматтарымыз аз емес. Шетелде алған біліміміз бен тәжірибемізді мемлекет үшін пайдалануымыз керек. Себебі біз Қазақстанға сенеміз.
«Қазақ руға бөлінбейді, рудан құралады», дейді. Дәл солай. Біз тілге, дінге, этносқа бөлінбейтін ұлт ретінде дамуымыз керек. Олай болса ешқандай да деструктивті сыртқы не ішкі күштер Тәуелсіздігімізге кері әсер етпейді. Осы факторларға мән берсек, мемлекеттілігіміз мәңгі болады. Мен оған кәміл сенемін.
Максим СПОТКАЙ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі