Ведомства басшысы әскери қызметшілердің елеулі еңбегін және ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесін атап өтті.
«29 жыл ішінде кешегі Ішкі әскерлер, бүгінгі Ұлттық ұлан құрылудың күрделі жолын басынан кешіріп, мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығы мен қоғамдық қауіпсіздігінің кепілі бола алды. Ұландық жауынгерлер өз міндеттерін атқару кезінде үнемі батылдық, ержүректілік және жанқиярлық үлгілерін көрсетуде. Бұл олардың әскери міндеттерге деген адалдығының белгісі. Тәуелсіздік алғаннан бері 214 ұландық әскери қызметші мемлекеттік наградалармен марапатталды. 2020 жылы әскерилер полиция қызметкерлерімен бірге төтенше жағдай режимі және карантин шараларын қамтамасыз етуге белсенді тартылды. Әлі күнге дейін карантин жағдайын қамтамасыз ету бойынша қызметтерін жалғастырып келеді. Кәсіби мереке күні Сіздерге, туған-туысқандарыңыз бен жақындарыңызға мықты денсаулық, бақыт, қызметте табыс тілеймін!», - деді құттықтау сөзінде ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев.
Ұлттық ұлан Ардагерлер кеңесінің төрағасы генерал-майор Қалиақпар Тоқышев өз сөзінде Ұлттық ұлан әскерінің жауынгерлік деңгейі тәуелсіздік алған жылдардан бастап жоғары болғанын және әскерге заң аясында жүктелген міндеттерді лайықты және біліктілікпен орындай алатынын айтты.
Мереке күні Ішкі істер министрінің бұйрығымен 50, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен 150 әскери қызметші, 75 ардагер мен ықпалдастық органдарының қызметкерлері марапатталды.
Бүгінде Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерін күзетеді, табиғи апат зардаптарын жою бойынша шараларға қатысады. Сонымен қатар заңда жүктелген басқа да міндеттерді орындау бойынша қызметтер атқарады.