Парламент мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауына келген Мемлекеттік хатшы кезекті саяси науқан еліміздің тәуелсіздік іргетасын бекітуге бағытталған жұмыс екенін жеткізді.
– Бүгін – айрықша, маңызды саяси науқан. Өйткені біздің ең асыл мұратымыз – ел тәуелсіздігін нығайту жолында және өскелең ұрпақтың алдында жауапкершілігіміз бар. Халқымыз осыны жадында ұстай жүріп әрдайым өзінің парасаттылығы мен бірлігін көрсетіп келеді. Сол жауапкершіліктің биігінде боламыз.
Қазір әлемде орын алып отырған жағдайды өздеріңіз білесіздер, қоғамды жік-жікке бөліп, әлеуметтік кикілжіңге жеткізіп жатыр. Мен Қазақстанның азаматы ретінде бұл сайлауда ұлы мақсат жолындағы ұлтымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағын, ең асыл қасиеттерімізді көрсете аламыз деп сенемін, – деді Қ.Елеуұлы.
Айта кетейік, таңғы сағат тоғызда сайлау учаскесінен бой көрсеткенімізде, сайлаушылардың белсенділігі байқалды. Таңертеңгі сағат 7-де ашылған урнадағы біршама жиналып қалған дауыс беру қағаздары осыны көрсетті.