Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап Алматыда жергілікті бюджеттен мемлекеттік білім беру тапсырысы бар жеке балабақшаларда балалардың тамақтану шығындарын субсидиялау жоспарланғанын атап өтті. Субсидия сомасы 18 900 теңгені құрайды.
«Бұл жұмыс жеке сектормен талқыланды. Қазіргі уақытта ҮЕҰ және жеке сектормен келісім бойынша өлшемдер әзірленді. Қабылдау ақпан айының басында басталады. Қаражат өтінімдердің түсуіне байланысты анықталады. Қанша орын анықталса, сонша орынға қаржы бөлінеді», - деді Л.Жылқыбаева.
Қазіргі уақытта 397 жекеменшік балабақшада мемлекеттік білім беру тапсырысы қолданыста. Бұл бір балаға айына 28 мың теңге. Сонымен қатар, тамақтану үшін 18 900 теңге қосымша субсидия тек қосымша орындар үшін берілетіні айтылды. Л. Жылқыбаева атап өткендей, жеке ұйымдардың бағдарламаға қатысуы үшін келесі талаптар талқылануда. Яғни, мектепке дейінгі ұйымның материалдық-техникалық базасының мектепке дейінгі тәрбие саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге міндетті түрде сәйкестігі, яғни санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталуы және де тамақтану және қосымша білім алу үшін ата-ананың ақы төлеу жиынтығы айына 60 мың теңгеден аспауы қажет әрі бұл жағдайда ата-аналардың ұсыныс-пікірлері ескерілетін болады.
АЛМАТЫ