Туризм • 13 Қаңтар, 2021

Экотуризмнің інжу-маржаны

281 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Маңғыстау өңіріне қатысты жаңалықтар жиілеп кеткені белгілі. Бұл бірінші кезекте мұнайлы өлкедегі қордаланған экологиялық проблемалар мен туризм саласындағы шешімін таппаған мәселелерге байланысты. Алайда қазір аталған өңірдің тұмса табиғатын көрем деушілердің қатары артып, экологиялық туризмді дамытуға бағытталған перспективалық жобалар қарастырылуда.

Экотуризмнің інжу-маржаны

 

Таяуда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев маңғыстаулық қоғам белсенділері және жергілікті экологтермен кездескен еді. Кездесу барысында Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Экология департаменті ұжымына, сондай-ақ «Қазгидромет» кәсіпорны мен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және өсімдіктер әлемі инспекциясына экология, та­би­ғатты қорғау мәселелерінде жергілік­ті халықпен байланысты күшейтуге ке­ңес берілді. Салалық департамент ауа сапасын әуеден бақылайтын ұш­қыш­сыз портативті газоанализатор қондырғысын таныстырды. Алдағы уақытта басқа өңірлерде де ластаушы өндіріс орындарын жедел анықтау үшін осындай құралдар пайдаланылады деп көзделіп отыр.

«Дрондар 12 түрлі ластаушы көз­дер­ді онлайн режімде анықтауға қау­қарлы. Жеті шақырым радиуста, үш жарым шақырым биіктікке ұша алады. Бейне, фотофиксация тетіктері қарастырылған. Көбінесе өнеркәсіп кәсіпорындарының аумағында, зауыт­тардың, кен орындарының төңірегінде пайдаланамыз», деді департамент директоры Руслан Төкенов.

Биыл Маңғыстау облысында қор­шаған ортаға зиян келтірген кәсіп­орындарға 2,8 млрд теңге айыппұл салынып, оның 90%-ы өндірілгенін айта кеткен орынды.

Жергілікті экобелсенділер ведом­ство басшысына өңірдегі ерекше қор­ғалатын табиғи аумақтар мен итбалық­тарды қорғауға, сол секілді өндіріс кәсіпорындарындағы шығарындыны азайтуға байланысты ұсыныстарын жеткізді.

«Экология мәселесінде азаматтық белсенділік өте маңызды. Тек бірлесіп, ашық диалог арқылы ғана өзіміз тұра­тын елді мекеннің, қоршаған ортаның ахуалын жақсарта аламыз», деді М.Мырзағалиев.

 

Итбалықтарды қорғау – басты назарда

Жуырда Ақтаудағы Каспий итба­лық­тарын зерттеу және қалпына кел­тіру орталығының ветеринарлары «Қы­зыл кітапқа» енген су сүтқоректіле­рі жарақаттанып, жағаға шығып қал­ғанда көмекке бірінші болып келді. Бұл орталық жергілікті халық және балықшылармен ұдайы жұмыс істеп, ғылыми зерттеулер жүргізеді. Мекеме былтыр «Сәби» қайырымдылық қоры мен «Орталық Азия экологиялық зерттеулер» институтының бастамасымен ашылды. Бүгінде мұнда 1 ғылым кандидаты, 2 ветеринар және 1 инженер қызмет етіп жүр.

«Ғылыми жұмыстарды жетілдіре түсуіміз керек. Жан-жақты зерттеу мен Каспий итбалығының популяциясын сақтау үшін орталықтың ма­териалдық-техникалық базасын жаң­ғырту қажет. Себебі жедел оңалту жүргізуге және уақтылы диагноз қою­ға құрал-жабдықтар, жылжымалы пунк­ттер алу керек», деді орталық мамандары.

Салалық министрлік аталған орта­лыққа көмек көрсетуге дайын екен­дерін жеткізді.

«Өкінішке қарай, Каспий итбалы­ғы қазір жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Соңғы жылдары оның саны
1 млн-нан 100 мыңға дейін төмендеді. Әзірге тұрақты даму траекториясына шыққан жоқ. Сондықтан бірнеше апта бұрын Үкімет шешімімен «Қы­зыл кітапқа» енгізілді. Бүгінде Ресейде­гі әріптестермен бірге министрлік ит­­ба­лықтар проблемасын зерттеу, азаю себептерін анықтау бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатыр. Каспий итбалықтарын зерттеу және қалпына келтіру орталығы толық демеушілер есебінен жұмыс істеуде. Мамандарға алғыс білдіргім келеді. Біз орталыққа керек жабдықтармен қамту бойынша қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Экология министрі.

Орталық ашылғалы бері 4 итба­лық­қа жедел көмек көрсетілді.

«Олар өте әлсіз күйінде түсті. Жа­ра­қаттары, сынған жерлері көп болды. Қан қысымдары жоғары, гипертониялы, вирустық инфекция­сы бар, қан айналымы бұзылған, милары шайқалған итбалықтар еді. Өкінішке қарай, оларды құтқара алмадық. Қыркүйекте бір жасқа толмаған кішкентай итбалық түсті. Оның мой­нына балық аулайтын ау ілініп қал­ған екен. Қажетті ветеринарлық көмек көрсетіп, суға қайта жібердік», деді орталықтың ветеринары Анна Анатольевна.

 

Экотуризмді дамытуға қолайлы өңір

Urban Living консалтингтік компа­ния­сының өкілі, қалалар мен қор­ғалатын табиғи аумақтардағы нысандар құрылысы бойынша архитектура және урбанистика жөніндегі сарапшы Рикардо Марини дұрыс жолға қойылған менеджмент Бозжыраны сақтап қалуға мүмкіндік беретінін түсіндірді.

«Бозжыра – тек жергілікті ха­лық­ты ғана емес, әлем туристерін қы­зық­ты­ратын жаңа орын. Біз көрген тарам-тарам жолдар экожүйені бұзады. Адамдар ойларына келген бағытпен қозғала береді. Бір айналып шыққан­да, пластик бөтелкелер мен шыны құтылар шашылып жатқанын байқадым. Ин­фра­құрылым, коммуникация және ағар­ту жұмыстары табиғи байлықты сақтаудың маңызды элементтері. Сол себепті қонақүйден түскен ре­сурс­тарды осы шатқалды қорғауға, ағар­ту, түсіндіру жұмыстарына жұм­сап, инвесторлар осы сұлулықты тама­шалауға мүмкіндік беретін жобаны қоршаған ортаға жанашырлықпен ұқыпты жүзеге асырса, онда құптауға тұрарлық идея. Адамдар шатқалдың түбіне жаяу, атпен немесе электрлі көлікпен келгені дұрыс. Тіпті жаяу жүрсе де жерді жөнсіз таптамауын қатаң бақылау қажет. Келген туристерге өзін табиғат аясында қалай ұстау қажеттігін, қоқысты жинап кетуі тиіс екенін түсіндіретін нұсқама болса, дұрыс басқарылса, әлемдегі табиғи ескерткіштер секілді Бозжыраны да дамытуға болады», деді Р.Марини.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қа­зақ­стандағы биоалуандылық пен эко­жүйені сақтау жөніндегі жетекшісі Тал­ғат Кертешовтің айтуынша, аумақ­­қа түсетін рекреациялық жүкте­ме­ні есептеп, нормадан асып кетпеуін ба­қы­лап отыру қажет.

«Жобадан бас тарту да жағдайды түпкілікті шешпейді. Дүние жүзінде экологиялық туризм – табиғатқа зиян кел­тірмейтін туризмнің түрі. Тек кү­ніне қанша турист келетінін есепке алу қажет. Қонақүй мүмкін жол бо­йында болуы қажет шығар, бастысы шатқалдан алыс тұрғаны ләзім. Сонымен қоса көру алаңын салып, жаяу жүретін соқпақтарды да реттеу керек», деді Т. Кертешов.

Қазақстандық зоолог Константин Плахов аң-құс пен табиғи ескерткіш­терге зиян келмес үшін нысанды тіптен қашықтан салған дұрыс деген пікірде.

«Үстірт тауы Арал-Каспий энде­мигі (жер шарының шағын аймақ­тарында ғана кездесетін өсімдіктер мен жануарлардың аумағы) саналады. Неге десеңіз, «Қызыл кітаптағы» қа­ра­қал жыртқышы осы Үстіртте ғана кездеседі. Осы жерді ғана мекен ете­тін құстар да бар. Бұл факторды ұмыт­пауымыз керек», деді зоолог.

Инвесторлар өз кезегінде қонақ­үйді ерекше қорғалатын Жабайұшқан қаумалынан тыс аумақтан салуға да­йын екендерін жеткізді.

«Мемлекет басшысының тап­сыр­ма­сына сәйкес инвестор жер­гілікті қоғам өкілдерімен жаңа орынды таңдауға байланысты бірнеше рет Бозжыраға барды. Қонақүйді табиғи қаумал аумағынан тыс жерге салу идеясын қолдаймыз. Қазір қолымызда дайын нұсқа бар, соны ескеріп, әкімдікке ұсыныс жасауға дайынбыз. Инвестор жобаны жүзеге асырғанда қатаң түрде қолданыстағы заңды және экологиялық нормаларды ұстанатынын хабарлайды», деді Sembol Construction компаниясы өкілі.

Жоба дайын болғанда қоғам назарына тағы бір рет ұсынылмақ. Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысының Қа­ра­қия ауданындағы Жабайұшқан мемлекеттік табиғи қаумалында орна­ласқан. Аумағы 316 141 гектарды құ­райтын қаумал облыстық әкімдіктің «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік та­биғи паркіне қарайды.

 

Соңғы жаңалықтар