Экономика • 13 Қаңтар, 2021

Табиғи ресурстарды игеруде ұқыптылық қажет

510 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2020 жылдың соңғы айында Қазақстанда алғаш рет көмірсутегі шикізаты бойынша жер қойнауын пайдалануға құқық беретін онлайн аукцион өтті. Соның нәтижесінде ел қазынасы 61 млрд теңгеге толықты. Ал таяуда ОПЕК+ келісіміне қатысушы елдер министрлерінің отырысында еліміз ақпан және наурыз айларында мұнайды өндіру көлемін тәулігіне 10 және 65 мың баррельге кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздейтін келісімге қол жеткізді.

Табиғи ресурстарды игеруде ұқыптылық қажет

Осы орайда аукционға қойылатын жер меншікке берілмейтінін, тек жер қойнауын игеру құқығы бойынша пай­даланылатынын атап өткен орынды. Ол «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» Кодекспен реттеліп, учаскелердегі кез келген техно­логиялық процестер Энергетика министрлігі жанындағы Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссияда (БИОК) қаралады.

Бұл ретте Қазақстандағы мұнай және газ кен орындарын игеру мен барлау әдіс­терін салалық министрліктің жанын­дағы орталық комиссия бекітетінін еске сала кетейік. Былтыр комиссия құра­мы 22 адам­нан 33 адамға көбейіп, оның құ­ра­мына «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының, заңды тұлғалар бір­лес­­тіктерінің өкілдері, сондай-ақ көмір­су­тегі саласында тәжірибесі мол білікті ма­мандар кірді. Бұған қоса тәуелсіз са­рап­шылар саны 1-ден 3 адамға дейін өсті.

Жер қойнауын пайдаланушы мен тәуелсіз сарапшы арасындағы байланысты болдырмау үшін тәуелсіз сараптаманы ұйымдастыру қызметі былтыр қаңтардан бастап «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-қа жүктелді. Осы арқылы ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және кен орындарын барлау мен игеру жобаларын таңдауды айқын және ашық ету көзделіп отыр.

«Биыл Барлау және игеру жөніндегі орталық комиссия жақсы жұмыс істеп, бірқатар жобаны қарады, олардың кей­бірінен бас тартуға тура келді. Біз инвес­тиция тартуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды әрқашан қолдаймыз. Бірақ жер қойнауын игеруде «Бізден кейін күл болмаса, бүл болсын» қағидаты бойынша емес, ұтымды жолмен жүргізілгенін қалаймыз. Жер қойнауы Қазақстанның меншігі, кез келген адам оған ұқыпты қарауы тиіс», деді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

1

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы алғанда, аукциондарда жеті учаскеге барлау және өндіру құқығы берілді. Бастапқы баға 263 млн теңгені құрап, нәтижесінде ол 230 есе артып, 61 млрд теңгеге дейін өсті. Ең ұзақ сауда-саттық – Забурунье және Сарайшық учаскелері бойынша өткізілді. Нәтижесінде Забурунье учаскесінде барлау және өндіру құқығы 16,3 млрд теңгеге бағаланса, Сарайшық бойынша аукцион құны 43 млрд теңгеге жетті.

Онлайн аукцион қызметі былтыр 1 қыркүйекте Мемлекеттік мүлік тізі­лі­мінің www.gosreestr.kz порталында іске қосылып, оның әзірлеушісі «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ саналады. Сарапшылар жаңа тетік нарықты ашық, сондай-ақ бизнес пен мемлекет үшін шығындарды айтарлықтай азайтады деп болжайды. Бүгінде 82 учаскені қамтитын интерактивті карта барлығына қолжетімді. Аукционға қатысуға әлеуетті инвестор онлайн режімде өтініш берген соң ғана кен орнын барлау және игеру құқығына байланысты байқауға шығару процесі басталады.

Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, былтыр дизель отыны мен авиакеросин өндірісі жоспарлы түрде қысқартылып, битум өндірісі ұлғайды. 984 мың тонна битум өндіру жоспарланып, бұл меже артығымен орындалды. Пандемия кезінде жол құрылысы қарқын алып, нәтижесінде 1 млн тоннадан аса битум шығарылды.

Құзырлы органның мәліметі бо­йынша, 2020 жылы 90 млн тонна мұнай өндіру жоспарланған еді. Алайда індет салдарынан бұл көрсеткіш 85 млн тоннаға дейін төмендеді. Сол секіл­ді бұған әлемдегі экономикалық белсенділіктің төмендеп, мұнай мен мұнай өнімдеріне сұраныстың азайғаны да әсерін тигізді. Сәйкесінше, мұнай өңдеу көрсеткіші 17 млн баррельден 16 млн-ға дейін төмендеді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының машина жасау саласын дамыту жөнін­де­гі т­апсырмасына сәйкес, Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың ха­лық­аралық орталығын құру туралы ке­лі­­сімге қол қойылды. Оның мақсаты – жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар мен сервистік орталықтар ашып, инвес­тициялық қызметті қолдау арқылы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы тауарлар өндірісін оқшауландыру. Бұл бастама отандық тауар өндірушілерге қосымша қолдау көрсетіп, мұнай-газ жобаларының операторлары өткізетін сатып алуларға барынша қатысуларына ықпал етпек. Аталған орталықты құру кезінде Shell және Eni компанияларының жұмыс тәжірибесі ескеріледі.

Бұдан бөлек жауапты министрлік биылғы 1-тоқсанда сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы қазіргі қолданыстағы деңгейінде қалатынын хабарлады. «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңға сәйкес, ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жос­пары аясында электронды сауда алаң­да­ры­нан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасы мемлекеттік реттеу арқылы жүзеге асырылады. Тиісті ведомство шекті бағаны Ұлттық экономика министрлігімен келісіп, тоқсан сайын бекітетінін айта кету керек. Соған сәйкес, Энергетика министрінің бұйрығымен 2021 жылдың 1 тоқсанына арналған шекті көтерме баға бекітіліп, ол 2020 жылдың төртінші тоқсанындағы секілді – 38 701,67 теңге (ҚҚС есепке алмағанда) болды.

Қазақстан жаңғырмалы энергетиканы дамытуға мүдделі. Қазір жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға елеулі инвес­тиция салынып келеді. Электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінде ЖЭК үлесін ұлғайту жөніндегі нысаналы индикаторлар оның үлесін 2020 жылы 3%-ға, 2025 жылы 6%-ға және 2030 жылға қарай 10%-ға жеткізуді көздейді. 2050 жыл­ға қарай жалпы энергия тұтынудың кем дегенде жартысы жаңғырмалы және балама энергия көздеріне тиесілі бо­луға тиіс. Осы индикаторларға қол жеткізу үшін тиісті заң жобасында ЖЭК жобалары алдындағы төлем­дер­ге қатысты міндеттемелер орын­дал­маған жағдайда (ҚЕАО-ның кредит қабілеттілігін арттыру мақсатында) Үкімет тарапынан Қаржы-есеп айырысу орталығына қаржылық қолдау көрсету қарастырылған. Бұл норма инвесторлардың тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беріп, сәйкесінше ЖЭК нысандары өндіретін электр энергиясына аукционды сауда-саттықтағы бағаны төмендетеді. Сонымен қоса осы норманы енгізу Қазақстандағы ЖЭК секторының инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, электр энергиясын сатып алуға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімін қазіргі 15 жылдан 20 жылға дейін ұлғайту ұсынылды. Осы тетік болашақ инвесторлар үшін ЖЭК нарығының тартымдылығын арттыру мақсатында қажет және аукционды бағалардың төмендеуіне әкеледі. Қолданыстағы «Электр энергетикасы туралы» заңға сәйкес энергия өндіруші ұйымдар – су электр стансалары суды табиғатты қорғау мақсатында жіберу кезеңінде өндірілетін электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықта сатуға міндетті. Жүйелік оператордың деректері бойынша электр энергиясын өндіру – тұтынудың жыл сайынғы нақты теңгерімінің көлемі орта есеппен 300 млн кВт сағатты құрайды.

 

Соңғы жаңалықтар