Экономика • 14 Қаңтар, 2021

Электронды сауда экспорттаушылардың әлеуетін арттырды

246 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне сәйкес былтыр Alibaba.com халықаралық интернет платформасына «Алтын тасымалдаушы» (Gold Supplier – компанияның Alibaba.com каталогінің ақылы мүшелігіне кіру) ретінде қосымша 50 компания таңдалды. Қазір бұл сауда алаңында 4 мыңнан астам қазақстандық тауар орналастырылған. Жауапты ведомство интернет-сауда желілерінде отандық тауар өндірушілерді сүйемелдеу бойынша толық қызмет спектрін ұсынып келеді.

Электронды сауда экспорттаушылардың әлеуетін арттырды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»  

Қазақстандық тауарға сұраныс ұлғайды

Бүгінде 7 млрд 300 млн-нан астам тең­геге немесе 17 млн 400 мыңнан аса доллар көлеміндегі өнімді сатуға келісім жасалды. 500-ден астам тауар бойынша қазақстандық компанияларға сұраныс түсіп, оның көпшілігі Қытай, Германия, Марокко, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғызстан және Украина сынды елдерден келген. Alibaba алаңында отандық компаниялардың көбеюі аталған платформада қазақстандық павильонды құруға мүмкіндік береді.

2019 жылы Сауда және интеграция министрлігі мен Wildberries интернет дүкені арасында электронды коммерцияны дамыту, сондай-ақ қазақстандық экспорттаушылардың сыртқы экономи­калық қызметі мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы шекті келісімге қол қойылды. Бүгінде аталған платформада 21 қазақстандық компанияның 594 тауар түрі ұсынылған.

Биыл қаңтардан бастап, азаматтар Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы өтініш беру мүмкіндігін алды. Бұл платформа штаттық режімде іске қосылып, кез келген адам ұялы телефон немесе компьютер арқылы e-tutynushy.kz сайтында заң бұзушылық жөнінде шағымдана алады. Alser, Lamoda, «Маг­нум» және «Анвар» секілді сауда нүк­телері жобаның сынақ режіміне қатысуға келісіп, жүйеге тіркелді. Сондай-ақ тұты­ну­шылардың қоғамдық бірлестіктері осы жобаның толыққанды қатысушылары саналады.

Уәкілетті органға хабарласпас бұрын тұтынушы мәселені тікелей сатушымен шешіп алуға тырысуы тиіс. Егер де сатушы 10 күн ішінде шағымға жауап бермесе, ол Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жолданады.

 

Ақпараттық жүйенің артықшылығы байқалуда

Бірыңғай жүйе – бұл тұтынушылар мен қызмет көрсетушілерге, сол се­кілді үкіметтік емес ұйымдар және мем­лекеттік органдарға арналған платформа. Демек, бұл өтініштерді беру мен оны бақылаудың бірыңғай терезесі. Бұл тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау саласында азаматтарды барынша қамтуға және мемлекеттік органдармен бірге бизнеспен қарым-қатынас рәсімін жеңілдетуге септеседі.

Алдағы уақытта сауда субъектілеріне QR-code түрінде бірегей сәйкестендіргіш беріліп, сауда орындарының көрнекі жерлерінде орналастырылады. Айта­лық, дүкеннің алдыңғы есігінде немесе тауарды сату орнында тұру мүмкін. Егер сатып алушы өзінің құқықтары бұзыл­ды деп есептесе, QR-code сканерлеу ар­қылы жүйеге кіріп, тиісті ұйымға (биз­нес, тұтынушылардың қоғамдық бірлес­тіктері, мемлекеттік органдар) шағым жолдау мүмкіндігін алады. Мемлекеттік органға жіберілген жағдайда цифрлы жүйе бұл шағымды қай органға жолдау қажеттігін автоматты түрде анықтайды. Нәтижесінде тұтынушы өтініштің қайда жолданатыны, оны кімнің қарайтыны, сондай-ақ оның қорытынды шешімін біледі.

«Сатушы да оған шағым түскенін кө­реді. Бұл даулы мәселені бірінші кезеңде сыртқы тараптардың қатысуынсыз рет­­теуге мүмкіндік беріп, бұл бизнесмен­дер мен тұтынушыларға әлдеқайда тиімді болады. Кәсіпкерлерге бұл тауар­­­лар мен клиенттерге қызмет көр­сету сапасын арттыруға ықпал етеді. Ша­­­ғымдарды жинау мен өңдеудің мұн­­­дай бірыңғай жүйесі мемлекетке елі­­­міздегі тұтынушылық өті­ніш­тер­дің бар­лық түріне ауқымды тал­дау жа­­сау­ға жол ашады. Тиісінше, бұл тұ­ты­­­­ну­шылардың құқықтарын қор­ғау жүйе­сін жаңғыртуға және тұтыну­шы­лар­дың заң сауаттылығын арттыруға кө­мектеседі», деді министрлік өкілдері.

Былтыр қыркүйек айынан бастап, комитетке Wildberries интернет-дүкенінен жалпы сомасы 7,2 млн теңге қаражаттың қайтарылмағанына қатысты 194 шағым түскен. 179 тұтынушыға жалпы сомасы 6,8 млн теңге қаражат қайтарылды. Бү­гінде жағдай тұрақталып, ақшаны қай­тару мәселесі шешіліп жатыр. 15 тұты­нушы бойынша (сомасы 369 мың теңге) тиісті жұмыс жалғасуда.

 

 

Пандемияның саудаға әсері

Әлемде пандемияға жауап ретінде әлеуметтік оқшаулану, локдаун және қашықтан жұмыс істеуге көшу сынды қадамдар онлайн сауданың айтарлықтай өсуіне әкеліп, B2C және B2B арналары арқылы сатылымды арттырды.

«Қазпошта» АҚ деректеріне сүйен­сек, былтыр 10 айда электронды сауда нарығының көлемі 879 млрд теңгеге жетті. Бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4%-ын құрайды (2019 жылғы 10 айда электронды сауда нарығының көлемі 700 млрд теңгені құраған еді).

Карантин кезінде онлайн сауда мен төлем операцияларының саны ұлғайғаны байқалды. Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2020 жылдың 1 мамырдағы жағ­дай бойынша еліміздегі қолма-қол ақшасыз операциялардың көлемі 2,5 есеге көбейіп, шамамен 7,5 трлн тең­гені құрады (2019 жылы – 2,8 трлн теңге). Бұған қоса қолма-қол ақшасыз төлемдердің дамуына Pos терминалдар инфрақұрылымының жолға қойылуы, Apple Pay және Samsung Pay жүйелерінің Қазақстан нарықтарына шығуы, сол секілді банктердің клиенттерді бонустар мен кэшбэктер арқылы ынталандыруы айтарлықтай әсер етті.

Сонымен қатар жаңа ойыншылар қосылып, өнімдерді және қашықтан оқыту қызметтерін жеткізумен айналысатын интернет-дүкендердің позициялары күшейе түсті. Локдаун кезеңінде тұтынушылар онлайн-сауда мен тасымалдау қызметтерінің артықшылықта­рын бағалап, инфекцияның өршуі ны­сан­дардың жабылуына әкелетінін түсін­ді. Бұл ретте дәстүрлі сауда компания­ла­рына онлайн бағытты қолға алудан басқа амалы қалмайды. Нарыққа жаңа қатысушылардың қосылуы оны түрлен­діріп, тұтынушыларға таңдау мүмкіндігін беретіні сөзсіз.

Коронавирус пандемиясы интернет сауданың және B2C арналары арқы­лы сатылымның ұлғаюына әкелді. «Қаз­пошта» АҚ деректері бойынша былтыр 10 айда қазақстандық интернет алаң­дарында 24,4 млн сәлемдеменің сатып алу көлемі 756,4 млрд теңгені, сондай-ақ халықаралық интернет платформаларда 123,0 млрд теңгеге 9,5 млн сәлемдеме саудаланды.