Қоғам • 15 Қаңтар, 2021

«Қазгеологияның» сервистік үлесі 4 пайыздан аспайды

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда «Egemen Qazaqstan» газетінің 5 қаңтардағы санында «Геологиядағы сергелдең» тақырыбында мақала жарияланып, онда отандық геология сала­сындағы өзекті мәселелер қаузалған еді. Атап айтқанда, еліміздегі геоло­гиялық ұйымдар Жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеуді орын­дауда тең жағдайлардың сақталмайтындығын айтып, «Қазгеология» ҰГБК» АҚ уәкілетті органның қолдауымен мемлекеттік тапсырыс­ты иеленетінін жеткізді. Осыған байланысты «Қазгеология» мекемесі редакция­мызға хат жолдап, аталған мәселеге қатысты өз ұстанымдарын білдірді.

«Қазгеологияның» сервистік үлесі 4 пайыздан аспайды

 

Сервистік сүйемелдеудегі үлесі 4%-дан аспайды

«Мақаламен мұқият та­нысқан «Қазгеология» ұлттық геологиялық барлау ком­паниясы» ак­ционерлік қоғамы өз дәлелдерін ұсын­ғысы келеді. Бәсекелестікті шектеуге қатысты айтар болсақ, 2016-2020 жылдар аралығында мемлекет тарапынан Жер қой­науына мемлекеттік гео­логиялық зерттеуге 46 млрд теңге қаражат бөлініп, бұл қар­жыландырудағы «Қаз­геологияның» үлесі орта есеппен 7%-ды құ­ра­ды. Демек, мақаланың жоғары бөлігінде келті­рілген мәлімет бұған сәй­кес келмейді. Бұл ретте ӨГҰҚ-ның (Өндіріс­тік геологиялық ұйым­д­ар қауым­дастығы) құ­рамын­дағы жекеменшік компания­лар іске асыратын қосалқы мердігерлік жұмыстардың үлесі орта есеппен 33%-ды құ­рай­тынын айта кеткен орынды.

«Қазгеология» бірлес­кен кәсіпорын­дармен (бұл компанияларда акционерлік қоғамның үлесі 25% құ­райды) бірге 2016-2020 жыл­­дар аралығында 26 млрд тең­­геден астам ин­вести­цияны барлау жұмыс­тарына тартып, сервис­тік сүйемелдеудегі «Қазгео­логия­ның» үле­сі 4%-дан асқан жоқ. Қал­ған барлық жұмысты бас­қа сервистік компания­лар атқарды. Яғни «Қаз­геология» алған мем­ле­кеттік тапсырыс азды-кем 4 млрд теңгеден асады. Ал геологиялық барлауға тартылған инвестицияның көлемі 26 млрд теңгеден артты (2024 жылға дейін 50 млрд теңгеден артық қаражат тарту жоспарлануда). Демек, жер қойнауын игеру жобаларындағы «Қазгеология» ҰГБК» АҚ-тың капиталы (бірлескен кәсіпорындардағы 25% үлесті есепке алғанда) – 6,5 млрд теңге. Бұл «Қазгеологияның» сервис­тік компания емес екенін көрсетеді», делінген ком­панияның редакцияға берген жауабында.

Аталған хаттағы дерекке сүйенсек, ұлттық компания Қазақстанның және алыс-жақын шетелдік түрлі ұйымдармен 26 бірлескен кәсіпорын құрып, жер қой­науын игеруге байланыс­ты 36 келісімшарт аясында міндеттемелер орындалуда. Тағы бірнеше келі­сімшарт бойынша қол қою көзделуде және қол­даныстағы жобалардың қаржыландырылуы еселенбек. Бұл акционерлік қоғамның табысының ұл­ғаюына, демек мем­ле­кеттің де үлесінің артатынын аң­­ғартса керек. Өйткені «Қазгеология» мемлекеттің мүд­десін қорғауға құрылған ұйым деп көрсетілген ком­панияның хатында. Кә­сіпорынның ақпаратына сәйкес, нарыққа қатысу ар­қылы компания бюджетке 3 млрд теңгеден астам салық төлеген.

«Қазгеология» Мине­ралды ресурстар дерек­терінің ұлттық банкі ақпа­раттық жүйесі (МРДҰБ АЖ) жобасын жүзеге асыруда. Ол жер қойнауын пайдаланушыларға бір терезе қағидасына сәйкес, он­лайн режімде жер қой­науын игеру жөніндегі опе­ра­цияларға байланыс­ты (инвестициялар сомасы 2,8 млрд теңге) барлық қыз­метті алуға мүмкіндік бе­реді», деп жазылған хатта.

Редакцияға жолданған хатта еліміздің ұлттық гео­логиялық барлау ком­па­ниясы ресейлік «Росгео­логия» АҚ-қа қа­тыс­ты да түсінік бере ке­тіпті. Ал негізінде, біз­дің мақа­лада Ресейдің квази­мем­лекеттік ұйымы мен Қа­зақстанның экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігі ара­сындағы геологиялық барлау саласындағы әрі­птестік мәселесі қаузалған еді. Соған орай, бұл мәселеге салалық министрліктің Гео­логия комитеті пікір біл­дір­­гені жөн еді. Дегенмен, «Қазгеология» ҰГБК» АҚ хатындағы пікірді де ұсын­ғанды құп көрдік. 

«Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Ресей Федера­циясымен құрлықтағы ше­­карасының ұзындығы 7598 шақырымды құрайды, яғни осы шекараның бо­йымен аталған аумақтың болашағын анықтап, пайдалы қазбалардың барлық түрі бойынша табылған қорларды бірлесіп пайдалану мәселесін шешу үшін бірлескен жұмыс қажет етіледі. Осы мақсатты жос­парларды одан әрі бірлесе айқындап, орындауға мүмкіндік беретін осы ке­лісімдерге қол қойылды. Ал­­дағы уақытта бұл Қа­зақ­станның шекаралас өңір­лерінің инвестициялық тар­тымдылығын арттырып, олардың дамуына серпін бермек», делінген ресми жауапта.

Әлбетте, біз өз тарапымыздан мақалада айтылған пікірлер, көрсетілген дерек пен дәйектер редакцияның жеке көзқарасын біл­дір­мейтінін еске сала оты­рып, бұл саланың ел эко­номикасындағы мән-ма­ңызы зор болғандықтан тақы­рыпты алдағы уақытта да жіті назарда ұстайтын боламыз.