Оқиға • 15 Қаңтар, 2021

ҚазҰУ: Қара шаңырақтағы жер дауы неден туды?

731 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағының бір гектарға жуығы қысқарып кетті деп жуырда мәселе көтерген заңгер Бақытжан Базарбектің мақаласынан кейін көпшілікті елең еткізген дау туды.

ҚазҰУ: Қара шаңырақтағы жер дауы неден туды?

Заңгер Б.Базарбек: «Алматы қаласы әкімінің әр жылдары қабылданған «Қа­зақ­стан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» ШЖҚ РМК жер учаскесіне тұрақты жер пайдалану құқығын беру туралы 2 түрлі қаулысы бар» дей келе «№1-1/294 нөмірлі бірінші қаулы 2012 жылғы 30 қаңтарда, ал №4/392-2236 нөмірлі екінші қаулы 2017 жылғы 2 қазанда қабылданғанын» жазады. Әкім Ахметжан Есімов қол қойған 2012 жылғы 30 қаңтардағы № 1-1/294 қау­лыға сәйкес 2012 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жер учаскесінің аумағы 73,2662 гектарды құраған. Ал 2017 жылғы қаулыда ((№4/392-2236) жер аумағы – 72,4872 гектар, ал университетке тиелісі жер – 71,4220 гектар деп көрсетіледі. Егер кадастрлық нөмірі 20-313-009-014 болатын жер учаскесін назарға алсақ, университет аумағы 73,2662 гектардан 72,4872 гектарға қалай қысқарды? Осындай сауал тастаған заңгер Б.Базарбек бұл істе мәселеге Алматы әкімдігі мен оқу орны басшылығының қатысы бар деп отыр.

Осы орайда университеттің бірінші проректоры М.Бүркітбаевтың  2017 жылы 1 тамызда қаланың сол кездегі әкі­міне жазған  №9-9-2362 хатын көлденең тар­тады. Бұл хатта проректор ҚазҰУ қалашығын бұдан бұрын орын алған өзгер­тулерге байланысты түзетуді сұрай­ды. «Сонда ол қандай өзгерістер болды?» деп сауал тастаған Б.Базарбек Жер кодексінің 39-бабының 2-тар­ма­ғы­на сәйкес мемлекеттік жер пайда­ла­ну­­шы­ларға өзіне тиесілі жер пайдалану құ­қығын иеліктен шығаруға және кепілге беруге тыйым салынатынын атап өтеді.

 «2017 жылы жерге орналастыру жобасы болғаны және ол ҚазҰУ мен Алматының Жер қатынастары басқармасында бекітілгеніне күмәнім жоқ. Ал қаулы жерге орналастыру жобасынсыз шығарылмайды, сәй­кесінше жерге орналастыру жобасына дейін мәселені әкімдіктің жер комис­сиясы арқылы өткізіп, жер комис­сиясының хаттамалық шешімі шы­ғарылды», дейді өз жазбасында заңгер Б.Базарбек.

Осы орайда туындаған мәселеге орай университеттің баспасөз қыз­меті таратқан жауаптың толық мә­тінін ұсынуды жөн көріп отырмыз: «Кейінгі уақытта Әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-ға қатысты жеке тұл­ға­лар тарапынан мақсатты түрде ақ­­­параттық шабуыл жасалуда. Атап айт­қанда, YouTube интернет-ресурсында белгісіз тұлға «Рокки Балбо» деген лақап атпен ҚазҰУ басшылығы университеттің жер учаскелерін жеке тұлғаға сатыпты-мыс деген бейне-хабар­лама жариялаған. Содан кейін бұл материалды М.Казачков өзінің Telegram каналында тарата бастады. Осы тақырыпта блогер Б.Базарбек Facebook әлеуметтік желісінде пост жариялады. Осылайша, университет пен оның басшылығының беделін түсіруге бағытталған жағымсыз пі­кір­лермен жағдайды мақсатты түр­де ушықтыру белең алуда.

Осы ретте көтеріліп жатқан жер мә­селесіне қатысты түсініктеме бе­руді қажет деп санаймыз. Бірін­шіден, университет пен ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығару жөнінде келісім берген жоқ және жер учаскесін басқа тәсілмен бөлуге қатысқан жоқ. Айта кетерлік жайт, барлық мүлік пен жер мемлекеттік актив болып табылады, сәйкесінше ЖОО-да оларды иелену, пайдалану және билік ету құқығы жоқ. Екіншіден, Жер кодексінің 43, 44-1 және 48-баптары, сондай-ақ «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 4-бабының 1-тармағы мемлекеттік мүлікті, оның ішінде жер учаскелерін басқару, беру/сату саласындағы мемлекеттің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Жоға­рыда аталған заңдардың баптарында шешімдер қабылдау тәртібі заң­намалық түрде айқындалған, сондай-ақ мемлекетке тиесілі мүлік пен жерге қатысты кез келген жеке-дара шешім қабылдау тәртібі алынып тасталған. Демек, университет басшылығы өз қалауы бойынша мемлекеттік мүлік пен жерді беруді жеке-дара жүзеге асыра алмайды. Үшіншіден, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығы 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару жө­ніндегі жерге орналастыру жобасын әзірлемеген, бекітпеген және оған ешбір түрде қатыспаған. Осылайша, әлеуметтік желілердегі ҚазҰУ бас­шылығының жер учаскелерін беруге қатысы бар деген жарияланымдар шындыққа сәйкес келмейді және оның беделін түсіруге бағытталған. Жоғарыда айтылғандарға байланыс­ты қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына шаралар қабылдау туралы өтініш жолданды».

Бұл мәселеге орай әлеуметтік же­ліде экономист-сарапшы Д.Криво­шеев те үн қосты. Ол заңгер Б.Базар­бек бұл мәселені көтерместен бұрын сауалды аталған университет басшы­лығына жолдауы қажет еді деп санайды.

Б.Базарбек көтеріп отырған жер мәселесі 2016-2017 жылдары орын алған. Ол кейбір қаулымен расталады. Дегенмен құжаттардан туындаған сауалға орай нақты жауап табу мүмкін емес. Тіптен заңдардың өзі талдау­ды қажет етеді. Ал нормативтік құ­жаттар мен түсініктемелердің қо­сымша бе­ріліп жататыны сондық­тан. Осы мәселені көтере отырып Д.Кривошеев заңгердің қоғамда бел­гілі бір көзқарас қалыптастыруды көз­дейтінін әрі бұл жағдайда құжат­тар­дың жалғандығын, оған оқу ор­нының қатысы жоқ екенін айтып отыр. Өйткені бірде-бір құжатта оқу орнының мөрі, сенім хаттардың көшірмесі көрсетілмеген.

Д.Кривошеев осы орайда Б.Базар­­бектің басты көзірін кейінге қал­дыр­­ғанын айтады. Яғни даулы мә­селе туындағаннан кейін барып 2017 жылы 1 тамызда жазылған уни­верситеттің бірінші проректоры М.Бүркіт­баевтың хатын жариялаған. Онда оқу орнының өкілі енгізілген өзгерістерге байланысты учаскенің шекарасын түзетуді сұрайды. Осы орайда Д.Кривошеев учаскені өзгерту туралы әкімнің 2017 жылы 2 қазанда жазылған қаулысында қателіктердің бар екенін айта келе бұл хаттың уни­­верситетке қажет немесе әкім­діктің сұ­рауы бойынша да жазылуымен бай­ланысты болуы мүмкін дейді. Сон­дықтан дәл осы хат орын алып отыр­ған жағдайға себеп болған.

Заңгер Б.Базарбек сонымен бірге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұсынған кадастрлық нөмірі 20-313-009-014 жер учаскесі шекарасының контурын­да әртүрлі мақсатты режімдері мен кадастрлық нөмірлерімен 3 түрлі жер учаскесі бар екенін алға тартады. Онда  кадастрлық нөмірі 20-313-009-039 пай­далану және қызмет көрсету үшін шаштараз жалпы үлестік меншік; ка­дастрлық нөмірі 20-313-009-032 жалпы меншіктегі дүкенді пайдалану; ка­дастрлық нөмірі 
20-313-­009-037 ха­лыққа қызмет көр­сету ғимаратын жекеменшікте пайдалану үшін деп көр­сетілген.

Бұл жер учаскелері жекеменшікке қалай және қашан өтті? Осы орайда «Университет аумағының 0,8 га қыс­қарып кетуіне  2017 жылы орын ал­ған қандай жағдайлар себеп болуы мүм­кін? Бұл мәселеге тиісті орындар неге кезінде назар аудармаған? Тіптен, қала әкімінің  сол жылғы қаулысын заңсыз деп табу жөнінде де мәселе неге көтерілмеді?» деген сауалдарға әділдік органдары әділетті жауабын айтады деп сенгіміз келеді.

Ал бірнеше буын білім алған қара шаңыраққа қатысты даулы мәселе әрине көпшіліктің назарын аударды. Беделі биік жоғары оқу орнының аума­ғына қатысты туындаған қайшы­лық­ты мәселеде тиісті орындар анық­тайтын жайттың басы ашық десек те, түйткіл көп сияқты.

 

АЛМАТЫ

 

Соңғы жаңалықтар