Бұдан былай білім саласына бөлінген бюджет қаражатын әкімшілік реттеу міндетін де бұрынғыдай жергілікті әкімдіктер емес, облыстық басқарма атқарады. Бұл мәселе Қостанай облысы әкімдігінде өткен кеңесте қаралып, биыл қаңтар айынан бастап күшіне енген «Білім туралы» заңдағы жаңалықтарға орай, саладағы құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыру барысы пысықталды.
Кеңес барысында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аймақта 565 білім беру мекемесі білім басқармасының құзырына өткенін мәлімдеді.
– Оның ішінде 489 жалпы білім беретін мектеп, 124 мектепке дейінгі мекеме, 43 қосымша білім беру мекемесі бар. Осыған байланысты, қазір әділет органдары құқық белгілейтін құжаттарды тіркеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Қалалық және аудандық әкімдіктер жергілікті білім беру мекемелеріне қажетті көмек пен қолдау көрсететін болады. Сонымен қатар, аудан әкімдіктерінің бірқатар құзыреті сақталып қалады. Мысалы, жетім балаларды міндетті жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету, түлектердің жұмысқа орналасуына көмек беру, ауылдық жерге жұмысқа келген жас мұғалімдерді баспанамен қамтып, тұрмыстық қолдау көрсету міндеті жергілікті әкімдіктерге жүктеледі.
Жиын соңында өңір басшысы қалалық және аудандық әкімдіктерге білім бөлімдерін облыстық басқарма құзырына тапсыру ісін мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Қостанай облысы