Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша аймақта оң өсім байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің өсімі – 7,4 пайызға, өңдеу саласындағы өсім – 20,2 пайызға, ауыл шаруашылығындағы өсім – 20,8 пайызға, құрылыс жұмыстарында – 28,4 пайыз, тұрғын үйлерді іске қосудағы өсім 3,1 пайызға артқан. Облыс экономикасына 329,5 млрд теңге инвестиция тартылды.
Гүлбарам Мұсағазина әр аудан мен қалалардағы қол жеткізілген жетістіктерге жеке-жеке тоқталды.
– Өткен жылдың басынан бері өнеркәсіп кәсіпорындары 1,5 трлн теңге пайда түсірген. Өнеркәсіп өндірісінің өсуі аудандардағы кәсіпорындардың үйлесімді жұмысы нәтижесінде қамтамасыз етілді. Меңдіқара ауданында сары май мен сүзбе өндіру жолға қойылды, жылу энергиясы мен ауыз су тарту жұмыстары қарқын алды, – деді ол.
Қарасу ауданында ұн, нан, тауарлық бетон өндірісі жолға қойылды. Қостанай қаласында болаттан жасалған шанақтар мен түрлі техникалардың қосалқы бөлшектерін, тракторлардың, жеңіл және жүк автомобильдерін шығару қарқыны күшейді. Сондай-ақ шұжық пен ұн нарығында өсім байқалады. Қарабалық ауданында қиыршық тас пен жем шығару көлемі өсті.
Аппарат жиынында айтылғандай, ауыл шаруашылығы өнімінің 75 пайыздан астамы аймақтағы Қарасу, Қостанай, Федоров, Сарыкөл, Меңдіқара, Қарабалық, Әулиекөл, Ұзынкөл, Қамысты және Бейімбет Майлин аудандарына, сонымен қатар Арқалық қаласына тиесілі.
Өңірлерде құрылыс индустриясы қарқынды өсіп келеді. 2020 жылы облыста 379,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту бойынша тиісті басқармалар мен аудан-қалалардың басшыларына тапсырма жүктеді.
– 2020 жыл ешкімге оңай тиген жоқ. Экономиканың көптеген саласы айтарлықтай зиян шекті. Дегенмен негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны бойынша облыс жетекші орынға шықты, – деді аймақ басшысы.
Әкім атап көрсеткендей, алдағы уақытта да мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, нысаналы индикаторлардың стратегиялық картасының іске асуы басты назарда болады. Ең бастысы, әкімдер жергілікті проблемаларды бақылауда ұстауға тиіс. Әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштеріне оң серпін беру қажет.