Экономика • 21 Қаңтар, 2021

Алыс-берісті нығайтатын кезең

297 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, мұнай бағасының арзандауына байланысты ішкі нарықта сұранысы тмен жанар-жағармайды Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақтан тыс аумақтарға экспорттауға қатысты шектеу шаралары жойылып, былтырғы сәуір айынан бастап осы жылдың қаңтарына дейін мұнай өнімдерінің барлық түріне (бензин, дизель отыны, авиакеросин, сұйытылған газ және т.б.) экспорттық кедендік баждың нөлдік мөлшерлемесі белгіленді.

Алыс-берісті нығайтатын кезең

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Отандық өндірушілерді қолдауға басымдық берілді

Бұл қазақстандық мұнай өнім­дерінің экономикалық тиім­ді­лігін сақтап, еліміздегі ре­зервуар­лық парктердің жүкте­ме­сі артып кетпеуіне және мұнай өңдеу зауыттарының тоқтамай жұ­мыс істеуіне мүмкіндік берді.

Отандық цемент өндіру­ші­лерді қолдау мақса­тын­да был­тыр 27-сәуірден бастап алты ай мерзімге үшінші елдерден тасы­малданатын цемент импортына тыйым салын­ды. Аталған шара цемент өндіру көлемін 8%-ға арттырып (2020 жылдың 10 айының қорытындысы бо­­­йынша 9,4 млн тонна өндірілді), бұл цемент өндірушілерден 2020 жылдың 10 айында салық түсім­дерінің 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38%-ға немесе 6 млрд теңгеге ұлғаюы­на әсер етті. Бұл шектеу шараларын енгізу кезеңінде құрылыс материал­дарының өндіріс көле­мі былтыр­ғы көрсеткішпен са­лыс­­тыр­ғанда 8,7%-ға артып, 341,6 млрд теңгені құрады.

Қазақстандық тауарларды ЕАЭО-ның нарықтарына шы­ғару­ды оңтайландыру үшін салалық ведомствоның бас­та­масы мен Еуразиялық үкімет­ара­лық кеңестің шеші­міне сәйкес, тауарлардың шы­ға­­рылуын растайтын жаңа «Се­рия­­лық өнім сертификаты» енгізілді. Бұл қазақстандық экспорт­­таушыларға әкімшілік және қаржылық шығындарды жеңілдетеді.

Еліміздің бастамасымен ЕАЭО аясында қара және түсті ме­тал­­дардың бөлшектері мен қалдық­тар нарығын реттеу бо­­­йынша жұмыс басталып, Үкімет басшылары ортақ нарықты осы стратегиялық шикізатпен то­лық­­тыруға бағытталған бір­лес­кен жобаларды әзірлеу тура­лы шешім қабылдады. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссия жанынан даулы жағ­дай­лар мен мүше мемлекеттер арасындағы шекара арқылы тауарларды еркін өткізуге байланысты проблемаларды шешуге арналған Тауарларды еркін өткізуді қамтамасыз ету мә­­се­лелері жө­ніндегі комитет құ­­рыл­ды.

Құзырлы органның ақпара­ты­на сәйкес, Қазақстан өз аума­ғында таңбалауды бастау тура­лы хабарламаны жіберу мер­зімін 3-тен 9 айға дейін ұлғайту жөніндегі шешімге келісімін берді. Демек, ЕАЭО-ға мүше кез келген мемлекет тауар­лардың белгілі бір тобына қа­тыс­ты таңбалауды енгізудің алдында 9 ай бұрын мүшелікке кіретін мемлекеттерді хабардар етуі тиіс. Бұл уақыт отандық кәсіп­керлерге таңбалауды енгізу­ге дайындалып, талдау жасау­ға мүмкіндік береді. Сол секілді Сауда және интеграция министрлігі турбовинтті әуе кемелеріне қатысты тарифтік жеңіл­діктің ұзартылуына ұйыт­қы болды. Аталған жеңілдік Qazaq Air авиакомпаниясы пайдаланатын ұшақтарға арналған және әлеуметтік маңызды бағыттағы ішкі әуе рейстерінің бағасының төмендеуіне әсер етуі тиіс. Бұған қоса отандық тауарларды ЕАЭО елдерінің нарығына ілгерілету үшін 8 кедергі жойылды. Оның ішінде қазақстандық ветеринарлық дәрі-дәрмектің Ресей на­ры­ғына шығаруға қа­тыс­ты шектеуді жою, тамақ өнім­дерін та­сымалдау бойынша қо­сымша та­лаптардың алынып тасталуы, Нор­вегиядан келетін балық тран­зитіне тыйым салуды жою және Ресейде қазақстандық өнеркә­сіптік тауарлардың мем­ле­­кет­тік сатып алуларға қол­же­тім­ділігіне байланысты салын­ған тыйымның жойылуын атауға болады. Мемлекеттік (муниципалды) сатып алуға арналған жекелеген тауарларды шығаратын елді анықтау қағидалары қабыл­да­нып, бұл өнім жеткізу­ші­лерді өнеркәсіптің бірқатар сала­сындағы 255 тауар түріне бай­ланысты ЕАЭО елдерінің мем­ле­кеттік сатып алуларына тең қол­же­тімділікті қамтамасыз ете­ді.

Республикада өндірілетін көмірді Украина нарығына тасымалдауды реттеу үшін отандық өндіруші кәсіпорындардың мүд­де­лерін қорғау бағытындағы жұ­мыстар жалғасуда. Айталық, Үкі­мета­ралық комиссия отыры­сы­ның нәтижесінде Ресей арқылы көмір тасымалдау тәртібін қайта қарауға қатысты уағдаластыққа қол жеткізілді. Сол секілді жауапты ведомство мемлекеттік органдармен бірлесіп, АҚШ үкіметімен қазақстандық титанды ысқышқа қатысты шектеу шарасын қабылдамау туралы келісімге келді. Сондай-ақ Украинаның да арнайы органдары елімізде өндірілген азот және минералды тыңайтқыштарға байланысты сақтық шараларын қабылдамағанын айта кеткен орынды. Бұдан бөлек Қытай мен Украинаның өнеркәсіптік тауарларына қатысты демпингке қарсы шаралар қабылданды.

 

Экспортты қолдау тетіктері әзірленді

Салалық министрліктің ақпа­раты бойынша, былтыр Қазақ­стан­да алғаш рет экс­порт­тық акселерация бағ­дар­ла­масы іске қосылды. Талдау нә­ти­жесіне сәйкес, тамақ өнер­кәсібіне ба­сым­дық бері­ліп, Қытай нысаналы нарық ретін­де таңдалды. Тұтастай бағ­дар­ламаға қатысуға 90-ға жуық компания өтініш беріп, іріктеу халықаралық скоринг моделі негізінде жүргізілді. Ол 6 өлшемге сәйкес бағаланады. Атап айтқанда, нарық, өнім, қаржы, құзыреттілік (мотивация), ұйымдастырушылық құ­ры­лым және корпоративтік мә­де­ниет. Әр компанияға осы өлшем­нің негізінде сарапта­ма­лық баға берілді. Бағалау қоры­тын­дысы бойынша экспорттық акселерацияның екінші кезеңіне 35 компания таңдалды. Екінші кезеңде 35 компанияны Қытай­дың нарығына шығару үшін онлайн вебинарлар режімінде ақпараттық семинарлар және коучинг­тер өткізілді. Бұл ретте әлеуетті өнімнің Қытай на­ры­­ғы­на дайындығы, қытай тұты­ну­шыларының талғамы мен өнімнің белгілі бір санатын оңтайлы арналар арқылы сату туралы халықаралық сарапшылармен кездесулер ұйым­дас­тырылды. Таяуда өнімдерді бір реттік тасымалдаумен бірге ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы 18 ме­мо­рандумға қол қою жоспарланып отыр. Экс­порт­­таушыларды қолдауға ар­нал­ған дағдарысқа қарсы орта­лық жұмыс істеп тұр­ғанын ай­та кетейік. Арнайы телеграмм арнасы арқылы жедел желі ұйымдастырылып, оның көме­гімен 800 өтініш қаралды. Тиісін­ше бейінді министр­лік­тер мен ұйымдардың сарапшы­ла­рын тартып, қажетті қолдау көр­се­тілді, деді министрлік өкілдері. Со­нымен қатар мемлекеттік қол­дау­дың қаржылық емес тетігі арқылы «Қазақэскпорт» ЭСК» АҚ 12 айдың қорытындысына сәйкес, 92,1 млрд теңгеге сақ­тан­дыру міндеттемелерін қабыл­дады.