Технология • 21 Қаңтар, 2021

Жеңіл өнеркәсіптің үлесі ұлғая түсті

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Былтырғы қаңтар-желтоқсан аралығында елімізде жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15%-ға өсіп, 128,7 млрд теңгеге жетті. Өсім аталған бағыттың барлық саласында, атап айтқанда тоқыма бұйымдары өндірісінде 4,5%-ға, киім өндірісінде 5,5%- ға, сондай-ақ былғары және одан дайындалатын өнімдер өндірісінде 131,1%- ға жетті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Жеңіл өнеркәсіптің үлесі ұлғая түсті

 

Ведомствоның дерегіне сүйен­сек, былтыр 1,606 млрд теңгеге 6 инвестициялық жо­ба іске қосылып, 1 145 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде Turkistan Textile ЖШС тігін бұ­йымдарының өндірісі, «Бал Декор» ЖШС кілем бұйым­дарының өндірісі, DALSAN (ДАЛСАН) ЖШС ылғалды май­лықтар өндірісі, СП «LUX SHOES ЖШС ұлтан өндірісі, сондай-ақ FIBC Kazakhstan ЖШС пішу цехы және «Кублей» ЖШС тері өңдеу цехы сынды жобалар қамтылған.

2020 жылы халықты бетпер­демен қамтамасыз ету үшін өнді­ріске 70-тен астам тігін кәсіп­ор­ны тартылды. Айталық, Dalatex ЖШС (Қызылорда), «Боль­­шевичка» ЖШС (Қос­танай), «Эко-Фарм» ЖШС (Шым­­кент), «Ас Фарм» ЖШС (Шығыс Қазақстан), «Тыныс» АҚ (Көк­шетау), «КазЛегПром» ЖШС (Ал­маты), және «Жанарыс» ЖШС (Маң­ғыстау) секілді жеңіл өндіріс орын­дары селдір матадан және бөзден күніне 700 мың бетперде әзірлеуді жолға қойды.

Тігін кәсіпорындарын шикі­зат­пен қамтамасыз ету мақ­са­тында Azala Textile ЖШС тәу­лігіне 10 мың метр селдір мата шыға­ратын 9 станокты іске қосты. Өн­ді­ріс­тік кезең мемлекетаралық та­лап­тарға сай атқарылып, сон­дай-ақ кәсіпорын тығыздығы тө­мен ағар­тылған мақта матасын (бөз, мит­кал) шығаратынын айта кету керек.

Былтыр ақпанда Қазақстанда мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі жол картасы бекітілген еді. Соған сәйкес, «Альянс» ТПК және Azala Textile ЖШС тоқыма кәсіпорындарын «Оңтүстік» ЕЭА субаймақтарына қосуға байла­нысты жұмыс жал­ғасып жатыр. Осыған дейін 2019 жылы жеңіл өнеркәсіптің салалық ба­ғыттары «Астана жаңа қала» ЕЭА қызметінің басым түрлерінің тіз­бесіне енгізілген болатын. Бұған қоса ЕЭО алаңында жеңіл өнер­кәсіп кәсіпорындары пайдала­натын шикізатқа кедендік бажды тө­мен­дету мәселесі де қарас­ты­ры­лып жатқанын айта кеткен орын­ды.

Құзырлы орган аяқ киім тауар­ларын таңбалау және бақылау бо­йынша қанатқақты жобаны жүзеге асырып жатыр. Тиісті жол картасы, сондай-ақ аяқ киім тауарларын таңбалау және қадағалауға қатысты бұл жобаны жүргізуде әдіс­темелік ұсынымдар бекітілді. Бұдан бөлек, жеңіл өнеркәсіптің кейбір тауарларын таңбалауға бай­ланысты осыған ұқсас жобалар орындалып келеді.

Биыл 274 жұмыс орнын құ­руға арналған 5,429 млрд теңге инвестицияға 5 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Былтырғы жел­тоқсандағы деректерга сәй­кес, салада 1 210 кәсіпорын бар. Оның 97%-ы шағын кәсіп­орын­дар. Салада жұмыспен қам­тылғандардың саны – 20,6 мың адам.