Аталған брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Басқарма төрағасы Болат Төкежанов қордың 2020 жылғы жұмысын қорытындылап, осы жылға белгіленген негізгі міндеттерден хабардар етті.
– Медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыру кезеңі коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келді. Қордың негізгі міндеті – медициналық ұйымдарды үздіксіз қаржыландыру және КВИ-мен күреске жұмылдырылған медицина қызметкерлерін материалдық қолдау. Қор бұл міндетті толық орындады. Індеттің таралуы жағдайына дайын болу үшін бірнеше маңызды қадам жасалды. Пандемия кезінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің рөлі күшейтілді, мобильді топтар құрылып, үйдегі күндізгі стационарлар ұйымдастырылды және медициналық қызмет қашықтан көрсетіле бастады. Сонымен қатар ПТР диагностикасы бойынша зертханалық қызметтің мүмкіндігі артты. Қор медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу-қатыспауына қарамастан бүкіл халықтың осы көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етті. Форс-мажор жағдайларға қарамастан, МӘМС-ті енгізудің бірінші жылының нәтижесі медициналық сақтандыру жүйесінің толық жұмыс істейтінін көрсетті. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне 500 млрд теңгеден аса қаржы құюға мүмкіндік берді. Осы қаражат есебінен медициналық қызметтердің – сирек кездесетін сала мамандарының кеңестері, диагностика, тексерулер, күндізгі стационар қызметінің көлемі едәуір өсті. Енді бізде жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыруға және медициналық қызметтің осы түріне кезекті азайтуға мүмкіндік бар, – деді Б.Төкежанов.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша амбулаторлық-емханалық деңгейде халыққа 215 млн-ға жуық қызмет көрсетілді. Амбулаторлық-емханалық көмекті қаржыландыруды ұлғайту – ӘМСҚ басымдықтарының бірі. 110 млн қабылдау, бұл қатарда 33 млн-ға жуық бейінді мамандардың қабылдауы, 65 млн зертханалық диагностика қызметі, шамамен 28 млн процедура мен манипуляция, 11 млн диагностикалық қызмет, оның ішінде 454 мың КТ/МРТ, 2,8 млн УДЗ, 13,5 мың ПЭТ диагностикасы кіреді.
Емханалар арқылы көрсетілген барлық консультациялық-диагностикалық қызметтің негізгі бөлігі медициналық сақтандыру есебінен төленген. 2020 жылы күндізгі стационарға 1 млн-нан аса адам жатып емделді, оның ішінде 508 мыңы ТМККК шеңберінде және 578 мыңы МӘМС жүйесінде емдеуге жатқызылды. 2,7 млн-ға жуық пациент тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда ем алды. Шұғыл госпитализация жағдайлары айтарлықтай төмендеген. Жалпы құрылымда шұғыл көмек 62%-ды құрайды. Шұғыл ауруханаға жатқызу науқастың асқынулармен немесе кеш анықталған диагнозбен түскенін көрсетеді. Сонымен қатар жоспарлы емге қолжетімділік те артты: пациенттердің 86%-ы бір күннен он күнге дейінгі мерзімде стационарларға орналастырылды және тек 5%-ы 30 күннен астам уақыт күтті.
Өткен жылы коронавирус инфекциясымен күрес шеңберінде іс-шараларды қаржыландыру үшін 187,7 млрд теңге бөлінді. Желтоқсандағы болжамды соманы қоса есептегенде медицина қызметкерлеріне үстемеақыға 110,9 млрд теңге жұмсалды. Медициналық көмекке және КВИ таралуын тоқтатуға 53,9 млрд теңге қарастырылып, провизорлық, карантиндік және инфекциялық стационарларға 384 мың адам емдеуге жатқызылды. ПТР диагностика қызметіне 19,7 млрд теңге бөлініп, 1,9 млн-нан аса ПТР-тест өткізілді. Сондай-ақ 3,2 млрд теңге мобильді топтарға бөлініп, олар 550 мыңға жуық шақыруға қызмет көрсетті.
Қор басшысының айтуынша, жақында ынталандыру үстемеақысын 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында да төлеу туралы шешім қабылданды. Контингент пен алушылар тобы өзгеруі мүмкін, барлығы елдегі эпидемиялық жағдайға байланысты. Қазір әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры желтоқсан айындағы үстемеақы төлеуді аяқтауда. Жалпы алғанда мұны 52 мыңнан аса медицина қызметкері алады: 11 мың адам – бірінші қауіп тобында, 17 мың адам – екінші топта, 22 мың адам үшінші топта еңбек етті.
Желтоқсан айының басында қор 2021 жылға арналған ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша медициналық қызметтердің негізгі көлемін сатып алуды жариялады. Негізгі сатып алу сомасы шамамен 1,5 трлн теңгені құрады. Бұл сома жыл соңына дейін орта есеппен 20%-ға артады деп болжануда.
– 2020 жылы пандемияға байланысты халыққа арналған бастамалардың бір бөлігін жүзеге асыра алмадық. Бірақ біз алған бетімізден қайтпай, осы жылы бұл жоспарды іске асыруды жалғастырамыз. Бұл – ең алдымен амбулаторлық-емханалық көмек көрсету, мектеп медицинасын дамыту, стационарды алмастыратын көмек, оңалту. Халықтың қажеттілігінің артуын және елдегі эпидемиялық жағдайды ескере отырып, медициналық көмекті сатып алу көлемі ұлғайды. Сақтандырылған халық үшін мамандандырылған медициналық көмектің, оның ішінде ауылдық жерлерде қымбат жоғары технологиялық қызметтердің көлемі артты. Сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын 30%-ға дейін және орта медицина қызметкерлерінің жалақысын 20%-ға дейін арттыруға қаражат жоспарланған. Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру да назардан тыс қалған жоқ, осы бағыт бойынша қаржыландыру көлемі
20%-ға өседі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ЭКО қызметтерінің саны жеті есеге артқанын атап өткен жөн. Егер 2020 жылы 1000-нан аса отбасыға ата-ана болу қуанышын сезіну мүмкіндігі туса, 2021 жылы олардың саны 7 мыңға дейін артады, – деді Б.Төкежанов.