Туризм • 21 Қаңтар, 2021

Қысқы туризм табыс көзіне айналып келеді

558 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында қысқы туризмнің дамуына барлық жағдай жасалып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Қысқы туризм табыс көзіне айналып келеді

Оның дәлелі − аймақтағы «Ой-Қарағай», «Апорт»,  «Ақтас», «Ақбұлақ» сияқты тау шаңғы курорттарын кеңейту, «Түрген» тау шаңғы курорты мен «Park Canyon» туристік ойын-сауық кешенін салу бойынша жүзеге аса бастаған инвестициялық жобалардан байқауға болады.

Жалпы, облыста қысқы демалыс орындарын жандандыру үшін құйылған инвестиция көлемі 300 млрд теңге шамасында екен. Және бұл мол қаржының 70 пайызы жеке компаниялардың қаражаты екен. Қазірдің өзінде қайтарым бере бастаған бастаманың бірі – Сарқан ауданындағы «Теректі» тау шаңғы базасы болатын. Қазір бұл өңірде қысқы демалыс қызып тұр. 2018 жылы ашылған шаңғы базасы ендігі тау спортына қызығатын жандардың сүйікті мекеніне айналып үлгерген. Туристік базада ұзындығы 737 метр болатын шаңғы тебу жолы, 170 метрлік тюбинг сырғанақ төбелер және биыл ашылған мұз айдын да бар.

– Демалыс аймағындағы жұмыс қызып тұр. Аудан тұрғындарының басым бөлігі демалыс күндері көп келеді. Біздің базаға кіру тегін. Келушілердің қажеті үшін оннан аса шаңғы, 3 сноуборд,жиырмаға жуық үрлемелі балондар әкеліп қойдық. Жоспарымызда қонақ үй, асхана, балық аулайтын аймақ салу міндеті. Қысқы туризмді ақырындап дамыта береміз, – дейді «Теректі» тау шаңғы базасының директоры Ержан Амантайұлы.

Жалпы, Сарқан ауданында туризм кластерін дамытуға мүмкіндік бар. Азаматар қолға алған іс ақырындап табыс әкеліп те жатыр екен. Мәселен, «Теректі» тау шаңғы базасына соңғы бір айда 300 турист келген. Ал өткен жазғы маусымда бұл ауданға алыс-жақын шетелдерден 23 мыңнан астам демалушы келген болатын. Сарқанға келушілерді «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы қызықтыратын көрінеді. Ұлттық парк аумағында 13 экологиялық және мәдени-тарихи туристік бағыт бар. Ал былтыр осы табиғат байлығын көзбен көріп қайтуға 1500 турист арнайы ат басын бұрған екен.