Аймақтар • 21 Қаңтар, 2021

Әйел басқарған қылмыстық топ ұсталды

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында мал ұрлығын кәсіп еткен кәнігі ұрылар тобы ұсталды. Ауылдан саяқ жайылған малды айдап әкетіп, былтырдан бері аудан жұртшылығын қан-қақсатып келген барымташыларды 46 жастағы әйел басқарып отырған. Әзірге күдіктілердің 8 бас жылқы, 4 бас ірі қара ұрлағаны анықталып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Әйел басқарған қылмыстық топ ұсталды

Қылмыстық топты полицейлер «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы барысында қолға түсірген. Әулиекөл аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Жансерік Хасановтың айтуынша, былтыр тамыз айынан бастап аудан тұрғындарынан мал ұрлығына қатысты шағымдар жиі түсе бастаған. Осылайша, полицейлер дереу жедел іздестіру шараларына кіріседі.

Жедел іздестірушілер Новонежин ауылында тұратын 46 жастағы әйел адам басқаратын қылмыстық топты анықтады. Қылмыстық топтың құрамында тағы 4 адам бар. Олардың біреуі «Ваз-2107» автокөлігімен ауыл-ауылды аралап, ұрлауға болатын малды көздеп кетіп отырған. Екіншісі малды айдап әкетіп, өздері алдын ала уағдаласып қойған жерге жеткізген. Ал қалған екеуі қасапшылықпен айналысқан,  деді полиция подполовнигі.  

Мысалы, аталмыш қылмыстық топтың құрамындағы 38 жастағы күдіктінің Шилі ауылының маңында жайылып жүрген жылқыны ұрлап кеткені белгілі болып отыр. Полицейлер Шилі, Первомай және Диев ауылынан ұрланған, бірақ әлі қасапшылардың пышағына ілініп үлгермеген бірнеше жылқыны иелеріне қайтарып берді.

«Қазір аталған қылмыстық топқа қатысты тергеу шаралары жүріп жатыр. Қылмыстары дәлелденген жағдайда, ұрылардың мүліктері тәркіленіп, әрқайсы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», деді облыстық полиция департаменті баспасөз орталығының қызметкері Кенже Қонысбай.