Алматы хайуанаттар бағының архивінде сақталған мына бір сурет соның дәлелі болса керек. Осы мекемедегі қырық жылға жуық еңбек жолын табиғаттың бір бөлшегі – жануарларды күтіп-баптауға арнаған Хусаин Сахипұлы Алматы хайуанаттар бағына 1970 жылдардың басында келген.
Жарты ғасыр бойы Ертіс өзенінде жүзген «Роза Люк-сембург» жолаушы кемесі 1966 жылы Алматы зообағына сыйға тартылды. Зообақтың даму бөлімінің меңгерушісі Ақжәми Рахимованың берген қызықты мәліметтеріне сүйенетін болсақ, сол кеме қайта жарақталғаннан кейін судағы хайуанаттар бағы қызметін атқарған. Еліміз ғана емес, Ресейдің шекаралас қалаларына да барып, мамыр-қазан айларында барыс, аю, қолтырауын, маймыл, тотықұс сияқты жануарлардың 120 түрімен таныстыру экскурсиялары өтіп тұрған. Осы кемедегі көшпелі зообаққа 1970-1974 жылдары Хусаин Сахипұлы жетекшілік етіпті. Көшпелі хайуанаттар бағы он жылға жуық уақыт шамасында Ертіспен жүзіп, көпшілікке қызмет көрсеткен.
Ал зообақтағы мына бір оқиғада Хусаин Сахипұлының еңбегі ерен. 1985 жылы туған аланға хайуанаттар бағының қызметкерлері «Альчик» деп ат қояды. Алайда алан әлжуаз болып туғандықтан, оның аяғынан тік тұрып кететініне ешкім сенбеген. Өз ісіне адал, жануарларға жан-тәнімен етене жақын Хусаин Сахипұлы аланның оңалып кетуіне барлық жағдайды жасап, қолдан азықтандырып, сүтпен қоректендіріп, күндіз-түні қадағалап отырды. Ерекше қамқорлықтың нәтижесінде төрт айдан кейін кішкентай аң күш жинап, аяғынан нық тұрады. Қолға да үйретіледі. Осылайша 1985-1987 жылдары түсірілген «Тигр снегов» фильміне Альчик таңдап алынған. Бұл жануар 1990 жылы BBC түсірген «Аспантаулар» деректі фильмінің де кейіпкері болғаны белгілі.
Жануарлардың шынайы жанашыры бола білген кең жүректі Хусаин Сахипұлы көп жылдар бойы Алматы хайуанаттар бағында ветеринарлық бөлімде, одан кейін «Тұяқтылар», «Жыртқыш сүтқоректілер», «Жыртқыш құстар» секцияларында еңбек етті. Бүгінде Хусаин Сахипұлының жарқын істерін әріптестері сағынышпен еске алады.
Табиғатқа қорған, жануарларға жанашыр осындай ізгі ниетті адамдардың өмір жолы мен өнегелі істері кейінгі ұрпаққа үлгі.
АЛМАТЫ