Сұхбат • 25 Қаңтар, 2021

Су саласындағы дипломатияның маңызы зор

1133 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жер бетіндегі тіршілік атаулының дені суға тәуелді екені белгілі. Жаһандық климаттың күрт құбылуы мен маңызды акватория­ларды тиімсіз басқару жағдайында мұның өзектілігі одан сайын арта түсті. Қазақстандағы су ресурстарының қазіргі ахуалы мен келешектегі перспективалы жобалары туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВПЕН әңгімелескен едік.

Су саласындағы дипломатияның маңызы зор

– Планетамыздағы климат­тық архитектураның тұтастай өзгеруіне байланысты сумен қам­ту әлем елде­рінің негізгі проб­­лемасына айналып барады. Бұл ретте еліміздегі су ре­сурс­­­тарының жағдайы қан­дай дең­гейде?

– Балалық шағымызда қар­дың  жиі әрі қалың түсетіні көп­шіліктің есінде шығар. Қа­зір байқап қарасақ, үлкен айыр­машылық бар. Биыл елордада қыстың жылы өтіп жатқанын аң­ғарып отырмыз. Ауа температурасы жоғары, тиісінше жауын-шашын мен қар аз түседі.

Осы климатқа қатысты «Жыл­дың сулылығы» деген ұғым бар. Айталық, кейбір жылдары су молынан болса, кейде оның тапшылығы байқалады. Оның циклі және ұзақтығы болады. Су­дың мол кезеңі аз сулы кезең­мен немесе керісінше алмасып оты­рады. Циклдің ұзақтығы 10-12 жылды құрайды.  Өкінішке қарай, соңғы үш жылда судың аз болатын кезеңіне тап болдық. Нақтырақ айтсақ, «Өзеннің жиын­­тық ағыны» деп аталатын су­дың жалпы көлемі жылына 90-100 шақырым текше метрді құрайды. Оның 50,8 шақырым текше метрі – жергілікті ағын, қалғаны трансшекаралық өзендер арқылы Қытайдан, Орталық Азия елдері мен Ресейден келеді. 2019 жылы судың көлемі 83 шақырым текше метрді көрсетіп, бұл орта көпжылдықпен салыстырғанда 20%-ға, 2016-2017 жылғы кезең­мен салыстырғанда 40%-ға аз болды. Әрине, аталған көрсеткіштерге қарап, суды үнемдеп, ұқыпты пай­далану туралы ойлануға тура келеді.

1

Халық пен экономиканың са­­ла­­ларына қажетті судың жалпы көлемі – 25 шақырым текше метр. Оның 15 шақырым тек­ше метрі  немесе 65%-ы ауыл шаруа­шылығына, 6 шақы­рым текше метрі  немесе 30%-ы өнер­кәсіпке, сол секілді 1 шақы­рым тек­ше метрі  немесе 5%-ы ком­мунал­дық ша­руа­шылыққа жұм­салады.

Сондай-ақ Жайық, Ойыл және Ембі өзендері суының қарқынды түрде тартылып қалуына қатысты қордаланған мәселелер бар. Мә­селен, бұл өзендер Ақтөбе мен Атырау облыстарын сумен қам­туға пайдаланылып келеді. Сон­дықтан олардың Орал-Ембі аймағы үшін шаруашылық тұр­ғыда маңызы зор. Алайда соң­ғы жылдары өзендердің тартылып бара жатқаны қатты бай­қалуда. Осы мәселені мамандарымыз талдап көрді. Тұтастай бұл өзендер 1935 жылдан бері ба­қылауға алынған. Жүргізілген сараптама көрсеткендей, аталған өзендерде ағынның бәсеңдеу үрдісі көп жылдық көлемде бай­қалатынын көр­сетіп отыр. Оның себебін анық­­тау мақсатында ағын­ды­­ қалыптастыратын кли­мат­­тық­ фак­торларды бағалау жүр­гі­зіл­ді. Өйткені бұл өзендердің арнасы қармен толығады. Соңғы 20 жылда екі су бассейнінде де жауын-шашынның азаюы мен топырақтың күзгі ылғалдануының тапшылығы байқалады. Демек, көк­темгі кезеңде ағынның көп бөлігі топырақтың «шөлін қан­дыруға» кетеді деп түйін жасауға болады.

Ауа температурасы да соңғы жылдары жоғары болғандықтан, бас­сейндік өзендердің жоғары бө­лігі қарқынды буланып жатыр. Яғни Ойыл мен Ембі өзендерінің жоғарғы ағынының азаюына жаһандық климаттың жылынуы тікелей әсер етіп жатқанын аңғартса керек.

Қазақстандағы 8 су бассейнінің 7-уі трансшекаралық суға жататынын айта кеткен орынды. Атап айтқанда, еліміздегі барлық су кө­лемінің жартысы Қазақстанда қалыптасса, қалғаны, яғни транс­шекаралық сулар бөлігі сырттан келеді. Сол себепті көрші мем­ле­кет­термен су саласындағы дип­­­ло­­ма­тияға үлкен мән беруіміз керек.

Географиялық орналасу мен климат­тық жағдайлар Қазақ­стан­ның су тапшы­лы­ғына тап бо­луына әсерін тигізіп отыр. Неге де­сеңіз, су ресурстары респуб­лика аума­ғында біркелкі орналаспаған. Мы­салы, Шығыс Қазақстанда су жеткілікті болса, еліміздің оң­түс­тік және батыс өңірлерінде керісінше оның тапшылығы анық білінеді.

–  Судың баяулаған кезеңінде ауыл шаруашылығы саласын сумен қам­туды көздейтін тетік­тер қарас­ты­рыл­ған ба?

– Вегетациялық кезеңге ертерек дайындаламыз. Жыл сайын  наурыз айында «Қазгидромет» еліміздегі су ресурстарының жағ­дайына гидро­логия­лық болжам жасайды. Сол болжамды негізге алып, суару кезеңіне дейін әкім­діктер және ауыл шаруашылығы өндірушілерімен жағдайға байланысты жұмысты бастап кетеді. Былтырғы кезең қиынға соғып, су аз болды. Десе де бұл қиын мау­сымды сәтті еңсердік деуге негіз бар. Фермерлерге болжамды тәуе­келдерді алдын ала ескертіп, суар­малы суды тиімді пайдалану қажеттігін түсіндірдік. Ылғалға бейім дақылдар егістігін азайтуға, сондай-ақ су үнемдеу технологиясын қолдану мен егіс айналымын сақтауға кеңес бердік. Әсіресе, мамандарымыз оңтүстік өңірлерге жиі барып, су арналарын тазалау, тереңдетіп, қамыстарды уақтылы жабу жұмыстарын белсенді жүргізді.

Өңірлерге жеке-жеке тоқ­тал­сақ, Алматы, Жамбыл, Қызыл­орда және Түркіс­тан облыстарында егістік алқап­тарын сумен қамтуда біраз қиын­дық ту­ғанын атап өтуіміз керек. Транс­шекаралық суларды қоса алғанда, өзен­дер ағынының 15-20%-ға азаюы мен аталған облыстарда ылғалға бейім дақылдар алқа­бының көбеюі суармалы сумен қамтуды күрделендірді. Мәселен, Алматы облысындағы суармалы жерлер көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 11%-ға көбейіп, Іленің ағыны үш есеге азайды. Жамбыл облысында былтыр су көлемі орта көп жылдық көр­сеткіштерден 15-20%-ға тө­мендеді. Түркістан облысында Сырдарияның ағыны 15%-ға төмендеп, оның негізгі ресурсы  Қырғызстанның Тоқтоғұл суқой­масындағы судың көлемі 2019 жылға қарағанда 2 млрд текше метрге азайды. Қызылорда облысында да қиын жағдай туындап, суар­малы жерлер аумағы 251 мың гектарға ұлғайып, еліміздегі жалпы суармалы жерлердің 16%-ын құрады. Осылайша, өңір рес­публикадағы су құбырлары суының 43%-ын тұтынды. Бұған қоса, күріш алқабының кө­лемі 90 мың гектарға жетіп, Агро­өнеркәсіп кешенін дамыту бағдар­ламасына сәйкес, бұл көр­сеткіш негізінен 75 мың гектар­дан аспауы тиіс еді. Әйтсе де қалып­тас­қан жағдайға қарамастан, был­тырғы вегетациялық кезең сәтті аяқталды десек те болады.

– Су тапшылығын ескеріп, оны үнем­деу амалдары әзір­лен­ді ме?

– Жыл сайын суармалы жерлер көлемі ұлғайып жатқандықтан, бұған қосымша су керек. Бір жа­ғынан егістік алқабы көбейіп, екінші жағынан су азая берсе қиындықтармен бетпе-бет ке­луіміз мүмкін. Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін суармалы жерлер көлемін 3 млн гектарға жеткізуге тапсырма берді. Сон­дықтан ауыл шаруашылығы өн­дірушілерінің мүддесін ескеріп, су­ды үнемдеудің кешенді шараларын қабылдауымыз қажет. Осы мақсатта біріншіден, күріш ал­қаптарын Қызылорда, Алматы және Түркістан облыстарында 29 мың гек­тарға азайтып, нә­тиже­сінде, 1 шақырым текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік аламыз. Екін­шіден, суарудың үнемдеу тех­нологиясын кем дегенде  750 мың гектар жерде пайдалансақ, 2,2 шақырым текше метр суды үнемдеуге болады. Үшіншіден, ауқымды цифрландыру процесімен қамту. Түркістан облысында бірінші рет су каналын цифрландырдық. Осы ар­қылы суармалы судың бел­гіленген режімнен  45%-ға дейін артық жұмсал­ғанын анықтадық. Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы ұзындығы 12 ша­қы­рымды құрайтын К-19 ма­гис­траль­ді каналының цифрландырылуы сәтті тәжірибе болды. Бұл каналдан  328 шаруа қо­жалығы  орналасқан 3,6 мың гектар жер суарылады. Осылайша, әр шаруа оның шығындары қайда кетіп жатқанын біліп отырады. Бұл тәжірибені ескеріп, 5 жыл ішінде ауқымды түрде 119 магистральді каналды цифрландырып, жылына 2 шақырым текше метр суды үнемдеуді көз­деп отырмыз. Төртіншіден, суару желілерінің қайта жаңғырту міндеті тұр. Қазақстанда 19,5 мың шақырым суару желілері бар десек, оның 3 600 шақырымы бетондалған. Су үнемдеу үшін 10 жылда тағы 13 мың шақырым су желісін жөндеу жоспарлануда. Бесіншіден, 10  жыл ішінде 3,6 шақырым текше метр су жинауға мүмкіндік беретін 39 жаңа су қой­масы салынады. Бұл 137 мың адам тұратын 70 елді мекендегі су тасқыны қаупін сейілтеді. Әлбетте, су қоймалары 394 мың гек­тар суармалы жерді сумен қам­тып, 129 мың жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Қазір Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы салынып жатыр. 28 су қоймасына қатысты техникалық-экономикалық негіздеме, сондай-ақ 3 қойманың жо­балық-сметалық құжаты дайындалуда. Сонымен қатар суармалы жерге байланыс­ты суды пайдаланудың тари­фін қайта қарау қажет. Тарифтер арзан, себебі одан түскен ақша су шаруа­шылығы нысандарын күтіп ұстауға, жөндеу  мен жаң­ғыртуға минималды шы­ғын үшін ғана есептеледі. Өнімнің өзіндік құнындағы су бағасы өте арзан. Мысалға, 1 кило қызанақ өсі­рудегі судың құны шамамен – 4 тиын. Сондықтан су тарифін қай­та қарап, тиімді бағасын қою керек. Өйткені төмен тарифтер жаңа инвестицияның келуін тежейді. Суарудың қарапайым технологиялары жердің 90%-ын­да ирригациялық эрозияның дамуына, топырақтың тұздануына және тағы басқа жағымсыз процес­терге әкеп соқтырады. Елімізде су тапшылығының алдын алуда шаруалардың өзі бұл мәселеге саналы түрде қарап, суды ұқыпты пайдаланулары қажет.

– Трансшекаралық өзен­дерге қа­тыс­ты проблемаларды тарқатып бер­сеңіз. Оларды шешу үшін нақты қандай жұмыс атқарылды?

– Қазақстан географиялық тұрғыдан негізгі ірі өзендердің (Сырдария, Ертіс, Іле, Жайық, Шу, Талас, Емел) төменгі ағысында, орналасқан. Сондықтан шекаралас елдердің, нақты айтқанда Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресей Федерациясының су шаруашылығы саясатына тәуел­­діміз. Өзбекстанға қатысты айт­сақ, су шаруашылығы саласында Сырдария өзеніне бай­ланысты мемлекетаралық қа­тынас Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрік­менстанның Мемле­кетара­лық су ресурстарын пайдалануды бірлесе басқару және қорғау са­­ла­сындағы ынтымақтастық келісімімен реттеледі. Келісім аясында ведомствоаралық үй­лестіру су шаруашы­лығы комиссиясы жұмыс істейді. Сыр­­дарияның негізгі проблемасы – Кеңес Одағы кезеңіндегі су ресурстарын бөлу ережесінің бұзылуы. Тәуелсіздік алғаннан кейін әр мемлекет бөлек саясатын ұстанып, көп жағдайда төменгі жақта орналасқан ел­дер­дің мүддесі ескерусіз қал­ды. Былтыр өзбекстандық әріптес­терімізбен су қатынастары сала­сын­дағы әріптестік туралы Жол картасына қол қойылды. Бұл барлық проблемалық сұрақ пен оның шешілу мерзімін қамтиды. 1991 жылдан кейін салынып, жаңғыртылған су шаруашылығы құрылыстарының бәрін аралап көрдік. Бұл – бұрын су балансында ескерілмей қалған қоймаларды анықтау үшін жасалған жұмыс. Айталық, Сардоба қу қоймасының құрылысы біз­бен келісілмей, оның қолданылуының қауіп­сіздігі тек өзбек тарапының құ­зы­рында болды. Қойманың қирауы біздің Өзбекстан Республикасымен ара қа­тынасымыздағы күрт «бұры­лысқа» алып келді. Өзбек тарапымен мұндай жағдайлардың болмауына тек бірлескен іс-қимыл арқылы ғана қол жеткізуге болады деген ортақ түсінікке келдік. Қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық су нысандарын бірлесіп бас­қару және пайдалану туралы үкі­метаралық келісім бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Құжат 95%-ға бекітіліп, осы мәсе­лені соңына дейін жеткізуге ниеттіміз. Қырғыз ағайындармен арадағы байланысқа тоқталсақ, бізді Шу мен Талас өзендері бірік­тіреді. Бұл бағытта 2000 жыл­дан бері мемлекетаралық қол­даныстағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану туралы Үкіметаралық келісім жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары тиіс­ті су көлемінің 60-70%-ын ғана алып отырмыз. Сол себепті Біш­кектегі әріптестерімізбен жиі кездесіп, вегетациялық кезеңде су нысандарында тәулік бойына кезекшілік қоямыз. Қазақстанға, әсіресе Шу өзені бассейнінде орналасқан мемлекетаралық каналдарға су беру мәселесі дұ­рысталады деп үміттенеміз. Қазақ­стан мен Ресей арасындағы су қатынастары 2010 жылы қол қойылған Транс­шекаралық су нысандарын бірге пайдалану және қорғау туралы келісіммен реттелетінін айта кету керек.­ Бұл орайда соңғы жылдары суы азайып бара жатқан Жайық өзенінің экологиялық жағдайы алаңдатады. Мемлекет басшыларының Омбыдағы Қа­зақ­стан мен Ресейдің XVI өңіраралық форумында берген тапсырмасына сәйкес, Жайық пен Ертіс өзендерін сауықтырудың бір­лескен бағдарламасы дайындалып, қабылданды. Бұған дейін атап өткендей, Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық өзендерге гидрологиялық зерттеу жүргізу бойынша Жол кар­­­тасы қабылданды. Соның не­гізін­де Жайық өзенінің гидро­логиялық режімін зерттеу шаралары қарастырылған. Осы ретте өзен ағынының 90%-ы Ре­сей Федерациясы аумағында қалып­тасатынын айта кеткен жөн. Со­нымен қатар өзендегі судың дең­гейі су тасқыны кезеңінде түсетін су көлеміне де тәуелді.  Бір­лескен жұмыстың нәтижесі өзеннің жоғарғы сағасындағы су қоймаларының пайдалануға бе­рілуі мен Жайық өзенінің негізгі ағындары мен арнадағы тасқын кезеңіндегі «шарықтау шегін» біріктіру болмақ. Сонымен қоса Батыс Қазақстандағы Қараөзен мен Сарыөзеннің жағдайы алаң­даушылық туғызады. Бұл мәсе­лені ресейлік әріптестерімізге жет­кіздік. Нәтижесінде, өзендер­дің су шаруашылығы балансын есептеудің бірыңғай әді­сін жасауға келістік. Бұл ги­дро­ло­­гия­лық режімнің пробле­ма­ларын анықтауға және олар­дың жағдайын жақсартудың бірлес­­кен шараларын қабылдауға септігін тигізеді. Қазір жоғарыда орналасқан өзендерден судың келуін бізге қажет уақытта реттеу келісіміне қол жеткізуде қандай кедергілер бар екенін жіті зерттеуіміз керек. Сондықтан су дипломатиясы бағытында жұ­мыс күшейіп, белсенді түрде жалғасады.

–  Жылдың басында Мем­лекет басшысы жаңа Экология­лық кодекске қол қойды. Бұл рефор­малық құжатта су мәсе­лесі қаншалықты қамтылған?

– Қазақстанның су қауіпсіз­дігіндегі тәуекелдердің дені су ре­­сурс­тарын тиімсіз басқарумен бай­ланысты. Оның басты себеп­терінің бірі – жетілдірілмеген заң. Су кодексі 2003 жылы қа­был­данып, одан бері 17 жыл өт­ті. Бұл орайда су ресурстарын рет­теу заңнамасын қайта қа­рау­ қажеттілігі туындап отыр. Осы­­­ған байланысты жаңа Су ко­­дек­сін дайындауға кірісіп, биыл оның тұжы­рымдамасын әзір­­леуді жоспарлап отырмыз.­ Суды пайдаланудың зама­науи тұ­жы­рымдамасы тек су­ға қа­жет­­тілікті рет­теп қана қой­май, су нысандарымен байланыс­ты табиғи экожүйелерді сақ­тап қалуға мүмкіндік бермек. Су­ды үнемдеуге ынталандыру үшін оны тұтыну саласындағы эко­­номикалық тетіктерді қайта қарап, озық технологияларды ен­гізіп, мемлекет-жекеменшік әріп­тестікті дамытпақпыз.

Әрине, бұл қолданыстағы заңнамада аталған мәселелер қа­ралмаған дегенді білдір­мейді. Бірақ олар түрлі себеп­терге бай­ла­нысты өзектілігін жоғал­тып отыр. Биыл Президент жаңа Эко­логиялық кодекске қол қойды. Жаңа Экологиялық кодекстің негізгі принципі – «Ластаушы төлейді» қағидаты. Осы арқылы өндірушілер қоршаған ортаны ластауға жол бермейтін болады. Озық қолжетімді технологияларды пайдалану экологиялық реттеудің негізіне айналады. Бұл технологиялар кәсіпорындар жұмысының барлық бағытында, атап айтсақ, атмосфераға және суға шығарындарды төмендетуде, сол секілді қалдықты қайта өң­деуде көрініс табады. Табиғи ре­сурс­тарды ұқыпты пайдалану, қоршаған ортаға теріс әсерді болдырмау – еліміздің экожүйесін сақтаудың кепілі. Су ресурстарына ұқыпты қарау – біздің құзырлы орган ретінде келесі қадамымыз. Су кодексі де халықаралық стан­­дарттарға сай әзірленіп, су ре­сурс­­тарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.

Қазір Қазақстан Трансшека­ралық су ағындары мен халықара­лық көлдер­ді қорғау мен пайдалану конвенциясы бюросына төраға­лық етуде. Конвенцияның негізгі қағидатының бірі – келер ұр­пақ­қа жеткілікті болатындай су ресурстарын қалдыру және бас­­қару­ды жүзеге асыру. Жаңа Су ко­дексі біздің келер ұрпақ ал­дын­дағы міндет­терімізді ескере отырып дайын­далмақ.

 

Әңгімелескен

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше