Саясат • 26 Қаңтар, 2021

Өнеркәсіпке өріс ашқан құрылым

227 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақстанның даму банкі» АҚ былтыр еліміздің өңдеу өнеркәсібіне және инфрақұрылымына 506,2 млрд теңге инвестиция құйды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызы зор 34 ірі жобаны қаржыландырды.

Өнеркәсіпке өріс ашқан құрылым

 

2020 жылы әлемдік эконо­ми­каның даму қарқыны баяулап, өндіріс көлемі айтарлықтай құл­дырағаны белгілі. Бұл жағ­дай «Қазақстанның даму банкі­нің» несие беру қызметіне әсер етпей қойған жоқ. Соған қара­мас­тан банк өткен жылды оң көр­сет­кіштермен аяқтады. Алдын ала қорытындыларға сүйен­сек, банктің таза табысы 25,4 млрд теңгені құрапты. 2019 жыл­мен салыстырғанда даму инсти­ту­ты­ның меншікті капиталы 21 па­йызға көбейіп, 516 млрд теңгеге жеткен.

«Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Абай Сар­құ­ловтың айтуынша, банк коро­навирус пандемиясына бай­ла­нысты қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан, несие қор­жынын ұлғайтуды жалғас­ты­руда. 2020 жылдың алдын ала қорытындылары бойынша оның көлемі 1 трлн 974 млрд теңгеге жеткен. Көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 14,2 пайызға жоғары. 

– 2020 жылы жалпы сома­сы 195,4 млрд теңге болатын 9 инвес­тициялық жоба мен 4 экспорттық операцияны қаржыландыру мақұлданды. Оның қатарында Hyundai жеңіл автомобильдерін шы­ғаратын зауыт құрылысы, Қара­ғанды қаласында кен байы­ту фабрикасын салу әрі құю өндірісін жаңғырту, агломера­циялық фабрикасы бар Сарыарқа фер­роқорытпа зауытын салу, «Ке­руен-Сарай» туристік кешенінің құрылысы, сондай-ақ Жамбыл об­лысы Қордай ауданындағы бес елді мекенге газ құбырын тарту сияқты ірі жобалар бар, – деп нақтылады Абай Сарқұлов Ор­талық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте.

Басқарма төрағасының ай­туынша, былтыр банк қаражатына 9 ірі кәсіпорын жаңғыртылып, пайдалануға берілген. Оның бәрі өңірлердің дамуына әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан айтар­лықтай серпіліс әкелген жоба­лар. Соның нәтижесінде рес­публика бойынша 1 942 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар банк қолдау көрсеткен кәсіпорындардың республикалық бюджетке 17 млрд теңгеден астам түсім әкелгенін атап өткен жөн.

– Қайта жаңғыртылып, іске қосылған жобалардың ішінде өндірістік алыптардан бөлек, «жасыл» технологиялар да бар­шылық. Мәселен, Ақмола облысында «Астана ЭКСПО-2017» жел электр стансасының 50 МВт-тық екінші кешені мен Алматы облысында «Қаскелең 50 МВт» күн электр стансасының құрылысын атап өтуге болады. Сондай-ақ Маң­ғыстау облысында «Aktau Resort Hotel» көпфункционалды қонақүй-туристік кешені мен Ал­матыда Hyundai жеңіл автомо­бильдерін шығаратын зауыт пай­далануға берілді. «Транстелеком» АҚ теміржол желілері бойындағы байланыс платформасының ап­па­раттық-бағдарламалық кешенін іске қосу жүзеге асырылды, – деді А.Сарқұлов.

Былтыр қор жинау көлемі 542 млрд теңгені құраған. Оның 74,9 па­йызы – нарық қаражаты. Бұл ретте банк мемлекеттің әрбір теңгесі­не 2,98 теңге нарықтық қарыз тартқан. «Қазақстанның даму банкі» қор жинау құрылы­мындағы мемлекеттік қаражат үлесін төмендету үшін ішкі және халықаралық капитал нарық­тарынан қарыз тартудың түрлі көздерін пайдаланады.

– Мәселен, тартылған нарық қара­жатының 35 пайызын банк­а­ралық қарыздар, 15 пайызын теңгемен деноминацияланған еу­ро­облигациялар, 40 пайызын жергілікті облигациялар, 10 пайызын басқа қаржы инсти­ту­тта­ры­ның депозиттері құрады. Несие қор­жынының құрылымындағы теңгедегі қарыздардың үлесі 2013 жылмен салыстырғанда 54,5 па­йызға дейін немесе 1 трлн 76 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. 2013 жылы аталған көрсеткіш 20,5 пайызға немесе 78 млрд теңгеге тең еді, – деді басқарма төрағасы.

«Қазақстанның даму банкі» АҚ 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық да­му бағдарламасының негізгі опе­раторы ретінде 544,2 млрд тең­г­еге 26 инвестициялық жобаны қар­жыландыруды мақұлдаған. А.Сарқұловтың айтуынша, атал­ған жобалар елдің әлеуметтік-эко­н­­о­микалық жағдайына оң әсер еткен.

– 2015-2020 жылдары 5,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Өткен жылдың 9 айының қоры­тындысы бойынша сатылған өнім көлемі 1 трлн 349 млрд теңгені, экспорттық өнім көлемі 1 трлн 44 млрд теңгені құрады. Бұл рет­те бюджетке түсетін салық тө­лемдерінің көлемі шамамен 187 млрд теңгеге жетті, – деді ол.

«Қазақстан даму банкінің» стратегиялық жоспарына сәйкес, биыл 820 млрд теңгеге жобаларды қарастыру жоспарлануда. Сондай-ақ 460,8 млрд теңгеге қарыз беріледі деп күтілуде. Жал­пы, банк осы жылы 10 өндірісті жаңғыртып, пайдалануға беруге ниетті.