Қаржы • 26 Қаңтар, 2021

Базалық мөлшерлеме белгіленді

305 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдады. Комитет шешімімен базалық мөлшерлеме жылдық 9 пайыз деңгейінде қалдырылған.

Базалық мөлшерлеме белгіленді

Тиісінше өтімділікті ұсыну жө­ніндегі тұрақты қолже­тімді операциялар бойынша мөл­шерлеме 10,00 пайыз және өтім­ділікті алу жөніндегі тұрақты қол­жетімді операциялар бойын­ша мөлшерлеме 8,00 пайыз болады. Шешім инфляцияны орта мерзімді кезеңде 4-6 пайыздық нысаналы дәлізге қайтару мақсатында қа­былданып, тәуекелдер теңге­рі­мінің проинфляциялық факторлар жағына қарай ығысуымен негізделген.

«Сыртқы және ішкі инфля­циялық қысым ұлғайды, азық-түлік бағасының одан әрі көтерілу тәуекелі артты, инфляциялық күтулердің жоғарылауы бай­қа­лады. Сонымен қатар елде және әлемде коронавирус инфекция­сына байланысты белгісіздік сақталуда. Жылдық инфляция 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша Ұлттық банктің болжамына сәйкес қалыптасып, 7,5 пайыз болды. Азық-түлік инфляциясы әлемдік баға мен ішкі өндірушілер бағасының серпініне байланыс­ты майдың, жұмыртқаның, қанттың және көкөністердің айтарлықтай қымбаттауы нәтижесінде 11,3 пайызға (ж/ж) дейін жылдамдады» делінген хабарламада.

Бас қаржылық қадағалау­шы­ның хабарлауынша, азық-түлік емес инфляция 5,5 пайыз (ж/ж) бол­ған. Киім, аяқ киім, ЖЖМ бағасының өсуі бәсеңдеген кезде эпидемиялық жағдайға, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу және оқу жағдайында сұраныстың сақталуына байланысты дәрі-дәрмектер, үй тұрмысындағы заттар мен тұрмыстық техниканың бағасы көтерілді.

«Базалық инфляция көрсет­кіш­тері инфляциялық процес­тер­дің жылдамдауын көрсетеді. Мәселен, жемістер мен көкө­ністерді, реттелетін коммуналдық қызметтер, теміржол көлігі, байланыс, бензин, дизель отыны мен көмірді қоспағанда жылдық көрсеткіштегі маусымдық таза базалық инфляция 2020 жылғы желтоқсанда 7,9 пайызға дейін (қыркүйек-қазанда – 5-6 па­йыз) жылдамдады. Инфляциялық күтулер 2020 жылғы желтоқсанда бір жыл бұрын күтілетін инфляцияны сандық бағалау 7,6 пайызға дейін аздап төмендеген кезде жоғары болып қалып отыр. Қазіргі немесе бағалардың неғұрлым жылдам өсуін күтетін респонденттердің үлесі 50 пайыз болды (2020 жылғы қарашада – 52 пайыз)» делінген хабарламада.

Ұсынылған деректе ел эконо­микасының 2020 жылы 2,6 па­йызға қысқарғаны айтыла­ды. Жалпы ішкі өнімнің қысқаруына тау-кен өндірісі, сауда және көліктің төмендеуі теріс әсерін тигізген. Тау-кен өнеркәсібіндегі құлдырау мұнай мен газ конден­сатын өндіру көлемінің төмен­деуіне байланысты. Көліктің қыс­қаруына жүк айналымы мен жолаушылар айналымы көле­мінің төмендеуі ықпал еткен.

«Ұлттық банктің кәсіпорындар арасында жүргізген сауалдама нәтижелері нақты сектордағы ахуалдың жақсарғанын көрсетеді. 2020 жылғы шілдеден бастап іс­керлік белсенділік индексі жел­тоқ­санда 49,0 тармақты құрап, 50 тармақ белгісіне қарай өсуді жалғастырып келеді. Кәсіп­орындар бизнесті жүргізу жағ­дай­ларының жақсарғанын атап өтеді – Қазақстан экономикасы бойынша бизнес-климат индексі 2020 жылғы желтоқсанда 4,2 (қарашада – 1,3) болды. Пандемия аясында әлемдік экономикадағы ахуалдың нашарлауы Қазақстан халқының номиналды ақшалай кірісі өсуінің – 2020 жылғы наурыздағы 13,8 пайыздан қарашадағы 2,1 пайызға дейін (ж/ж) біртіндеп баяулауына да әсер етті. Сонымен қатар, инфляциялық процестердің жылдамдауы халықтың нақты ақшалай кірісінің төмендеуіне алып келді (2020 жылғы қара­шада 4,8 пайызға қысқарды). Осы­ған қарамастан, екінші жарты­ жыл­дықта негізінен азық-түлікті тұтынуға және азық-түлікке жат­пайтын тауарларды тұтыну­дың әлсіреуіне байланысты үй шаруа­шылықтарындағы тұтыну­шылық сұраныстың біршама қалпына келуі байқалады» деп жазады Ұлттық банк.

Қазіргі кезде дамыған ел­де­р­дің өнеркәсіп секторы және Қытайдағы сыртқы сауда көр­сет­кіштерінің одан әрі өсуі әлемдік экономикаға айтарлықтай қолдау көрсете бастаған. Ал сауда әріптес елдердегі жылдық инфляция серпіні әртүрлі бағытта. 2020 жылғы желтоқсанда ЕО-да жылдық инфляция 0,2 пайыз деңгейінде қалыптасса, Қытайда 2020 жылғы қарашада дефляция­дан кейін инфляция 0,2 пайызға дейін өскен. Өз кезегінде Ресейде инфляцияның 4,9 пайызға дейін үдеуі байқалады, бұл азық-түлікке әлемдік бағаның өсуімен бірге сыртқы инфляциялық әсердің артқанын көрсетеді.

«Мұнай нарығының даму перс­пективаларының белгісіз­дігіне қарамастан, халықаралық ұйымдардың соңғы болжамдарында күтілетін мұнай тұ­тыну бойынша бағалау шамалы жоғарылады. Сонымен қатар, мұнай бағасының қазіргі қал­пына келуіне байланысты мұнай ұсынысы да ұлғаяды деп күт­і­леді. EIA болжамдары бойынша 2021 және 2022 жылдары Brent сұрыпты мұнайдың бағасы тиі­сінше орта есеппен барреліне 52,8 және 53,4 АҚШ долларын құ­райды» деп болжам жасайды Ұлттық банк.