Медицина • 26 Қаңтар, 2021

Ковидті емдейтін дәрі-дәрмектердің бағасы 27%-ға төмендеді — А. Цой

104 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанда вакцинация басталар алдындағы дайындық жұмыстары аяқталуда. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады, деп жазады Egemen.kz Премьер-Министрдің ресми ақпараттық сайтына сілтеме жасап.

Ковидті емдейтін дәрі-дәрмектердің бағасы 27%-ға төмендеді — А. Цой

COVID-19 вирусын жұқтыру бойынша жалпы әлемдік рейтингте Қазақстан 1 млн адамға шаққанда 221 мемлекеттің ішінде 109-орында тұр. Өлім-жітім бойынша Қазақстан рейтингте 97-орында, COVID-19 тестіленушілер саны бойынша — 69-орында, сауыққандар саны бойынша — 87-орында, ауыр жағдайлар саны бойынша —  50-орында.

«Пандемия басталғаннан бері Қазақстанда  COVID-19 оң нәтижесімен 179 720 науқас және КВИ- нәтижесімен 47 445 жағдай тіркелді. Науқастардың 87%-ы сауығып кетті. Бүгінгі таңда инфекциялық стационарлардың жүктемесі — 31%, реанимациялық төсек-орындардың жүктемесі 19% құрайды», — деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын матрицаға сәйкес эпидемиялық жағдайға бағалау жүргізеді. Мәселен, 26 қаңтардағы жағдай бойынша «қызыл аймақта» 8 өңір бар: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары.

Бұл ретте Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында эпидемиологиялық ахуалға тиісті бақылаудың жоқтығы байқалады.

«Нәтижесінде, елдегі аурулардың 40%-ы осы аймақтарға тиесілі. Осыған байланысты осы өңірлердің әкімдері тиімді қосымша шектеу шараларын қабылдап, олардың сақталуын бақылауды қамтамасыз етуі қажет», — деді А. Цой.

Жалпы республика бойынша қараша айынан бастап КВИ ауруының өсуі байқалады, желтоқсан айында қараша айымен салыстырғанда 1,2 есе өсу байқалды. Орташа өсу үрдісі қаңтар айында да сақталды. Мәселен, қаңтар айында КВИ-мен ауырудың 24 247 жағдайы тіркелген.

Шығыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлерде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады.

Науқастарға көмек көрсету үшін Қазақстанда 74 мыңнан астам дәрігер тартылған, оның ішінде 28 мыңға жуығы — бейінді мамандар.

Ауыл халқының медициналық көмекке қолжетімділігі қолда бар жылжымалы медициналық кешендер есебінен, оның ішінде 2020 жылы қойылған 100 ЖМК есебінен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, 2020 жылы өңірлерге 1167 бірлік санитарлық автокөлік келіп түсті. Инфекциялық стационарларға 5 мыңнан астам ӨЖЖ аппараты жеткізілді, шамамен 43 мың төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілді.

Бұдан басқа, 15 инфекциялық стационар салынды, 3 қайта бейінделген нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды, 1 нысанның құрылысын ағымдағы жылдың ақпан айында аяқтау жоспарланып отыр.

Барлық өңірлерде жалпы сомасы 17 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды.

«Бірыңғай дистрибьютордың 4 хабында COVID-19 бойынша дәрі-дәрмектердің екі айлық жаңартылатын қоры, 10 млн маска және 400 мың жеке қорғаныс құралдары қалыптастырылды. Тестілеу қуаты тәулігіне 40 мыңнан 100 мыңға дейін артты. Осылайша, қабылданған шаралар COVID-19 ауруының ағымдағы өсуін ескере отырып, халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді денсаулық сақтау министрі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 1 ақпанда республикада вакцинация науқаны басталады деп жоспарлануда.

«Вакцинация вакцинаның түсуін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жыл соңына дейін 6 млн-ға жуық қазақстандықты вакцинациялау жоспарланған. Бірінші кезеңде вакцинация КВИ-мен күресудегі "алғашқы желі" қызметкерлеріне жасалады — бұл медицина қызметкерлері, педагогтар және күш құрылымдарының қызметкерлері», — деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта вакцинацияны бастауға дайындық жұмыстары аяқталуда. Жүйелі есепке алу мақсатында вакцинациялаудың электрондық паспорты әзірленді. Вакцинация жүргізу туралы деректер министрліктің орталықтандырылған ақпараттық жүйесінде электрондық форматта жүргізілетін болады.

«Веб-қосымшада пациент пен медицина қызметкерінің m-gov мобильді қосымшасында ақпаратты қолмен енгізуге мүмкіндігі бар», — деп қосты А. Цой.

Сондай-ақ, министр 2021 жылдың соңына дейін эпидемиологиялық ахуалды дамыту жөніндегі болжамдарымен бөлісті. Мәселен, міндетті маска режимін, әлеуметтік ара қашықтықты және күтілетін вакцинацияны қоса алғанда, қолданыстағы шектеу шараларын сақтай отырып, ауру жағдайларын тіркеудің ықтимал өршуі осы жылдың наурыз айының соңында орын алуы мүмкін.

Оптимистік сценарий бойынша тәулігіне 3 мың жағдайға дейін тіркеу күтілуде, ал төсек-орын қорының қамтылуы 24 мың төсек-орынға дейін жетуі мүмкін.

Пессимистік сценарий бойынша тіркеу тәулігіне 9 мың жағдайға, ал төсек-орын қорын қамту 45 мың төсек-орынға дейін жетуі мүмкін, бұл денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктемеленуіне жол бермеу үшін қатаң карантин шараларын енгізуді қажет етуі мүмкін.

Болжам бойынша, бірінші жартыжылдықта 2 млн адамды вакцинациялау 40 мыңға дейін тіркелетін жағдайды азайтады. Вакцинациядан болатын әсер бірінші кезеңде иммунитетті қалыптастыруға қажетті уақытпен және халықтың көп санын бір мезетте вакцинациялаудың мүмкін еместігімен шектелетін болады. Кейіннен вакцинацияның әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әсер етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұрақтарына жауап бере отырып, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп жұмыс істегеннен кейін дәрілік препараттардың бағасын 27%-ға төмендетуге қол жеткізілгенін айтты.

Сондай-ақ, «Халық денсаулығы туралы» Кодекске түзетулер енгізу, атап айтқанда, бөлшек сауда нарығындағы бағаларды реттеуді жою жоспарда бар. Министрдің айтуынша, осының арқасында бөлшек сегменттегі бағаны төмендету үшін қосымша негіз құруға болады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы баяндады.

«Қазір нақты жоспар әзірленді, ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бақылауында. Біз құрамына азаматтық қоғам өкілдері мен депутаттар қатарынан 23 адам кіретін қоғамдық жұмыс тобын құрдық. Сондай-ақ, біздің “СҚ-Фармация”-ның бақылаушы кеңесі қосымша қоғам өкілдерін де қосты. Дәрілік заттарды сақтау және тасымалдау бойынша қызметтерді электрондық сатып алуға көшу өте маңызды. Қазір ол толықтай электронды. Биыл біз дәрі-дәрмектерді сатып алу процесін толығымен автоматтандыруды және оны 100% жаңа форматқа көшіруді жоспарлап отырмыз, бұл да оң нәтижесін береді», — деді ол.

А. Цойдың айтуынша, осы өзгерістердің арқасында өткен жылмен салыстырғанда шамамен 32,7 млрд теңге үнемделді. Сондай-ақ, «СҚ-Фармация»-ны қайта жүктемелеудің жеке бағдарламасы әзірленді. Қазір дамудың жаңа стратегиялары жасалды. Мәселен, өткен жылы саланы ынталандыру үшін отандық тауар өндірушілермен 24 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. Дәрілік заттар мен бұйымдардың 1465-ке жуық жаңа атауы мәлімделіп, Қазақстан ішінде шығарылатын болады.

Медициналық мекемелердің вакцинациялауға дайындығына қатысты, денсаулық сақтау министрі барлық медициналық ұйымдардың тиісті оқытудан өткендігі туралы баяндады. Олардың әрқайсысы вакцинация бойынша барлық мүмкін сұрақтарды талдап, «суық» тізбекті қамтамасыз етті.

«4 градустан 8 градусқа дейінгі температуралық режимде бұл логистикалық желі салынған. Ол жұмыс істейді. Біз үшін тізбекті -20 форматында қамтамасыз ету қосымша қиындық болды, өйткені алғашқы вакцина ресейлік "Спутник V" болады. Өңірлермен тиісті жұмыстар жүргізілді, қосымша тоңазытқыш жабдықтары сатып алынды. Өңірлердегі “СҚ-Фрамация”-ның барлық хабтарында бұл жабдық бар. Қазір логистика тексерілуде», — деді денсаулық сақтау министрі.

Сондай-ақ, ол медицина қызметкерлерін оқыту бойынша операциялық процедураның арнайы стандарты және вакцинаны қолдану жөніндегі нұсқаулықтың жасалғанын айтты. Сонымен қатар, қазіргі уақытта министрлік БАҚ-та жариялау және халыққа вакцинацияның пайдасы, кезеңдері, көрсеткіштері мен қарсы көрсетілімдері, медициналық қарсы көрсетілімдері туралы ақпаратты жеткізу үшін материалдар дайындады.