Президент • 27 Қаңтар, 2021

Мақсат – пандемияны еңсеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру

1117 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Еліміздің дамуындағы маңыз­­ды стратегиялық мәсе­­лелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың төрағалығымен өткен Үкі­­меттің кеңейтілген отыры­сында жан-жақты талқыланды.

Мақсат – пандемияны еңсеріп, халықтың әл-ауқатын арттыру

Шағын және орта кәсіпкерлікке назар

Пандемиядан зардап шеккен экономиканы қалпына келтіру, індеттің ықтимал тәуекелдеріне дайындық жұмыстарын пысықтап, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын көтеру қажет. Егемен еліміздің 30 жылдық мерейтойында артық даңғаза мен ысырапшылдыққа жол бермей, халқымыздың ауызбірлігі мен ынтымағын нығайтып, өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын мемлекетіміздің құндылықтарын дәріптеуге басымдық берілуі тиіс.

Осы және өзге мәселелер қа­­ралған алқалы отырыста ал­ды­­­мен Президентке еліміз­дің был­­тыр­­ғы кезеңдегі әлеуметтік-эконо­микалық көрсеткіштері баяндалды. Үкіметтің атқарған жұмысына қаныққан Мемлекет басшысы алда іске асырылатын негізгі міндеттер мен жіберілген олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған жос­парларға тоқталды.

«Біріншіден, экономикалық бел­сенділікті қолдау. Пандемия мен карантин шектеулері, сау­да қатынастарының бұзылуы елі­міздегі іскерлік белсенділікке кері әсерін тигізді. Көптеген ірі кә­сіп­орынның көрсеткіші төмендеді. Әсі­ресе, шағын және орта бизнес қатты зардап шекті. Былтыр дағ­дарысқа қарсы бірқатар шара қа­былданды. Оның ауқымы аса зор болғаны және жедел жүзеге асырылғаны баршаңызға белгілі. Бизнестің сұранысына ие болып отырған маңызды шаралар осы жылдың соңына дейін ұзартылды. Шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне жұмыс тауып беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, оның ахуалы қандай болса, халықтың жағдайы соған пара-пар келеді. Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуға тиіс. Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде осыған қажет іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – ха­лықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау-бизнес» бағыты бойынша 150 мың­нан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 па­йызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам мемле­кет қолдауынан тыс қалды. Әсі­ресе, бағдарламаның ауылдағы түлек­теріне қаржы жетпей жатыр. Сон­дықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауымыз керек. Халыққа берілетін шағын несиелердің ставкасы 6 пайыздан аспауға тиіс», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Жергілікті қамту үлесіне басымдық берілуі тиіс

Президент Үкімет мүшелері мен әкімдердің сатып алу бағы­тын­да жергілікті өнімнің үлесін арт­тыруда жүргізілген жұмыс­тар­ын сынға алды. Айталық, был­тыр 9 айда тауарға, жұмысқа және қызмет көрсетуге қатысты са­тып алуларды реттеудің жалпы көлемі 12,5 трлн теңгені құраған еді. Алайда жергілікті тауарлар мен қызмет көрсетуге бар болғаны 6,4 трлн теңге немесе қаржының 52 пайызы бөлінді. Сәйкесінше, эко­номикаға аталған қаражаттың жартысына жуығы жұмсалмаған.

«Отандық тауарлар мен қыз­мет­терді сатып алуға ең аз қаражатты мемлекеттік органдар жұмсайды. Жергілікті қамту тек 30 пайызды көрсетіп отыр. Инфрақұрылымдық бағдарламаларды іске асыру аясында мемлекеттік органдар осы көрсеткіш бойынша 90 па­йыз деңгейге жетуі тиіс еді. Іс жү­зінде қазақстандық қамту 83 пайыз ғана қамтамасыз етілді. «Нұрлы жер» жобасына сәйкес, сегіз өңірде жүктелген тапсыр­ма орындалмаған. Нашар көр­сет­кіштер елордада 59 пайыз, Түр­кіс­тан және Павлодар облыстарында 64 және 61 пайыз. «Жұмыспен қам­тудың жол картасы» аясында жергілікті қамтудың үлесі 87 пайызды құрады. Жеті өңірде жос­парлы көрсеткіштердің бұзылуына жол беріліп отыр. Атап айтқанда, Ал­маты облысында 60 пайыз, Қы­зылорда облысында 73 пайыз және Маңғыстау облы­сында 80 пайыз.

Бұл ретте қа­зақстандық қамту үлесін арттыру жөніндегі міндетті ешкім алып тастамағанын тағы да ескерткім келеді. Бюджеттің триллиондаған қаражатын импортты субсидиялауға біздің құқығымыз жоқ. Сондықтан бюджет әкімшілері бұған жеке жауап береді», деді Мемлекет басшысы.

Әйтсе де бұл бағытта оң мысалдар да бар. Мәселен, пандемия кезеңінде «Самұрық-Қазына» холдингі жұмыс орындарын сақтауға кепілдік беретін ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттар жасасу тәжірибесін қолдана бас­тады. Нәтижесінде, 200 мыңнан астам жұмыс орны сақталды. Бірақ та мемлекеттік сатып алуларда аталған тиімді құрал белсенді түрде қолданылмайды. Осыған бай­ланысты Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекке дейін офф­тейк-келісімшарттар арқылы, яғни өнімді кепілді түрде сатып алу жүйесімен өндірістерді құру мен оларды кеңейту жөніндегі кешенді жоспарды бекітуді тапсырды.

«Біз жұмыспен қамтудың жол картасын қабылдап, оған 1 трлн теңге бөлдік. Бұл қаражаттың 98,2 пайызы игерілді. Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарды. Алайда ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді. Азаматтарды қағаз жү­зін­де ғана жұмысқа орналасты­ру белең алып отыр. Бірыңғай ақпа­раттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адам­дардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты. Мұндай жағдай, әсіресе Түркістан (79 %), Қызылорда (43 %) және Жамбыл облыстарында (36 %) анықталып отыр. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Мен бұған дейін осындай есептерді автоматты түрде қай­та тексеру тәсілдерін енгізу туралы тапсырма бердім. Алайда Мем­ле­кеттік кірістер комитеті мен Бірың­ғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл тапсырманы әлі орын­даған жоқ. Дағдарысқа қарсы шара­лардың тағы бір кемшілігі – бюд­жетке түсетін салықтың азды­ғы. «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасына» бөлінген 1 трлн-нан небәрі 5,5 млрд теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз! Мемлекеттік кіріске жауап­ты органдар мәселені қатаң бақы­лауға алуы керек. Қажет болса, құқық қорғау органдарын да осы жұмысқа тартамыз», деді Пре­зидент.

1

 

Жайылымдық жерлерді қайтаруды тапсырды

Сол секілді Мемлекет басшы­сы ауыл шаруашылығы саласын­дағы жер қатынастары мәселесіне ерекше тоқталды. Биыл Жер кодек­сінің жекелеген нормаларына жарияланған мораторийдің мер­зімі аяқталады. Осыған қатыс­ты Президент Жер жөніндегі ко­миссияның жұмысын қайта жандандыру қажет екенін айтты.

«Жайылымдар мәселесіне ар­найы тоқталғым келеді. Бұл жерлер, ең алдымен ауыл тұрғын­дарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмыс­ты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғын­дары мал жаятын жайылым тап­пай қиналуда. Әсіресе Алма­ты, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жа­йы­лымдардың 99 пайызы шаруа қо­жалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жа­йылады. Қалған 46 млн гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкі­метке Бас прокуратурамен бір­лесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайта­рып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұр­ғындарының игілігіне берген жөн. Менің тапсырмаммен Агро­өнеркәсіп кешені туралы ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Алдағы бес жылда бұл мәселені шешуге тиіспіз. Оны алдағы мау­сымнан қалдырмай Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында қарауды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Президент су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне де ден қойды. Бұл ұлттық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде маңызды мәселе екені даусыз. Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су ресурс­тарын басқарудың ұлттық жобасы дайындалмақ. Мысалы, қазір Жайық өзені айтарлықтай тартылып, экологиялық ахуалы күрт нашарлап барады. Былтыр желтоқсанда Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының 2024 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданып, бұл құжаттың негізгі мақсаты Жайықтың экожүйесін сақтауға бағытталды. Осы орайда Қ.Тоқаев Үкіметке оны сапалы жүзеге асыруды жүктеді.   

 

Оқыту жүйесі сынақ жүргізетін алаң емес

Былтыр отандық білім беру жү­йе­сі күрделі күйзеліске толы сы­нақ­тан өткен болатын. Білім беру са­ласына ерекше тоқталған Пре­­зидент осы бағытта әлі де ше­шіл­меген проблемаларды тізбек­теді.

«900 мыңға жуық бала 11 мың мектепке дейінгі білім беру меке­мелерінде тәрбиеленуде. Оның 36 пайызында кәріз жүйе­сі жоқ. 29 пайызы ыстық сусыз және 11 пайызында та­лапқа сай дәретхана қарастырыл­маған. Шындығына келсек, балала­рымыздың басым бөлігі өмірінің алғашқы алты жылын өмір сүру үшін арпалысумен өткізетіндей. Әкімдердің на­зарын осы күрделі мәселеге ауда­р­ғым келеді. Мұндай жағ­дайда бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жөнінде айтудың өзі қиын. Мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек мәселесі де әлі шешілмеген. 1-ден 3 жасқа дейінгі балаларды қамту үлесі төмен деңгейде. Небәрі 48 пайыз. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, аталған проблемаларды шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеуді тапсырамын. Ол балаларды ерте жастан дамыту жүйесін, мектепке дейінгі оқытудың балама нысандарын құру, мектептен тыс қосымша білім беруде ваучер міндеттерін және басқа да мәселелерді қамту тиіс», деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы отандық оқулықтардың сын көтермейтінін ескертіп, ондағы мәліметтер бұрмалаусыз жазылуы тиіс екенін жеткізді.

«Мектептегі білімге қатысты айтар болсақ, халықаралық бағалау жүйесі көрсеткендей мектептердегі білім сапасының жүйелі түрде нашарлағаны байқалады. Бұл тұтастай ұлттың бәсекеге қабі­лет­тілігіне қатер тудырады. Осы­ған орай түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Бүгінде мектеп бағдарламасына жаңа пәндерді енгізуге арналған көптеген бас­тама көтерілді. Оқыту жүйесі бұл тәжірибе жүргізетін сынақ алаңы емес. Мұның барлығы негізгі пәндерді оқытуға бөлінген сағат санының азаюына әкеледі. Бұл ретте елімізде ең жоғары оқу жүктемесі, яғни 67 сағатты құрайтынын айта кеткен орынды. Финляндия мен Оңтүстік Кореяда ол небәрі 39 сағатты, ал АҚШ-та 55 сағатты құрайды. Оқу­лықтардың сапасына қатысты мәсе­лелер де жеткілікті. Қазір мектептерде еліміздің және әлемнің тарихына қатысты оқулықтар қолданылып жүр, онда көптеген сәйкессіздіктерді байқауға болады. Бірнеше оқулықты өзім оқып, сапасының төмендігіне таң­ғалдым. Тарихи оқиғалар мен фак­тілер оқушыларға бұрмалаусыз жеткізілуі керек. Сондықтан Қазақстан тарихы мен Дүние жүзі тарихы бойынша бірыңғай мектеп оқулықтарын әзірлеп, енгізуді тапсырамын. Бүгінде ерекше білімді қажет ететін балалардың саны өсуде. Олар ерекше қамқорлықты қажет етеді. Үкіметке нақты қажет­тіліктер мен заманауи стандарт­тарды ескеріп, қаржыландыру нор­мативтерін жаңарту жөнінде шара­лар қабылдауды тапсырамын», деген Президент Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасы аясында 2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп салу міндеті тұрғанын айтты.

 

Вакцина ұлт саулығын сақтайды

Пандемияның сынақ режімінде, әсіресе отандық денсаулық сақтау саласына әжептәуір салмақ түскені рас. Салада жүйелік кемшіліктер анықталып, медициналық қыз­меттер зардап шегіп, бұл халықтың денсаулығына бірден әсер етті.

«Былтыр 156 анадан айыры­лу өлім-жітімнің 2,8 есеге өс­кенін көрсетеді. Бұл статистика жай сандар емес, 156 отбасы үшін орны толмас қайғы. Ана өлімінің негізгі себептерінің арасында жылдан-жылға перзентханалардың нашар жарақтандырылуы түрт­кі болуда. Реанимациялық бөлім­ше­лердің де жабдықталуы көңіл көншітпейді. Ауыр науқастарды емдеуге арналған жабдықтар мен арнайы материалдар жоқтың қасы. Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесіп, кәсіби қауымдастықтарды тарту арқылы барлық денсаулық сақтау ұйымдарына керек-жарақ қондырғыларды түгендеуді тапсырамын. Бұл ретте босандыру және реанимация қызметтеріне басымдық беріп, сондай-ақ оларды медициналық жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен және бұйымдармен жарақтандыру бойынша шаралар қабылдау маңызды. Азаматтардың жекелеген санаттарына заң бойынша тегін берілетін дәрі-дәрмектер мен құралдардың берілмей жатқан фактілеріне жіті назар аудару қажет. Көбінесе медициналық мекемелерде дәрі-дәрмек табылмай, салдарынан халық, оның ішінде аз қамтылған азаматтар дәріні өз есебінен сатып алуға мәжбүр. Ал шенеуніктердің есептеріне сенсек, барлығы сатылып, дәрі-дәрмек 100 пайыз игерілген. Бас прокуратураға осы мәселеге ішінара тексеру жүргізу тапсырылды. Оның нәтижесіне сәйкес кінәлі адамдарға шара қолдану керек. Жалғыз жаза арқылы мәселе шешілмейді Әр азамат өзіне не керек екенін біліп, дәрі-дәрмектерге тапсырыс беру кезінде оларды онлайн алынғанын растау үшін жаппай цифрландыруды енгізу маңызды. Бұл қызмет орталықтандырылған және белсенді болуы керек. Бюд­жет шығындарына өте мұқият болған жөн. Дәрі-дәрмек бағасын рет­теудегі кемшіліктер, сондай-ақ бірқатар дистрибьютор-импорт­та­у­шылардың әрекеттеріндегі бағаға байланысты ымыраласу  белгілері үнемі анықталып жа­тыр. Бағаның арзандауы меди­циналық бұйымдар мен препарат­тар сапасының төмендеуіне әкел­меуі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бюджет есебінен сатып алынатын дәрілік заттардың барлық санаттары бойынша осы бағыттағы жұмысты жалғастыруды тапсырамын», деді Президент. 

Бұған қоса, Қ.Тоқаев коронавирус сырқатына байланысты өңірлер шынайы статистикалық де­ректерді ұсыну керектігін айт­ты және індетпен күресте вакци­на­лау­дың маңызы зор екенін жет­кізді.

«Әлбетте, бұл жағдайды еңсе­рудің тиімді және жүйелі жолы – жаппай вакциналау. Бұл кейбір арандатушылар айтқандай, вакциналау мәжбүрлі түрде жүргізіледі дегенді білдірмейді. Бірақ халық вакциналау қиын жағдайдан шығудың жолы екенін түсінуі керек. Оны сапалы жүзеге асыру үшін барлық жағдайды қарастыру маңызды. Бұл науқан жоғары ұйымдасқан деңгейде жүргізілуі керек. Дайындық жұмыстарын тал­дау нәтижесі вакцинаны сақ­тауға арналған тоңазытқыш жаб­дық­тарының жетіспейтінін анықтады. Әсіресе күрделі жағдай Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түр­кістан облыстарында қалып­тасып отыр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, толыққанды дайындықты қамтамасыз етуді және жаппай вакциналауға 1 ақпаннан бастап кірісуді тапсырамын. Отандық вакцинаны тестілеудің оң нәтижесіне үміттенеміз. Бұл жағдайда өз басым қазақстандық вакцинаны қолданатынымды айтқым келеді», деді Мемлекет басшысы.

 

«Жасыл Қазақстан» жобасын әзірлеуді тапсырды

Бұдан басқа Қ.Тоқаев экология саласына да назар аударды. Оның халықтың тұрмыс сапасына ықпалы зор. Алайда Президенттің айтуынша, еліміздегі ахуал ойда­ғыдай емес. Сауалдама кезінде азамат­тарымыздың 48 пайызы ғана экологиялық жағдайға көңілі­міз толады деп жауап берген екен. 

«Осыған орай жаңа Эколо­гиялық кодекс қабылданды. Бұл жұртшылықтың талап-тілегін еске­ріп дайындалған жүйелі әрі кешенді құжат. Сондай-ақ кодекс озық халықаралық стандарттарға сай келеді. Экологиялық қауіп­сіз­дікті нығайтуға арналған тиімді бағдарламаларды жүзеге асырған жағдайда кәсіпорындар өндірістік қалдық үшін алынатын төлемнен босатылады. Үкімет және қоғам осы жұмыстың уақтылы және са­палы атқарылуын қатаң бақы­лауда ұстауға тиіс. Сонымен қатар менің тапсырмаммен 2 млрд түп ағаш отырғызылады. Бұл аза­мат­тарымыздың тарапынан кең қолдау тапқан бастама болды. Жалпы, бұл мәселеге немқұрайды қарауға болмайды. Қоршаған ортаға ешқандай оң әсері жоқ, қаражатты құр игеруді көздейтін жасанды шараларға жол бермеу қажет. Сондықтан ағаш отыр­ғызуға лайықты орындарды анықтау үшін ғалымдармен және жұрт­шылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізген жөн. Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта да­йындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады», дей келе Мемлекет басшысы Үкіметке 2021-2025 жылдарға ар­налған «Жасыл Қазақстан» Ұлт­тық жобасын әзірлеуді тапсырды.

1

 

Мемлекеттік шаралар экономиканы құлдыраудан сақтады

Премьер-Министр Асқар Ма­мин­нің айтуынша, 2020 жыл жаһан­ды шарпыған індеттің салдарынан құлдыраған дүниежүзілік эконо­микалық дағдарыспен ерекше­ленді. Бұл орайда Үкімет елі­міздің экономикалық тұрақты­лығын қамтамасыз етуге, ха­лық­тың өмір сүру сапасы мен дең­гейін, әл-ауқатын сақтап қалуға, мемлекеттің халық­тың алдындағы әлеу­меттік міндет­те­мелерін толығы­мен орындауға, сондай-ақ елі­міздегі санитар­лық-эпидемиялық ахуалды тұрақ­тандыруға бағытталған нақты шараларды қабылдағанын жеткізді. 

«Дер кезінде қабылдаған шаралар Қазақстан экономикасының төмендеуін 2,6 пайызға дейін шек­теуге мүмкіндік берді. Эко­но­­­миканың негізгі салалары орнықты өсімнің басты фак­торы­на айналды. Тауарлар өнді­рі­сі­нің көлемі 2 пайызға өсті. Эко­номикалық белсенді­ліктің негізі – құрылыс саласын­дағы 11,2 пайыз, ауыл шаруашы­лы­ғындағы 5,6 пайыз және өңдеу өнер­кәсібіндегі 3,9 пайыздық өсіммен қамтылды. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 16,8 пайызға өсіп, 15,3 млн шаршы метрге жетті. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасаудағы үлес 16 пайыз, оның ішінде автомобиль құрастыру 53 пайыз, фармацевтикада 47 пайыз, металлургияда 2,6 және жеңіл өнеркәсіпте 15 пайыздық өсім байқалды. Дегенмен ОПЕК+ келісімдерін орын­дау қажеттілігіне байланыс­ты тау-кен өнеркәсібінде даму серпіні баяулады. Негізгі капи­талға инвестициялар тау-кен өнді­ру өнеркәсібін қоспағанда 14,8 пайызға өсті. Сонымен бірге негізгі капиталға салынған инвес­ти­циялардың жалпы көлемі былтыр 3,4 пайызға қысқарды. Бұл ОПЕК+ келісімін орындау шең­берінде мұнай өндіру көлемі­нің қысқаруының және мұнайға әлемдік бағалардың төмендеуінің салдарынан еліміз­дің мұнай-газ саласының 3 ірі жобасы – Қашаған, ТШО («Теңіз­шевройл») және Қарашығанақ бойынша инвестициялардың қысқаруына байланысты болып отыр. Қызмет көрсету секторы карантиндік шектеу шараларының енгізілуіне байланысты 5,6 пайызға төмендеді.  Жылдық инфляция 7,5 пайызды құрады. Жұмыссыздық 5 па­йыз деңгейінде сақталды. Бұл Жұмыспен қамтудың жол картасын және дағдарысқа қарсы қабылданған шаралардың тиімді іске асырылуы арқылы орындалды. Жетекші халықаралық кредиттік агенттіктер және Халық­аралық валюта қоры мен Дү­ниежүзілік банк ұлттық эконо­ми­каның орнықты екенін атап өтті. Мемлекеттік бюджеттің кіріс­­тері трансферттерді есепке алма­ғанда 9 трлн 751 млрд теңгеге жет­ті. Республикалық бюджеттің кіріс­тері трансферттерді есептемегенде, жоспарға сәйкес 100,3 па­йыз, ал жергілікті бюджеттер 108 пайыз­ға орындалды. Халықаралық ре­зервтер 94,4 млрд долларға жетіп, алтын-валюта резервтері 23,2 пайызға немесе 35,7 млрд долларға дейін ұлғайды. Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 58,7 млрд долларды құрады. Сыртқы сауда айналымы 11 айдың қорытындысы бойынша 77,7 млрд долларға жетіп, оның ішінде экспорт – 43,4 және импорт 34,4 млрд долларды құрады. Осы арқылы сыртқы сауданың оң сальдосы 9 млрд доллар деңгейінде сақталды», деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасына сәйкес, дағдарысқа қарсы шара­лардың 3 топтамасы қабылданып, іске асырылғанын айтты. Бұл – халық пен бизнесті қолдауға бағыт­талған, сол секілді әлеумет­тік-экономикалық тұрақтылықты сақ­тау жөніндегі жедел әрі эконо­микалық өсімді қалпына келтіруге арналған кешенді жоспар. Осы арқылы 700 мың кәсіпкер салықтық жеңілдік алып, зар­дап шеккен салалардағы қарыз алу­шы­лардың 80 пайызы кредиттерді төлеу мерзімін кейінге ауыстыруға жеңілдіктерді пайдаланды. Кәсіп­керлердің 40 мыңға жуық жобасы қаржыландырылып, Үкіметтің эко­номика мен халықты қолдауға арналған дағдарысқа қарсы шара­ла­рының жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл ішкі жалпы өнімнің 9% пайызы.

«Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша тұрақты негізде кешенді жұмыс жүргізуде. Былтыр «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландырудың жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды. Бағдарламаны іске асырудың екі жылында 710 млрд теңге сомаға 2 723 жоба немесе қаржыландырудың жалпы көле­мінің 71 пайызын құрады. Аталған бағдарлама бизнестің сұра­нысын қанағаттандырып, 2020 жылы 494 млрд теңгеге 1 803 жо­ба мақұлданды. Оң шешім тапқан жобалардың өсімі 128 пайыз­дық межеде тұрақтады. Өңір­лер бөлінісінде жобалардың сәтті іске асырылуы Алматы қала­сы, сондай-ақ Жамбыл, Маңғыс­тау және Ақтөбе облыстарын­да байқалды. Ал Батыс Қазақ­стан, Павлодар, Атырау өңір­лер­інде баяу орындалып жатыр. Отандық өндірушілерді қолдау­дағы жұмыстың маңызды бағы­ты – «Қарапайым заттар экономи­касы» тауарларындағы жергі­лікті қамту үлесін бақылау. Былтыр жергілікті қамту үлесі 8 пайыздық тармаққа немесе 59%-ға дейін өсті. Бұл бағыттағы көшбасшы өңірлер Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары, сондай-ақ Алматы қаласы саналады. Осы көштің соңында Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстары қалып отыр. «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы мемлекеттік қолдауды 15 мыңға жуық кәсіпкер пайдаланды. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағамдайтын талдау нәтижесі көрсеткендей, мемлекеттік қолдауды иелен­ген­дердің салық аударымдары өскені байқалады», деді А.Мамин.

 

Ұлттық валютаны әлдендіру тетіктері қарастырылды

Ұлттық банк төрағасы Ербо­лат Досаевтың сөзіне сүйен­сек, коронавирус пандемиясы әлем елдерінің экономикасын бұ­рын-соңды болмаған дағда­рыс жағдайына әкеп соқтырды. Десе де Ұлттық банк Үкімет пен Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, мак­ро­экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін уақтылы шаралар қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, бас қаржы реттеуші органның былтырғы бас­ты мақсаты инфляцияның өсуін белгіленген 8-8,5 пайыз деңгейінде ұстап тұруға бағытталды. 2020 жылдың қорытындысы бойын­ша оның мөлшері 7,5 пайыз деңге­йінд­е тұрақтады. Теңгелік актив­тер­ді қорғау үшін шетел валютасын алыпсатарлыққа және ұсы­нысты қолдауға жол бермеу бағы­тында да шаралар кешені қабыл­данды деді еліміздің бас банкирі.

«Ұлттық банк каржы нарығын дамытуға және көлденең кірістілікті құруға күш салды. Үкіметпен бірлесіп, ақша нарығындағы артық өтімділік бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталды. Бұл ретте Мемлекеттік бағалы қағаз­дар шығарылымындағы нарық­тық қатысушылардың үлесі 3,8 пайыздан 32,7 пайызға дейін ұлғайды. Экономикалық белсен­ділікті қолдап, дағдарысқа қарсы бастамаларды іске асыру үшін Ұлттық банк 2,3 трлн теңгеге дағ­дарысқа қарсы шараларды қар­жыландырып, бұл дағдарысқа қарсы жалпы пакеттің 50 пайыздан астамын құрайды», деді Е.Досаев

Былтыр нарықтағы жоғары құ­былмалылыққа қарамастан қаржы реттеуші органның жетек­шілігімен активтердің жоғары табыстылығы қамтамасыз етілді. Ұлттық қордың кірісі 7,6 пайызға, зейнетақы активтерінің кірісі 10,9 пайызға ұлғайып, бұл инфляция­дан 3,4 пайызға жоғары болды. Пандемияның өршуі мен электронды қызметтерге сұраныстың артқанына байланыс­ты Ұлттық банк цифрландыру мен қаржылық технологияларды белсенді түрде дамытуды қолға алды. Цифрлы қызметтерді арттыратын жаңа сервистерді енгізумен бірге құзырлы орган қаржы технологиясы мен ұлттық төлем жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжатты қабылдады. Ұлттық банктің болжамына сенсек, биылғы 2 тоқсаннан бас­тап Қазақстан экономикасы оң траекторияға шығуы тиіс. Осы жылдың қорытындысына сәйкес мұнай бағасы барреліне 45 доллар болған жағдайда, өсім 3,7-4 па­йыз деңгейінде болады күтілуде. Биыл Ұлттық банк инфляцияны қазіргі 7,5 пайыз деңгейден 4-6 пайыз нысаналы дәлізге қайтару міндетін қойып отыр. Орта мерзімді перспективада бұл көрсеткіш мақсатты 3-4 пайызға жетуге мүмкіндік бермек. 

 

Барлық күш коронавируспен күреске жұмылдырылады

Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау 1 ақпаннан басталады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты. Министрдің айтуынша, COVID-19 вирусын жұқтырудың  әлемдік рейтингінде Қазақстан 1 млн адамға шаққанда 221 мемлекеттің арасынан 109-орында тұр. Өлім-жітім бо­йынша 97-сатыда тұрса, COVID-19-ға тестілеу бойынша 69-орында келеді. Аурудан айыққан саны жағынан 87-орында, ал ауыр жағдайлар көрсеткіші бойынша 50-орында тұр.

«Пандемия басталғалы бері Қазақстанда COVID-19 оң нәти­жесімен 179 720 науқас тіркелді. Науқастардың 87 пайызы сауығып кетті. Бүгінде инфекциялық стационарлардың жүктемесі – 31 пайыз, реанимациялық төсек­тердің жүктемесі – 19 пайыз. Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын эпидемиялық жағ­дайға бағалау жүргізеді. 26 қаң­тардағы жағдайға сәйкес «Қызыл аймақта» 8 өңір тұр. Атап айт­қанда, Ақмо­ла, Атырау, Қостанай, Павло­дар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары. Бұл ретте Ақмола, Павлодар, Қоста­най облыстарында эпидемиялық жағ­­дайға тиісті бақылаудың жүр­гізіл­мейтіні байқалады. Соның салдарынан еліміздегі ауру­шаң­дық­тың 40 пайызы осы өңір­лерге тиесілі. Осыған байланыс­ты аталған өңірлердің әкімдері қосымша тиімді шектеу шараларын қабылдап, оның сақталуын бақылауды қамтамасыз етуі қа­жет. Науқастарға көмек көрсету үшін елімізде 74 мыңнан астам дәрігер жұмылдырылып, оның ішінде бейінді мамандар 28 мыңға жуықтады. Ауыл халқы­ның медициналық көмекке қолже­тімділігі қолда бар жылжымалы медициналық кешендер есебінен, оның ішінде былтыр жеткізілген 100 ЖМК есебінен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ былтыр өңірлер 1167 санитарлық автокөлікпен қам­тылды. Инфекциялық стацио­нарларға 5 мыңнан астам ӨЖТ аппараты жеткізіліп, шамамен 43 мың орын оттегімен қамта­масыз етілді. Бұдан бөлек 15 инфекциялық стационар салынып, қайта бейінделген 3 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды. 1 нысанның құрылысы ақпанда аяқталады деп жоспарланып отыр. Барлық өңірде жалпы сомасы 17 млрд теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды», деді А.Цой.1