Қазақстанның тарих ғылымы кеңестік кезеңде қалыптасты. Әрине, тарихшылар еңбектерінде сол дәуірдің әсері болды. Коммунистік идеология қазақ тарихын объективті шындық тұрғысынан ашып көрсетуге мүдделі болған жоқ. Соған қарамастан жаңадан ашылған институтта қызмет жасаған тарихшылар ел тарихының құпия беттерін ашуға, тарихи шындықты халыққа жеткізуге тырысты. Қазақтың кәсіби тарихшысы Ермұхан Бекмаханов Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің шындығын жазғаны үшін айыпталды. Бек Сүлейменовке де таптық, партиялық принциптен ауытқыды деп кінә тақты, соттады. Осындай қудалауларға қарамастан қазақ тарихшылары Ақай Нүсіпбеков, Әлкей Марғұлан, Манаш Қозыбаев, Рамазан Сүлейменов, Кеңес Нұрпейісов, Григорий Дахшлейгер, т.б. ғалымдар қазақ халқының тарихын кешенді зерттеуге қол жеткізді. Қазақ тарихшылары КСРО-ның қатал тәртіптері заманында-ақ қазақ жері әлемдік өркениеттің құрамдас бөлшегі болғандығын, қазақ халқының әлем халықтарымен бірге терең тарихы мен мемлекеттілігі болғанын дәлелдеп кетті. Сондықтан Тарих институтының негізін салған аға буын тарихшыларға ешбір өкпе айта алмаймыз. Олар Қазақстан тарихын толыққанды зерттеу жұмыстарын бастап, нені және қалай жазу керектігін көрсетіп бере алды. Мен де философиялық тұрғыдан арғы тегіміз туралы зерттеулер жүргізіп, көшпенді өмірді біраз зерделеп көрдім.
Қазақстан тарихшыларының бүгінгі буыны осы ардагерлер жасаған дәстүрді жалғастырып жаңа белеске, заманауи тарих ғылымдарының талаптарына сай деңгейге көтеруге міндетті. Ең басты талап – объективті тарихи шындықты ашу, көрсету және дәлелдеу. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кезде Қазақстанда жеке Тарих, археология және этнография институтының құрылуы бекер емес. Бұл шараның жалпымемлекеттік, жалпыұлттық маңызы зор болатын. КСРО басшылығы тарих ғылымы мен халықтың тарихи санасын тәрбиелеудің мемлекет тұтастығын, халықтың саяси бірлігін қамтамасыз етудегі рөлін жақсы түсінді. Әсіресе КСРО құрамындағы халықтардың өзара достық тәжірибесі, ортақ мақсат-мұраттары, бірлескен шаруашылығы, алдағы міндеттері, коммунистік құрылысты дамыту мәселелері бірінші кезекке шықты. Халықтық тарихи контексінде оның отарлау саясатына қарсы азаттық күрестерінің жарқын беттері де сөз болды. Әрине биліктегі Компартия, Кеңес халықтарының тарихын марксистік, таптық методология тұрғысынан зерттеуді күн тәртібіне қойды. Коммунистік идеология принциптеріне сәйкес келмейтін тарихи фактілер айтылмады, бұрмаланды немесе теріске шығарылды. Сондықтан кеңестік дәуірдегі тарих ғылымында «ақ таңдақтар» (зерттелмеген оқиғалар) тым көп болды.
Шындығында халықтың тарихи жады, тарихи санасы – аса қуатты субъективті фактор. Өз халқының дамуының кезеңдерін, жолдарын басынан кешірген ауыртпашылықтарын, қайғы-қасіретін, жеңістері мен жеңілістерін білген, оларға объективті баға бере алатын адамдары бар елдер ғана бәсекеге қабілетті. Ондай халықтар тарихтан дұрыс сабақ алады, қателіктерін жылдам түзейді, Отанын, елін, жерін қорғауға әр кез дайын болады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде КСРО-ны билеген сталиндік топ осы құбылыстың маңызы мен мазмұнын ұқты. Компартия билігі қазақ халқының тарихи дамуын зерттеудің қажеттілігін сезінді. Қазақ халқын социалистік, коммунистік құрылысқа белсенді тартудың бір жолы оған өз тарихын білгізу, саяси-әлеуметтік дүниетанымын кеңейту деп есептеді. Өкінішке қарай, тарихи білім мен танымға деген мемлекет пен қоғамның зәрулігі тарихи шындықты толыққанды ашумен, көрсетумен ұласпады. Жұмысшы табы мен еңбекші бұқараның өмірі мен талап-тілектерін қабыспайтын қандай құбылыстар болмасын социалистік қоғамға жат, буржуазиялық таптың мүддесіне жақын деген көзқарас үстемдік құрды. Таптық принципті ұстанған кеңестік тарих ғылымының ауқымы тар болды. Ол жалпыхалықтық, жалпыұлттық мүдделерді толыққанды қорғай алмады. Сонымен қатар пролетарлық интернациолизм принципінен де тарих ғылымы шыға алған жоқ. Әділет пен шындық қаналған жұмысшылар мен еңбекші бұқара жағында деп есептелінді. Орталыққа, Мәскеу мүддесіне қайшы келетін пікірлердің барлығы антисоветтік, антихалықтық ұстанымдар ретінде қудаланды.
Тәуелсіз Қазақстан құрылғанға дейін халықтың тарихи болмысы мен тарихи санасы бұрмаланды, ауыр деформацияға ұшырады. Қазақ халқының мемлекеттілігі мыңжылдықтар басында пайда болғандығы, қазақ этносының объективті этногенезі, түбі бір түркі халықтары одағы, қазақ халқының өнерінің, мәдениетінің, салт-дәстүрлерінің табиғаты мен мазмұны, отаршыл империялардың қазақ халқына қарсы жүргізген этноцидтік отарлау саясатының мән-мағынасы, қазақ халқына өлшеусіз еңбек сіңірген көптеген тарихи тұлғалар есімдері мен қызметтері, т.б. маңызды тақырыптар тарихшылар назарынан тыс қалдырылды. Қазаққа өркениет пен мәдениет Ресей мен Батыстан ғана әкелінген, қазақ өркениеті мүлдем болмаған деген жаңсақ, шындықтан алшақ тарих ғылымы үстемдік құрып келді. Батыстық басымдылықтар қоғамдық санада бірінші орында тұрды. Қазақ тілі, тарихы мен мәдениеті «екінші сортты» құндылықтар ретінде тайыз қабылдануы қазақ халқының ұлттық белгілерінің көмескіленіп, маргиналдануына жол ашты. Халықтың санасы, ойы, тарихи жады мәңгүрттенгені ақиқат. Қазақ халқының тарихи санасындағы дағдарысы ұлттық рухани ауруға ұласты.
Тәуелсіз Қазақстан құрылған күннен бастап қазақ халқын, барша қазақстандықтарды отарлық санадан тазарту жұмысы басталды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген халық мақалын осы құбылысқа қатысты айтуға болады. Сананы, тарихты, мәдениетті отарсыздандырудың күрделі үдерісі басталды. Өкінішке қарай, әлі де халықтың басым бөлшегі отарлық санадан құтыла алмай отыр. Осы жағдай қазақ ұлты өкілдерінің біршама қомақты бөлшегінің өз ана тілін білмеуінен, қазақ халқының ұлттық гуманистік дәстүрлерінен мақұрым қалуынан, қазақстандық отаншылдық психологиясының әлсіздігінен, экологиялық мәдениеттің төмендігінен, т.б. ауытқу құбылыстарынан анық байқалуда. Ел халқы тастүйін, біртұтас Қазақстан мемлекеттілігі идеясы төңірегінде топтасуының әлсіз, билік пен халықтың арасындағы түсінушіліктің нашар болуының, билік пен халықтың арасындағы қайшылықтың орын алуының және этносаралық жанжалдардың себептері мен түп тамыры осында.
Сондықтан Қазақстан халқының тарихи санасын тәрбиелеудің мемлекеттік маңызы зор. Тарихи болмыс пен тарихи сана – мемлекет тұтастығының кепілі болатын құбылыстар қатарында. Мемлекеттің күш-қуаты белгілі дәрежеде халықтың тарихи санасының, саяси мәдениеті мен руханилығына тәуелді екендігін ешуақытта ұмытпауымыз керек. Дамыған мемлекеттердің барлығы өз халқының дұрыс, шындыққа негізделген тарихи санасының тәрбиеленуіне ерекше назар аударатыны сондықтан.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ел халқының тарихын терең зерттеу арқылы оның дұрыс бағыттағы тарихи санасы мен тарихи жадын қалыптастыру жолында қызмет етуде. Институт мақсаты – Қазақстан Республикасының егемендігін нығайтуға өз ықпалын тигізетін тарих ғылымы саласындағы іргелі ғылыми зерттеулерді жүргізу. Сонымен қатар ұлттану (этнология), антропология, тарихнама және деректану ғылымдарының зерттеу арналарын кеңейту.
Қоғамның қарқынды дамуы талаптарына сәйкес Қазақстан билігі де ғылымды жан-жақты дамытуды қолға алудың қажеттілігін ерекше сезініп отыр. Президент Қ.Тоқаев ғылымды қаржыландыруды көтеруді Үкіметке тапсырды. Алдағы бірер жылда ғылымға бөлінетін қаржы артады. Қазақстан ғылымдары еліміздің экономикалық-әлеуметтік жаңаруына, тарихы мен мәдениетінің өркендеуіне байланысты өзекті проблемаларды өздері толыққанды зерттеуге мүмкіндік алады деген сөз. Президент Қ.Тоқаев қазақ ғылымын қайтадан атқа қондыру ісін қолға алуда. Себебі Қазақстанның дамуы мәселелерін қазақ ғалымдары терең біледі, түсінеді және зерттей алады. Президентіміз Қазақстан қоғамының ғылыми тұрғыдан шешілетін мәселелерін шетел ғалымдары мен сарапшыларының қолына беріп қоюды тоқтататын мезгіл жетті деп есептейді. Президенттің бұл ұстанымын Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті тікелей орындауға кірісті. Осыған дейін ғылыми жобаларды мемлекеттік гранттармен зерттеу конкурсы 3 жылда бір рет жарияланатын болса, енді конкурстық гранттарды иемдену үшін болатын шара жиі жарияланатын болды. Оның үстіне жас ғалымдарға арналған ғылыми гранттар конкурсы да әр жыл сайын өткізіледі. Демек, жұмыс істеймін, өзекті ғылыми тақырыпты зерттеймін деген ғалымдар үшін даңғыл жол ашылғаны ақиқат. Ғалымдар қауымдастығы Президент Қ.Тоқаевтың ғылымда ұстанған жаңа саясатын толық қуаттайды. Олар Қазақстан тарихының зерттелмеген «ақтаңдақтарын» толықтыруға белсенді кірісуде. Қазір қазақ халқының мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы мәселесі, Алтын Орда хандығының Еуразиядағы түркі халықтарының тағдырына ықпалы, ұлт-азаттық күрестер тарихы, қазақ ұлтының этногенезі, отаршыл империялардың Қазақстанның дамуына тигізген ықпалдары, қазақ халқының этнодемографиялық дамуы сияқты өзекті мәселелер кешенді зерттелу үстінде.
Менің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты туралы жазуымның ерекше себебі бар. Бұл институт менің тағдырыма әсер етті. 1949 жылы мен Тарих институтының жолдамасымен КСРО ҒА Философия институтына аспирантураға түстім. Қазақстанда ол кезде философия ғылымы қалыптаспаған еді. Тарих институты құрамында бірнеше ғылыми жұмыс істейтін бөлім ғана болды. Мен осы институтта жүріп белгілі қазақ тарихшылары С.Покровскийдің, А.Марғұланның, Е.Бекмахановтың, Б.Сүлейменовтің, Г.Дахшлейгердің әңгімелерін естіп, еңбектерін көріп көп үлгі-өнеге, білім жинақтадым. Мәскеуде ҒА аспирантурасын оқып жүргенде осы білім арқасында алдыңғы қатарлы философтар арасына тез сіңісіп кеттім.
Тарих институтында маған ерекше жақын болған азаматтың бірі, сол кезде жас ғалым Г.Ф.Дахшлейгер болатын. Ол институттың ғалым-хатшысы ретінде күнделікті жұмыстарды ұйымдастыратын. Өзі біртіндеп білімді, алғыр ғалымдар қатарына қосылды. Күндіз институт жұмысымен жүрсе, түнде ғылыммен айналысатын нағыз ғалым болатын. Мен Мәскеуден диссертация қорғап қайтып келгенімде Григорий Дахшлейгер Қазақстанға танымал ғалым болыпты. Институт ұжымы Г.Ф. Дахшлейгер сияқты ондаған ғалымдарды дайындап, Қазақстанның тарих ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқаны ақиқат.
Бүгінгі таңда Тарих және этнология институты сол дәстүрді жалғастыруда. Өзім институтқа жиі барып тұрамын. Ұжыммен оның атқарып жатқан ғылыми жұмыстарымен жақсы таныспын. Институт ұйымдастырған көптеген ғылыми шараларға қатысып, баяндамалар жасап жүрмін. Сондықтан 75 жыл толған ғылыми мекеменің жағдайы мен болашағы туралы газет оқырмандарымен ой бөлісіп отырмын.
Соңғы жылдарда институт ұжымы Қазақстанның тарих ғылымын дамытуға елеулі үлес қосты деп батыл айтуға болады. Осы мерзім аралығында институт ғалымдары көптеген монографиялық зерттеулер, бірталай тарихи құжаттар жинағын жариялапты.
Мемлекеттік қаржыландыру 2017 жылдың маусым айымен салыстырғанда 30 есеге көбейді. ҒЗИ ретінде Тарих және этнология институты толыққанды қызмет атқаратын, өзіне мемлекет пен қоғам жүктеген талаптарды орындауға қабілетті, ел халқының тарихи санасы мен жадын тәрбиелеуге қол жеткізген, ғылыми айналымға ауқымды жаңалықтары бар ақпараттар мен құжаттар енгізуге қабілетті ғылыми мекемелер қатарына қосылды. Әрбір атқарылатын жоба Қазақстан тарихында маңызы зор тақырыптарға арналды. Институт ғалымдары Қазақстан тарихындағы Ұлы Даланың орны мен рөліне қатысты «Қазақстанның киелі географиясы» тақырыбын, Өзбекстан жеріндегі қазақ халқының киелі жерлерін, қабірлер мен мавзолейлерде қойылған ескерткіш тастар тарихын, көшпелі қазақ қоғамының ерекшеліктерін зерттеуде. Ел тарихында тұңғыш рет «Қазақстан тарихы энциклопедиясы» жобасы қолға алынды. Әрқайсысы 900 беттен тұратын үш томы баспадан шығарылды. Кәсіби тарихшылар мен тарихқа құмар әлеумет үшін бұл ұжымдық еңбектің берері өте көп. Жүздеген тақырып тарих ғылымының соңғы жаңалықтарына сәйкес жазылды. Кейінгі 2-3 жылда институт ғалымдары Алаш қозғалысы, Қазақстан Екінші дүниежүзілік соғыста, көшпелі қазақ қоғамы, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, Ресей қазақтары тарихы мен мәдениеті сияқты өзекті тарихи мәселелерді кешенді және терең зерттеу жұмыстарын қолға алуда.
Күрделі тарихи мәселелерді зерттеуге институттың кадрлық қуаты да жеткілікті. Қазір мұнда 68 қызметкер жұмыс істеуде. Олардың 1-еуі – ҰҒА академигі, 1-еуі – ҰҒА корреспондент-мүшесі, 12-сі – ғылым докторы, 19-ы – ғылым кандидаты, 4-еуі – PhD.
Институттың кадр қуатының нығаюы оның жұмысын негізгі салалардың барлығында позитивті ықпалын күшейтті. Ғылымдағы жетістіктерді жан-жақты айттық. Сонымен қатар 3 жылда 100-ден астам ЖОО, ғылыми және мәдени мекемелермен ынтымақтастық туралы келісімшарттарға қол қойылды. Институт әріптестерінің арасында Ұлыбритания, Польша, Украина, Ресей, Молдова, Венгрия, Қытай, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан мемлекеттерінің ғылыми мекемелері бар. Осы мерзім аралығында 80 ғылыми конференция, дөңгелек үстел өткізілді. Қазақтар орналасқан шетел аймақтарына бірнеше этнографиялық экспедиция ұйымдастырылды. Институт «Отан тарихы», «edu.e-history.kz» журналдарын үзбей шығарып келеді. Бұл журналдарды «Sсopus» базасына енгізу мақсатында жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. 2017 жылдан бастап институттың сайты 6 тілде – қазақ, орыс, ағылшын, неміс, түрік, француз тілдерінде қызмет етіп жатыр. Институттың «Жас ғалымдар» кеңесі 2018 жылы Қазақстандағы ең үздік «Жас ғалымдар» кеңесі атағына ие болды. Бұл қуанышты жаңалықтарды да естіп, көзбен көріп отырмын.
Соңғы 3 жылда атқарылған істер қомақты. Институт ұйымының алдында тұрған міндеттер тіптен маңызды. Президент ескерткендей Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымының ғылыми өнімдері халық оқитын, қоғам дамуына ықпал жасайтын, ел халқының тарихи санасы мен мәдениетін көтеретін шыншыл, парасатты еңбектер болады.
Мен Мәскеуде аспирантураны аяқтап, кандидаттық диссертация қорғап, Тарих институтына қайта оралғанымда, институтта екі философия ғылымдарының кандидаты жұмыс атқарып жүр еді. Бірі – философия ғылымдары кандидаты Мариям Қожамұратова, екіншісі соғыс ардагері, философия ғылымдарының кандидаты Қасым Бейсембиев болатын. Менімен үшеу болдық. 1954 жылдың наурыз айында философия және заң ғылымдары мамандарын біріктіріп «Философия және құқық» бөлімі ашылды. Философия мамандары соған ауысты.
Бұл күндері Философия – өз алдына ғылыми-зерттеу институты. Көптеген ғалымдар өсіп шықты.
Тарих, археология және этнография институтынан Археология институты өз алдына жеке шықты.
Тарих – бәрімізге ортақ бабалар өмірі. Сондықтан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бәрімізге бірдей қымбат. Менің ғылымдағы жолым Тарих институты арқылы ашылғанын ұмытпаймын.
Институтта жақсы шығармашылық жолмен мықты ұжым қалыптасты. Білгір ғалым, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдинов келгелі күрделі жолмен жұмысын бастаған Тарих және этнология институтына қоғамдық ғылымдар саласында алда болып, табыстарға жете беретініне сенімім мол демекпін.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
ҰҒА академигі