Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Құмырсқаға тиіспеңдерші, іздегені өмір ғой».
Фирдоуси
Ал Набоковтың «Бұлт, көл, мұнара» хикаясын жазу идеясын қалай тапқаны туралы ешқандай болжам жоқ. Өйткені екі шығарманы байланыстыратын ұқсастықтар адам иландырады. Әлқисса.
«Құбылудың» кейіпкері Грегор Замза – «асып-тасыған байлығы жоқ, қарапайым һәм қарабайыр мүдделері бар адамдардың ұлы». Бес жыл бұрын әкесі бар ақшасын жоғалтқан соң, Грегор оның несие берушілерінің біріне жұмысқа тұрып, коммивояжёр (сауда агенті) болып, отбасын асырайды. «Бірдe таңeртeң мазасыз ұйқыдан oянған Грeгoр Замза өзінің төсeктe жатып құбыжық жəндіккe айналып кeткeнін аңғарды. Тас қабықты арқасымeн шалқасынан жатқан oл басын көтeргeн сайын қарнын қаптай жапқан қабыршақ пeн сырғып түскeлі тұрған көрпeні тəнімeн салыстырғанда, сoншалықты қoраш, жыпырлаған сирақтарын көріп жатты». Сөйтіп, бұған дейін отбасының бар ауыртпашылығын көтеріп, әке-шешесі мен қарындасын асырап отырған жігіт бір-ақ түнде сүйкімсіз жәндікке айналып шыға келді.
Набоков әңгімесінің кейіпкері – құрылыс компаниясының өкілі, қарапайым, момын бойдақ Василий Иванович. Ол бірде Ресейден келген эмигранттар ұйымдастырған қайырымдылық балына жолдама жеңіп алады. Бұл сапарға аса зауқы соқпаса да баруға тура келеді.
Сырттай қарағанда, әңгімелер бір-бірінен мүлдем өзгеше, мәселенки, автордың шығармадағы орнын алсақ: Кафканың повесінде өзі көрінбейді, тіпті шығарманың соңында да авторды байқамайсыз. Жазушылар: «Кафканың баяндаушысы – кейіпкерге еріп келе жатқан көлеңке сияқты, ал автор ылғи шетте тұрады» деседі. Ал Набоков жазуында авторды алғашқы сөйлемнен бастап («Менің кейіпкерлерімнің бірі, қарапайым, момын бойдақ, керемет жұмысшы...»), соңғы жолдарға дейін көріп, білуге болады («Берлинге оралған соң, ол маған келді. ...Мен оны жібердім, әрине»). Әдебиетшілердің пікірінше, Кафканың өз шығармаларында өзін-өзі шеттетуі «оның қарапайымдылығы мен өмірдегі өзіне деген сенімсіздігінен» екен.
Автор фигурасынан кейіпкерлердің өмір сүру ортасына ауыссақ, екі кейіпкер де тура мағынасында арсыздық шындығына тартылғанын байқаймыз. Набоковтық Василий Иванович бүкіл саяхат кезінде сол арсыз ортаны сезініп, жатсынған соң, «Тютчевтің томына» қашып кетуге тырысады. Василий Ивановичтің серіктерін сипаттай отырып, Набоков оларға тек тәндік сипаттама береді: «қораз айдарының түсіндей күнге күйген, тироль костюміндегі ұзын бойлы, аққұба, үлкен, алтын-сарғыш түкті тізесі бар һәм жылтыр мұрынды». Ал басты кейіпкер туралы айтқанда, біз оның бет-әлпетіндегі жылы көзқарасты, «ақылды және мейірімді көздерді» көреміз. Оның ішінде кездейсоқ «жолдастарында» жоқ жан пайда болатын сияқты.
Василий Ивановичтің серіктері оның «барлығы сияқты» болғанын қалайтын: ол ойын ойнауға мәжбүр, оны мазалайды, анау-мынауды сұрайды... Уақыт өткен сайын оның бұл ортада тым бөтен һәм артық екендігі айқындала түседі: «Василий Иванович үш рет қара түнекте жатты және үш рет оның астынан шыққан кезде орындықта ешкім болмады. Осылайша, жеңілген соң ол темекі тұқылын жеуге мәжбүр болды. Айналасындағының бәрі біртіндеп бірігіп, біртұтас, күшті жаратылыс құрды: олардан қашып құтылатын жер қалмады».
Барлығы сияқты болу – қарапайым адамның негізгі «постулаттарының» бірі. Повестегі Василий Ивановичтің серіктерінің оның дара екендігін жоққа шығаруға тырысатындары қоғамдық поэзия жырлаудан анық көрінеді: «Оны хормен айту керек еді. Василий Иванович біріктірілген дауыстардың анық емес уілін пайдаланып, жай ғана аузын ашып, шынымен ән айтқандай сәл ғана теңселіп кетті, бірақ жетекші жағымпаз Шрам кенет жалпы әнді тоқтатып, Василий Ивановичке күдіктене көзін қысып, оның жеке ән айтуын талап етті. Василий Иванович тамағын жұлып, ұялшақтықпен бастады. Бір минуттық жеке азаптан кейін бәрі қосылып кетті, бірақ оның шығып кетуге батылы бармады».
Алдымен Василий Ивановичтің айналасындағы адамдар зиянсыз көрінеді, алайда олардың ортасынан шыққысы келгенде бәрі күрт өзгереді: «Біздің кез келгеніміз, әсіресе, сіз бірлескен жолды жалғастырудан бас тартуды, тіпті ойыңызға да алмаңыз. Біз бүгін бір ән айттық – онда не айтылғанын есіңізге түсіріңізші». Осы әннің сөздерін біз де еске түсірейік:
«Распростись с пустой тревогой,
Палку толстую возьми
И шагай большой дорогой
Вместе с добрыми людьми».
Не десек те, Василий Ивановичтің «жолдастары» ешқашан мейірімді болған емес: «Вагонға кіріп, пойыз қозғала бастағанда, олар оны ұра бастады – ұзақ және шектен тыс ұрып-соқты. Онымен қоймай, оның алақанын бұрандамен бұрап, кейін аяғын бұрғылауды ойлап тапты. Ресейде болған пошта қызметкері таяқ пен белдіктен қамшы жасап, оны шайтан сияқты ептілікпен ұстай бастады. Жарайсың!»
Бұл адамдардың мүдделері тым шектеулі: «Шрам жетекшінің альпенштогын аспанға көтеріп, әуесқой позицияларда шөпте отырған экскурсияға қатысушылардың назарын неге аударғанын Құдай білсін, ал көшбасшы ағаш түбірінде, көлге кері қарап, тамақтанып отырды». Олардан бөлек, Василий Иванович жолда Тютчевтің бір томын алып, мағына мен мағынасыздықтың шегінде тепе-теңдік сақтап, «Silentium» өлеңінен таңғаларлық жолдарды оқып, рахаттанып отырды. Сөйтсе, ол шын таланттың қаламынан туған шумақтардан ләззат алып, классикамен жалғыз қалғанды жақсы көреді екен.
Грегор Замзаның отбасы да Василий Ивановичтің саяхатшыларының бір типі: «барлығы сияқты» болуға талпынады. Осы күнге дейін өз отбасында құрметке бөленіп келген ұл аяқасты көзге күйік болып, бәрі іштей оның өлімін тілейді. Бұған дейін ұлдарының тапқан-таянғанын жеп, ұлдарына масыл болған әкесі де, анасы да, ақсаусақ қарындасы да жұмыс істеп, жанталасады. Олар енді өздерін асырай алады, «асыраушымыздан айырылдық» деп қан жұтып қайғырмайды. Һәм олар әрдайым әлемнің өздерінен талап еткендерінің бәрін мүлтіксіз орындады: «әкесі банктің кішігірім қызметкерлеріне таңғы ас апаратын, шешесі бейтаныс адамдарға киім тігу үшін зорығып жатты, әпкесі сатып алушылардың айтқанын тыңдап, сөренің ар жағында ерсілі-қарсылы жүгіретін». Бір қызығы, Кафка кейіпкерлерге Грегорға деген жанашырлықтан арылған кезде «тәндік» сипаттама бере бастайды.
Отбасы ұлының өзгеруін жеккөрінішті ауру ретінде қабылдайды. Алдымен қарындасы ағасын қуантуға тырысып, жәндік-өмірдің бірінші күні оған тамақтың түр-түрін алып келеді. Дегенмен біраз уақыт өткен соң, бауырының көзқарасы өзгерді: енді таңертең және түстен кейін, дүкеніне жүгірместен бұрын Грегордың бөлмесіне тамақты аяғымен итере салып, кешке сыпырғышпен сыпырып алады. Анасы да әу баста ұлына қамқорлық жасайды: қарындасы Грегордың бөлмесіндегі жиһаздың орнын ауыстыра бастағанда, анасы «Грегор жиһаздың шығарылып жатқанына риза ма екен?» деп ойлайды. Оның айтуынша, бұл оған өте жағымсыз болып көрінетін сияқты. Мәселен, жалаңаш қабырғаны көру Грегорды қатты жабырқатуы мүмкін. Ол осы жиһазға үйреніп қалған, сондықтан бос бөлмеде өзін барлығы тастап кеткендей сезінеді.
Алайда уақыт бәрін өзгертеді. Әсіресе, Грегор Замзаның туысқандарын. Енді олар мұндай жануармен бірге өмір сүре алмайтындарын түсінеді. Грегор қайтыс болғанда, оның етжақын адамдары тыныштық пен жайлылықтан басқа ештеңе сезбеді, тіпті жүздерінде сәл-пәл қуаныштың табы байқалатындай: «Олар үстел басында ыңғайланып отырып, болашақты талқылады және алдағы жоспарлары да тым жаман болмады, өйткені олар бір-бірінен әлі де сұрамаған жұмыстары бәріне өте ыңғайлы болды». Жас жігіттің жәндікке айналып, «адами формасының» өзгеріске түсуін баяндап отырып, оны қоршаған адамдардың бәрінің оқиғаға қатысты өзгеріп, құбылуын бейнелеген повестің соңғы сөйлемін автор былай жазады: «...олардың сапарының соңында қызы бірінші болып көтеріліп, жас денесін түзеді». Адамды адам ететін барлық қасиет жоғалғанда, тек дене ғана қалады. Кафка да, Набоков та тоғышар арсыздықтың белгісі еткен – дәл сол боялған дене.