Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік архивтің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – шетелде, әсіресе Ресейдің әр аймағында жатқан өңір тарихына қатысты құжаттардың көшірмелерін алып, өлке тарихының толыққанды деректік қорын қалыптастыру. Ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архив басқармасының басшысы Азамат Қашиевтің айтуынша, облыста бұл мақсатта бірқатар шаруа тындырылған.
«Архив – 2025» жобасын жүзеге асыру барысында біздің мамандар 2019 жылдың қазан айында Татарстан Республикасының архивтерінен Қазақстанның, оның ішінде тікелей Қостанай облысының тарихына қатысты 51 құжат тауып әкелді. Оның бәріне ғылыми-техникалық өңдеу жүргізіліп, былтыр мемлекеттік сақтауға жіберілді. Бұл құжаттар бүгінде облыстық архивтің оқу залында тұр, – деді А.Қашиев. – Әсіресе, құжаттардың сапалы сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мақсатта былтыр архив мекемелерінде сақтаулы тұрған 146 мың көне құжат қалпына келтіріліп, оны қайта түптеу, дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында облыстағы 21 мемлекеттік архивте, сондай-ақ, облыстық басқармалар, қалалық және аудандық әкімдіктер, олардың бөлімдері мен мәслихаттары сияқты 300-ге жуық мекемеде «Бірыңғай электронды архив құжаттары» деп аталатын ақпараттық жүйе енгізілген.
Бүгінгі таңдағы басты міндет – архив құжаттарының цифрлы көшірмесін жасауды жеделдету. Бұл құжаттардың сақталу сапасын арттырып, іздеген адамның тез табуына жол ашпақ.
Бүгінге дейін мемлекеттік сақтауға алынған 10 мыңнан астам фотосурет, қағаз түрінде сақтаулы тұрған 33 мыңның үстіндегі құжат сканерден өткізілді. 2020 жылдың наурыз айынан бастап облыстағы 523 мекемеде 59 мыңға жуық құжат электронды түрге көшірілді, – деді басқарма басшысы.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бүгінгі таңда барлық мемлекеттік органдардың алдында тұрған маңызды міндеттің бірі екені даусыз. Бүгінде мемлекеттік қызмет түрлерінің басым бөлігін облыс тұрғындары электронды түрде алып отыр. Шектеу шаралары ширыққалы электронды қызметке деген сұраныс та артты.
Облыстық архив тұрғындарға олардың жұмыс өтілін, қандай да бір білім мекемесінде оқығанын, марапатталғанын, алған еңбекақысының мөлшерін, мұрагерлікке құқылы екенін растайтын архив анықтамалары мен архив құжаттарының көшірмелерін беру сияқты мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Автоматтандыру және оңтайландыру шараларының нәтижесінде аталған қызмет түрлерін тұрғындар Мемлекеттік корпорация мен «электронды портал» арқылы алуға қол жеткізіп отыр. Мәселен, облыстағы архив мекемелері былтыр 35 мың мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 71%-ы электронды түрде жүзеге асырылған. 2019 жылы бұл көрсеткіштің небәрі 7 пайыз болғанын айта кеткен жөн.
Облыста соңғы 17 жылдың ішінде түрлі салалар мен тақырыптар қамтылған 67 тарихи-деректемелік құжаттар жинағы жарық көрген. Бұл жинақтар облыс аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындардың тарихын, сондай-ақ Тобыл топырағында туып-өскен немесе осы өңірде қызмет еткен қайраткер тұлғалардың өмірі мен еңбек тарихын зерттеушілер үшін таптырмас дерек көзі болып саналады.
Қостанай облысы