Әлем • 28 Қаңтар, 2021

Демократия денсаулықтан да қымбат (Гонконгтегі белсенділер пандемияға қарамастан, наразылық танытуда)

108 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Гонконгта халық наразылығы пандемия кезінде де жалғасты. Әкімшілік эпидемиоло­гиялық ережелерді бұзғандарға айыппұл салуды қолға алды. Елде қысымға ұшыраған белсенділер АҚШ-ты паналады.

Демократия  денсаулықтан да қымбат (Гонконгтегі белсенділер пандемияға қарамастан, наразылық танытуда)

Халықаралық басылымдар Гонконгтің азаттығы үшін күресіп жүрген белсенділердің АҚШ-тан пана сұрап келгенін хабарлады. Белсенділер қаржы хабынан мұхит асып келіп, азаттық үшін күресті жалғастыратынын айтты. Америкалық «Гонконг Демократиялық Кеңесі» тобын АҚШ-тағы жас белсенділер қарсы алып, оларға қолдау көрсеткен.

«Осындағы 30 жасқа толмаған жас белсен­ділер өткен жылғы шілдеде Гонконг демократиясы үшін күрес митингіне қатысып, құқық қорғау органдарының қудалауына ұшырады», деді Гонконг Демократиялық кеңесін құрушы Самуел Чу. Оның айтуынша, белсенділер АҚШ-қа қоныс аударып, осы жақта азаттық үшін күресін жалғастыратынына қуанышты. «АҚШ бізді панасына алып, жаңа өмір бастау­ға көмектеседі деп сенеміз», деді белсенді.

Иә, елдегі толқу­ларды әлемдегі ахуал да тоқ­та­та алмады. Коро­навирус пандемиясы өр­шіп тұр­ған кезде, яғни былтыр сәуір-мамыр ай­ларын­да да акциялар жалғасып жат­ты. 2021 жыл­­дың алғашқы айында да бірне­ше наразы­лық ак­­­циясы өткізіліп, ондаған бел­сен­ді тұт­қынға алын­ды. Оларға саяси оппози­ция деген айып та­ғы­лып, іс құзырлы орган­дар­дың қарауы­­­­на алын­ды. Бүгінде 50-ге жуық белсенді әлем­­­нің түрлі ел­дерін паналауда. Оппози­ция­­ның жүз­­де­ген өкілі көршілес Тайвань мем­леке­тін­де жүр.

Өткен аптада Гонконгтегі ірі аудандардың бірі карантинге жабылған. Жергілікті билік 150-ден астам үйде тұратын бірнеше мың адамның сыртқа шығуына тыйым салып, 48 сағат бойы ондағы жұртшылыққа тест жасалатынын хабарлады. Тәртіптің бұ­зыл­­мауын қадағалауға құқық қорғау орган­дарының 1,7 мың қызметкері жұмылды. Белсен­ділер бұл шектеудің медициналық емес, саяси негізде қабылданғанын айтып жатты.

Соңғы дерек бойынша, әкімшілік аймақты 10 222 адам вирус жұқтырған. Соңғы тәулікте 64 науқас тіркеліпті. Ал вирустан қайтыс бол­ғандар саны 173-ке жетіп отыр. Негізінен, бұл 7,4 млн-ға жуық халқы бар аймақ үшін тым көп емес. Кейбір сарапшылар толқулар басылмаса жағдай өрши түсуі мүмкін деген болжам жасауда.

Мәселенің бәрі 2019 жылы Гонконг үкіметі айып­­талғандарды экстрадициялау туралы заң жо­ба­сын қолға алғанда басталған-ды. Нақты­лай айтқанда, миллиондаған тұрғын істі болған гон­конг­тықтардың тағдырын Қытайға тәуелді етуге қарсы болып, нау­рыз айында алғашқы ак­­цияны өткізді. Сол жылы жазда қалада көлік қоз­­ға­­лысы тежеліп, бір­қатар өндіріс тоқтап қалды.

Негізгі себеп ол емес, әлбетте. ХІХ ғасыр­дың ортасына дейін Ұлыбритания колониясында болып, кейін Корольдікке жалға берілген аймақ 1997 жылы Қытай Халық Республикасының құрамына қайтарылған. Арнайы әкімшілік аудан деп белгіленген қала әлі де Қытайдың автономиясы саналады.

Қытай реформаторы Дэн Сяопиннің «Бір ел, екі жүйе» деген идеясы, азаматтардың ойынша, әкімшілік аймаққа еш пайда бермейді. Жалпы, Қытай-Британ декларациясы мен Гонконгтің негізгі заңына сәйкес, елдің ішкі заңы мен қаржы жүйесі өз ішкі мәселесі болғанымен, сыртқы саясаты мен қорғанысы – Қытайдың құзырында. Былай қарасаңыз, тиімді жүйе. Онымен қоса, аталған аумаққа өз капиталы, экономика мен саяси жүйесін қалыптастыруға үлкен мүмкіндік. Дегенмен халық іс жүзінде басқа картина қалыптасқанын айтып, наразылық танытуда.

Гонконг тұрғындары Қытай билігі орайы келсе өз саясатын жүргізіп, үстемдігін көрсетуден тартынбайды деп айыптайды. Қытай әуелден қалыптасқан капиталистік жүйеге өзгеріс енгізбеу жөніндегі уәдесінде тұрмай, мектептерде патриоттық тәрбие пәнін енгізіп, заң жүйесіне өзгеріс жасауда. Оған қоса 2014 жылы өткен сайлауға да аралас­ты. Тұрғындар осы кезде де бой көтеріп, 79 күнге созылған «қолшатыр революциясын» өткізді. Енді олар Гонконгті Қытайдың адамы басқарады деген пікірде.

Белсенділер елде Қытай экспансиясы жүріп жатқанын бірнеше фактормен дәлелдеп бағуда. Ең алдымен аймақта мемлекеттік тіл деп саналатын ағылшын тілін қытай тілі ығыстырып келеді екен. Халықтың сөз бостандығы мен қоғамдағы демократияға да қол сұғу байқалады дейді белсенділер.

Әлем жұртшылығының назарына ілін­ген қозғалысқа пандемия да тосқауыл болмай­ты­нын түсінген халықаралық ұйымдар алаңдау­шылық таныта бастады. Жақын күндері бұл мәселеге Еуропа парламенті араласып, Гон­конг азаттығы үшін күресіп жүрген оппози­ция өкілдері Джошуа Вонг, Иван Лам, Агнес Чоуларды тұтқыннан босату хақында сұрау жіберді. Оған қоса парламент Еуро­па ел­деріне Қытай мен Гонконгтегі жеке тұл­ға­лар­ға қатысты санкция мәселесін қарау­ды ұсын­ды. Еуропа одағының адам құқықтар­ына қатысты Жаһандық санкция режімінің шең­­бе­­рін­де Гонконг көшбасшысы Кэрри Ламға қа­тысты шара қолдану мәселесі де талқыланды.

Мемл­е­кеттегі өзгерістерге келісім берсек, толығымен Қытай иелігіне айналамыз деп қауіптенетін белсенділердің әзірге алған бетінен қайтатын түрі жоқ. Олардың бір бөлігі жат елді паналап жүріп те өз іс-қимылдарын жалғастыра бермек. Осымен үшінші жылға созылған Гонконгтегі толқулардың соңы неге әкеліп соғатыны әзірге белгісіз.