19 Желтоқсан, 2013

Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ

5950 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

01-Кайрат Жумагалиев-4Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. 77 жасқа қараған шағында жаны жайсаң азамат, көрнекті қаламгер Қайрат Жұмағалиев дүние салды.

Қ.Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданында Жиекқұм ауылдық кеңесінің (қазіргі Бейсен ауылы) Бесқұдық деген жерінде туған.

1959 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген соң еңбек жолын «Жазушы» баспасында кі­ші редакторлықтан бастап, осы ұжымда ұзақ жыл қыз­мет істеп, бас редактордың орынбасарлығына дейін өсті.

 

01-Кайрат Жумагалиев-4Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. 77 жасқа қараған шағында жаны жайсаң азамат, көрнекті қаламгер Қайрат Жұмағалиев дүние салды.

Қ.Жұмағалиев 1937 жылы 16 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданында Жиекқұм ауылдық кеңесінің (қазіргі Бейсен ауылы) Бесқұдық деген жерінде туған.

1959 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген соң еңбек жолын «Жазушы» баспасында кі­ші редакторлықтан бастап, осы ұжымда ұзақ жыл қыз­мет істеп, бас редактордың орынбасарлығына дейін өсті.

1985–1992 жылдары Қазақ теледидарында аға редактор, бас редактор болып еңбек етті. 1993–1996 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аударма-редакциялық бөлімінде сектор меңгерушісі, кеңесші болды.

Ол жастайынан жақсы жырлар жазып, жарқырап көрінді, Оның «Тұңғыш» кітабы 1964 жылы «Жазу­шы» баспасынан жарық көрді. Мұнан соң «Жанар», «Перзент үні», «Жеңісбай», «Айнамкөз», «Саха­ра», «Ша­пағат», «Ататау», «Парасат», «Құбажон», «Ақ­ма­рал», «Кім көріпті мұндайды» өлең­дер жинақ­­­­­тары және «Сәске» атты таңдамалысы оқырман қолына тиді.

Оның төрт кітабы орыс тіліне аударылып, «Степная дорога», «Целомудрие» атты жинақтары Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан жарық көрді. Жекелеген шығармалары ағылшын, француз, араб, неміс, қытай, хинди, испан, поляк, болгар, тілдеріне аударылған.

Қ.Жұмағалиев шебер аудармашы да болды. Гомердің «Илиадасын», Еврипидтің «Медея», «Троя арулары», «Елена» трагедияларын, әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларын ана тілімізге аударған. А.Дюманың «Граф Монте-Кристо» романын (Ә.Жұмабаевпен бірге), моңғол жазушысы Л.Тудэвтің «Тау тасқыны» романын, француз ақыны Беранженің шығармаларын, қырғыз эпосы «Манастың» тарауларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Ақын өлеңдеріне жазылған көптеген әндер бар.

Қ.Жұмағалиев үздік шығармалары үшін «Молодая гвардия» журналының, «Қазақ әдебиеті» газетінің лау­реаты атанды.

Оның жарқын бейнесі жадымызда ұзақ сақталады. Өзінің биязы мінезімен үлкенге іні, кішіге аға бола біл­ген ақынның жырлары халқымен бірге жасай бермек.

Қазақстан Республикасының

Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы

 

АҢҚЫЛДАҒАН АҚЫН ӨТТІ ДҮНИЕДЕН

Қайран Қайрат та дүниеден озды. Жарық күннен дәйім жақсы­лық күтетін оптимист еді. Қарша­­­да­йынан жетім қалып, талайды көр­ген құм Нарынға атом сы­нақ­тары­ның қаупі төнгенде, қы­­зыл вагондарға тиеліп, жер тү­бін­­дегі Мырзашөлге ауған-ды. Же­тім бала, жесір әйелдің басы­на түскен елпі-селпі қиын күн­дерді кеше жүріп ер жеткен-ді. Шыныққан-ды, ширыққан-ды. «Талапты ерге нұр жауар» деп, қызыл сөздің түбін күйттеп, өлең өрісінен бір-ақ шыққан-ды. Содан бері талмай ізденген таудай талап, сезімтал жүректі тас қияға өрлетіп, ақындықтың ауылына ат байлат­қан-ды.

Аузын ашса көмейі көрінетін ақкөңіл ақын тек өзі көрген қиын­­­дықтарды ғана көзінен тізіп қоймай, албырт сезім, асау арман­­­­дарға берілетін. Өмірге соншама ғашық еді. Кейінгі жылдары туған жер төсіне көшіп барып, дүниеге қайта туғандай аунап-қунап, мәз-мәйрам болып жүруші еді. Оны көріп біз де мәз болатынбыз. Жетпісінде туған топырағына жеті жасар баладай арсалаңдаған ақын азаматтың ақпейіл, адал жүрек лүпілін сезіп, еріксіз елжірейтінбіз.

Ол жазған өлеңдерді қосыла жаттап, ол айтқан әндерді қосыла шырқайтынбыз. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» – оның бұл сөзімен келіспейтін қазақ бар ма екен?! О дүниеге де қайран Қайрат марқұм Жаңыл апайдың аңырата салатын назды әнімен өн бойыңды елжіретер тебіреніс көйгейін аңсап, сарғая сағынып аттанып кеткендей.

Бақұл бол, бауырым, артыңда қара ормандай халқың мен адал жар, ақ некелі қосағың Софьяң қалды. Үй толы балаларың мен не­­мерелерің қалды. Жан тебі­­­рен­­тер өлеңдерің бар. Айтқан са­йын аңсата, тамсанта түсетін қыз­­ғы­лық­ты мінездерің бар. Сен өл­мей­сің. Сезім бесігінде тер­бе­ліп, тебі­ре­несің. Жыр болып, сыр болып тө­гілесің. Жасай бер, жайдары ақын, жайсаң жыр!

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.

 

ӨМІРШЕҢ ӨЛЕҢДЕРІ ӨНЕГЕЛІ

Халқымыздың көрнекті ақыны Қайрат Жұмағалиев «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген екі ауыз сөзімен-ақ әдебиетте ана бейнесін айрықша сомдаған жаны жайсаң жыр жампозы еді. Оның шынайы поэзиясы оқырман жүрегінен жол тауып, күллі қазақ елінің рухани байлығына айналды. «Тұңғыштан» басталған жыр жинақтарының саны отыздан асты, шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылды. Әдебиетте жарты ғасырға жуық уақыт өнімді еңбек еткен Қайрат Жұмағалиевтың өнегеге толы өміршең өлеңдері мәң­гі­ліктің көшінде болады деп біле­мін.

«Ер – туған жеріне» деген бабалар аманатына адал болған Қайрат ағамыз соңғы жылдары туған мекеніне, Оралына оралып, жасы егде тартса да, еңбектен қол үзбеді. Өмірлік тәжірибесін жастарға үйретті, үлгі-өнеге көрсетті. Амал қанша, «Жазмыштан озмыш жоқ». Халқына қадірлі, ағайынға абыройлы қалыпта ортамызды ойсыратып, о дүниеге аттанды.

Қайраттай ақжүрек, адамдықтың биік шыңынан аласармаған азамат­тың ошағы – оты сөнбегей!

Ақын ағамыздың өнегелі өмірі мен жарқын бейнесі біздің жадымызда сақталады.

Пейіште нұры шалқысын деп тілек етеміз.

Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,

Атырау облысының әкімі.

 

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ ЖАҚСЫ АҒА ЕДІ

Қайрат аға өмірден өтіпті деген суық хабар жанымызды қатты жабырқатты. Жүрегі ел, туған жер деп соғып өткен қазақтың бір қабырғалы қаламгері, өлең-сөз зер­гері өзіңіздей-ақ болар. Сон­дықтан да Сіздің шығармашылық жолыңызда туған жер мен ана тақырыбы басты сипатқа ие болып келді. Қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтыға шоқыттырмай аялап өсірген асыл анаңызға арнап шығарған туындыңыз бүгінде барша аналарға сөзбен соғылған ескерткіш іспетті.

Туған жеріңізге елу жеті жыл өткен соң қайта оралып тұра бас­та­ғаныңызда Сіздің балаша қуан­ғаныңыз көз алдымызда. Ақ­­­жайық Сіздің өлең өлкесіндегі екінші тынысыңызды ашқандай, жа­ныңыздың жалауын қайта бір желбіреткендей күй кешіп едік. Елге оралуыңыз арқылы Сіз Ақжа­йықтың рухани кеңістігі мен өңір­дегі ақыл-ой, парасат әлемін тағы бір биікке көтеріп тас­тап едіңіз-ау, қайран Қайрат аға! Олқы тұсымыз кемелденіп, ортамыз толып, бәріміз де бір жасап қалғандай едік.

Осындай жаны жайсаң жақсы ағаның ортамыздан кетуі орны толмас ауыр қаза. Арқа аруы Софья жеңгеміз екеуіңіз – екі жақсы қосылғанының таптырмас көрінісіндей едіңіздер.

Қош, қазақ поэзиясында қайта­лан­бас өз қолтаңбасын қалды­ра білген сұңғыла суреткер, көзі тірі­сінде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген асыл аға, туған жері­нің жоқтаушысы мен жанашыры!

Нұрлан НОҒАЕВ,

Батыс Қазақстан облысының әкімі.

Орал.

 

АРТЫНА БАҒАЛЫ МҰРА ҚАЛДЫРДЫ

Мен Қайрекеңді бұрыннан, жасырақ кезінен танитын, білетін болсам да, екеуміздің өмір жолымыз 1996 жылы қос палаталы Парламент Сенатының қабырғасында шындап түйісті. Соның алдында мемлекетаралық «Заман Қазақстан» газетінде бас редактор болып бірер жыл қызмет атқарған соң, Парламент Сенатының аппаратына редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып келген едім. Қайрекең осы бөлімдегі консультанттардың бірі екен. Мені іш тартып, жайраңдап қарсы алды. Кешікпей бөлім меңгерушіміз Зейнолла Серікқалиев зейнет демалысына шықты да, орнына мен меңгеруші болдым. Мен келерден аз уақыт бұрын Қайрекеңді жасы келді деп зейнетке шығарып, қызметті ол келісімшарт бойынша жалғастырып жүр екен. «Сіздің зейнетақыңыздың күшін жойып, бөлімге қайтадан қызметкер етіп алайық», дедім. «Ондай күн қайда», деп ол көңілсіз жымиды. Ақыры мұны іске асырудың сәті түсті. Сөйтіп, Қайрекең қайтадан бөлімнің толыққанды қызметкері болып, қатарға оралды. Алты жылдан кейін ғана, 2003 жылдың жазында зейнет демалысына шықты. Бір ғажап жері, Қайрекең осылайша күнделікті қызметін істеп жүріп те көпшіліктің көңілінен шығатын жақсы өлеңдер жазуын тоқтатқан емес. Артында мейлінше бай, ұлтымыздың, халқымыздың керегіне жарайтын бағалы мұра қалдырды. Бақұл бол, Қайреке! Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болсын!

Болат БОДАУБАЙ,

жазушы.

 

ЕНДІГІ ОРНЫ – ПОЭЗИЯ ӘЛЕМІНДЕ

Қайрат бұл дүниеден өтті деген хабарды естідім. Қайрат Жұма­ға­ли­ев. Талай жылдар емен-жарқын көңі­ліміздің қосын бөлісуші едік. Соншалық бір сырымыз бен мұңы­мызды арнайы ақтармасақ та, жаны­мыздың жан-сарайын қас-қабағымыздан ұғысып, себеп-салдарын сұраспай қалған емеспіз. Ақ жарқын еді. Ақындық мінезбен аңқылдап жай-жапсарыңды сұрап, өзінің де қалтарыс-бұлтарысын бүкпесіз жайып салып жүретін. Аңқылдап бір шалқая керіліп күлуші еді. Өзіңді қолдап, қолпаштап, ақ жарылып жүретін. Шығармашылық жұмыстың қат-қабат қарбаласында жүрген баршамызды сол риясыз мінезі қанаттандырып жіберетін.

Дос-жарға қаншалықты адал болса да, өлең әлеміне соншалық кірпияз еді. Жан сырын ағынан ақтарып, сезім күйлерін төгілтіп-ақ жарқырата білуші еді. Қайраттың «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деген өлең жолдарының өміршең де өнегелі афоризмге айналып кетуі де сондықтан шығар.

Жазушы баспасында көп жылдар бойы редактор, бөлім басты­­­ғы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Сол ақжарқын күйінен тайған да, танған да емес. Қабақ шытып, жұмыс жағдайын көлденең салмайтын. Орнымен, ретімен ғана істің барысын саралай, ақылдас қылатын. Қазақ өлеңінде өзіндік орны бар еді.

Соншалықты өкінішпен соңғы «қош-қошымызды» айтамыз. Жақсы дос, абзал азамат, белгілі ақын Қай­­­­­рат Жұмағалиевтың ендігі орны – поэ­зия әлемінде.

Төлек ТІЛЕУХАН,

жазушы.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар