«Тәжірибе жүзінде шекара Норвегияда тұрмайтындардың барлығына жабық болады», деп мәлімдеді елдің премьер-министрі Эрна Сульберг.
Үкімет басшысының айтуынша, өте маңызды тауарлар мен қызметтер бұрынғыша Норвегияға жеткізіліп отырады. Алайда жаңа ережеге сәйкес «көптеген еңбек мигранты келесі аптада елге келе алмайды». Бұл ереже екі аптадан кейін қайта қаралады. Себебі Норвегияда коронавирус жұқтырғандар саны тәулігіне 279 адамға артып, 61 594-ке жеткен.
Пандемия кезінде індеттен елде 550 науқас қайтыс болды. 3 млн-нан аса адам коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест тапсырса да, 6 қаңтар күні 930 науқас тіркелді.
Елде коронавирус жұқтырған алғашқы адам былтырғы жылдың ақпан айының соңында тіркелді. 25 қаңтардан бастап Норвегия елге кіруге қойылатын талаптарды күшейтті. Енді елге кіретін адамдардың барлығы сапарынан кем дегенде 24 сағат бұрын тапсырылған, коронавирустың жоқ екенін дәлелдейтін талдау нәтижесін көрсетуі қажет.
Алдыңғы ақпараттарда хабарлағанымыздай, бұған дейін Норвегияда коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина биыл сәуірде қолданылуы мүмкін екені хабарланған еді.