Аймақтар • 28 Қаңтар, 2021

Вакцинация: Қостанай облысында 93 егу пункті жұмыс істейтін болады

107 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыста коронавирустық инфекцияға қарсы ерікті вакцинацияға дайындық жұмыстары аяқталды. Жауапты науқанға барлығы 31 медициналық мекеме тартылайын деп отыр. Оның ішінде 26 мемлекеттік, 5 жекеменшік емхана бар, деп хабарлайды Еgemen.kz

Вакцинация: Қостанай облысында 93 егу пункті жұмыс істейтін болады

Мектеп-интернаттар, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен жабық түрдегі балалар мекемелері үшін әрбір емхананың жанынан бір-бірден жылжымалы егу бригадасы шығады. Бұларды қосқанда, аймақта жалпы саны 93 стационарлық және жылжымалы егу пункттері жұмыс істейтін болады. Вакцинация пункттерін 150-ге дейін кеңейтуге мүмкіндік бар.

Вакцинация кезінде қабылдау, тасымалдау және ұйымдастыру шараларына жұмылдырылатын 160 маман алдын ала арнайы оқу курстарынан өтті.  

Сонымен қатар, вакцинация жүргізетін емдеу мекемелеріне сақтау температурасы -20 градусқа дейін және одан да төмен 120  мұздатқыш құрылғы сатып алынады. Бұл бір мезгілде вакцинаның 73 мың дозасын салуға мүмкіндік береді. Тоңазытқыштардың алғашқы легі осы аптаның соңына дейін жеткізілмек.

Мұның сыртында, шалғай аудандарға вакцина тасымалдайтын авторефрижератор және суық сақтағыш қабілеті бар 100 термоконтейнер сатып алынады.  Бүгінде облыста 2-50 литрлік 817 термоконтейнер бар. Қолда бар мұздатқыш жабдықтардың өзі қазірдің өзінде 8,8 мың доза вакцинация егуге мүмкіндік береді.

Облыстық әкімдік жанындағы ақпараттық штаб мәліметі бойынша, ең бірінші кезекте вакцинация инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық көмек қызметкерлерінің, жансақтау және қарқынды терапия бөлімшелерінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінің, стационарлардағы қабылдау бөлмелері мен санэпидқызметтің мамандарына егілетін болады.

Соңғы жаңалықтар