Экология • 29 Қаңтар, 2021

Қайта өңдеуде қарқын қажет

309 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстанда экологияға қатысты қордаланған проблемалар аз емес. Тіпті пандемиядан кейін қоғамда ең көп талқыланатын мәселелер осы салаға қатысты болды десек, қателеспейміз. Бұл пікірімізді күні кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да қуаттап, арнайы сауалдаманың нәтижесінде азаматтардың 48%-ы ғана экологиялық жағдайға көңілі толатынын жеткізді.

Қайта өңдеуде қарқын қажет

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

 

Қайта өңдеу көлемі 40%-ға артады

Экология халықтың тұрмыс сапасына ықпал ететін маңызды сала болғандықтан, Президент еліміздегі ахуалды реттеу үшін Үкіметке бірқатар тапсырма жүктеді.

«Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады. Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткішті цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қоршаған ортадағы тепе-теңдікті сақтауда қайта өңдеудің маңызы зор. 2016 жылдан бері елімізде өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қағидасы жүзеге асырылып келеді. ӨКМ операторының негізгі міндетіне қалдықтарды жинап, оны қайта өңдеп кәдеге жарататын кәсіпорындарға субсидия беру кіреді. Демек, өңдеуші саланы дамытып, экологиялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету бірыңғай оператордың негізгі қызметіне жатады. Алғашқы жылдары ӨКМ қағидасы автокөлік пен олардың компоненттеріне таралып, атап айтқанда, май, шина, антифриз қалдықтарын өндірушілер мен импорттаушыларға қайта өңдеу төлемі енгізілді. Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидасы енгізілмей тұрғанда, елімізде қалдықты қайта өңдеудің үлесі небәрі 2,6% еді. Бұл жүйе іске қосылған соң, оның көлемі артып, қазір 18,6%-ға жетті. «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай қалдықты қайта өңдеу көрсеткішін кемінде 40% жеткізу межесі қойылып отыр.

Бірыңғай оператордың ақпаратына сүйенсек, Ескі көліктерді қайта өңдеуге қабылдау бағдарламасы (құнын төлеу және жеңілдік сертификаты) арқылы 164 927 істен шыққан көлік қабылданып, оның 144 645 данасы Қарағандыдағы зауытта қайта өңделді. 110 293 көлік ақшалай өтемақы бағдарламасы бойынша өткізілді. 4 жыл ішінде ескі көлігін қайта өңдеуге тапсырған қазақстандықтарға 18,4 млрд теңге қаражат төленді. Бес жыл ішінде өңделген қалдық көлемі 6 есеге дейін ұлғайды. Атап айтқанда, 102 743 тоннадан астам шина қалдығы кәдеге жаратылып, 91 713 тонна пайдаланылған аккумулятор қайта өңдеуге жіберілді. Сондай-ақ 52 664 тонна пайдаланылған көлік майы өңдеуден өтті.

2017-2020 жылдар аралығында 215 243 тонна қаптама қалдығы, оның ішінде 28 251 тонна пластмаса, 116 499 тонна қағаз қаптама, 62 065 тонна шыны қалдығы және 7 956 тонна шыны ыдыс, 473 тонна металл қаптама, сол секілді 7 127 тонна электронды қалдықтар жиналып, қайта өңделді. Сәйкесінше, саладағы кәсіпорындарға 14,7 млрд теңге төленді.

 

Өңірлер қалдықты сұрыптау жүйесіне көшеді

Жауапты ведомствоның мәліметіне сәйкес, биыл Семей мен Өскеменде, сон­дай-ақ Ақтөбе қаласында заманауи сұрып­тау желісін іске қосу көзделуде. Атал­ған қалаларды қоқыс тасымалдайтын көліктер мен қалдықты бөліп жинайтын контейнерлермен қамту бойынша негізгі жұмыстар қолға алынды. Айталық, Шығыс Қазақстанда қалдықты үш фракцияда жинау жүзеге асырылмақ, нақты айтқанда «жеңіл» қайта өңделетін қайта­лама шикізат (пластик, қағаз, металл), «ауыр» – бұл шыны және «дымқыл» қайта өңделмейтін қалдықтар(тамақ қалдықтары және т.б.). Бұл жобаны жүзеге асыруға 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. 

ӨКМ Операторы Өскемен қаласы үшін макулатура мен пластикті бөлек жинауға арналған сары түсті 760 пластик контейнер және шыны қалдықтарына арналған қоңырау үлгісіндегі 514 көк түсті контейнер сатып алынып, әкімдікке беріледі. Семейде қайталама шикізатты жинауға арналған 1 050 торлы және шыны ыдысқа арналған 532 контейнер орнату жоспарлануда. Сонымен қатар ӨКМ операторы Шығыс Қазақстанның екі қаласы үшін 12 бірлік арнайы техниканы сатып алуға қаражат бөлді. Биыл Семей мен Өскеменде ҚТҚ бөлек жинаудың инфрақұрылымын ұйымдастыру бағы­тында өндірістік қуаты жылына 200 мың тон­на қалдықты сұрыптайын екі жаңа желі іске қосылады. Жол картасы аясында Ақ­төбеде тұрмыстық қалдықты тиімді басқа­рудың материалдық-техникалық жарақ­тандыру жұмыстары да қолға алынды. Атап айтқанда, биыл тұрмыстық қал­дықты сұрыптап тастауға арналған 962 пластик контейнер және қалдық таситын 6 арнайы техниканы  сатып әперу жоспарланып отыр.

Бұл орайда Іле-Алатау ұлттық паркінде қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинау жүйесі іске қосылғанын айта кеткен орынды. Аталған парк – қалдықты бө­лек жинаудың инфрақұрылымын то­лық­қанды ұйымдастырған еліміздегі алғаш­қы ұлттық парк. Оның аумағында ұзын саны 30-дан астам жаңа қалдық алаң­дары орнатылып, оған 225 контейнер сатып алынды. 135 контейнер қайталама шикізатты жинауға арналса,  қалған 90 «жасыл» тамақ қалдықтарын қабылдауға қойылды. 2030 жылға дейін Іле-Алатау паркі аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптау деңгейін 85%-ға дейін жеткізу көзделген.

 

Қалдықты жинау мәдениетін қалыптастыру керек

Бірыңғай оператордың бастамасымен шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мақсатында биылдан бастап, Eсoqoldaý жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы арқылы өңірлердегі қалдық жинаушы мен қайта өңдеуші кәсіпорындарға қаржылай қолдаудың мүмкіндігі ұлғаяды деп болжануда. Ең бас­тысы сала қатысушыларына қойылатын талап жеңілдетілмек. Осылайша, қалдық өңдеу саласын қаржылай ынталандыру арқылы өңірлердің экологиялық және экономикалық даму мәселесі шешімін табады деген үмітте жобаның авторлары. 

Десек те отандық қайта өңдеу сег­мен­тін озық деңгейге жеткізу үшін алдымен қалдықты бөліп жинау мәдениетін қалып­тас­тырып, тұтыну деңгейін азайтқан абзал. Мұндай пікірді «Спарта» экологиялық қозғалысының жетекшісі Әсел Құспанова жеткізді.

«Біріншіден, қалдықты бөлек жинау­ды мемлекеттік деңгейде міндеттеуді қажет деп есептеймін. Тіпті айыппұл салу тетіктері заңнамалық деңгейде енгізілсе, артық болмас еді. Бұл қатаң шара ретінде көрінгенімен, бүгінде мұндай шараға амалсыз баруға тура келеді. Себебі Қазақ­стан жаһандық жылынуға байланысты дүниежүзілік акцияға қосылып, таяуда Алматыда ауа термометрі тағы бір гра­дусқа жылынғаны байқалды. Осы­дан-ақ бұл проблеманың ауқымын бағам­дай беруге болады. Аталған мәселені шешудің екі түрлі жолы бар. Алғашқысы, мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылуы тиіс, яғни халыққа қалдықты бөліп, жинауға мүмкіндік беретін талапқа сай инфрақұрылым ұсынылуы қажет. Өйткені көпшілік қалдықты бөліп жинау үшін тиісті инфрақұрылымның жоқтығын алға тартады. Рас, қажетті инфрақұрылым айтарлықтай көп емес. Мысалы, тұрғын үйлердің ауласында орнатылған сары, жасыл контейнерлерді алып қарайық. Жоба жаман емес. Бірақ оның әуел бас­тан жұмысы дұрыс жолға қойылмады. Себебі тұрмыстық қалдықты тәртіпке сай жинаудың үлгісін түсіндіретін ақпараттық жұмыстар аз жүргізілді. Екіншіден, оның баламасы болу керек. Неге десеңіз, қазір елорданың өзінде қоқысты қабылдайтын орындар жабылып жатыр. Соның салдарынан экобелсенділер жинақталған қоқысты қайда өткізуді білмей дал болуда. Негізінен әр үйде жоғарыда айтқан екі контейнер болмаса да Германия, Швеция сынды елдердегідей арнайы бірнеше бокс қойылса. Оның әрқайсысына қалдық классификациясына сәйкес, жиналып отырады. Осыны заң тұрғысынан реттеп, қоқысты сұрыптамаған тұлғаларды жауапқа тарту тетігін енгізген артық болмас еді немесе олардың қоқыстарын шығармай қою қажет. Ең бастысы, халық бұл мәселеге саналы түрде қарап, келешекте ұрпақтарымызға қандай әлем қалдырамыз деген сұрақты өзіне қоя білу керек», дейді Ә.Құспанова.

 

Қалдықты тиімді басқару жолдарын дайындау қажет

Парламент Мәжілісінің депутаты Ел­дос Абақановтың айтуынша, қалдықты өң­­деудің қарқынын арттырумен бірге қал­дықты тиімді басқарудың жолдарын жан-жақты қарастырған жөн. Өйткені рес­­ми ақпараттарға сәйкес, елімізде жыл са­йын 3-5 млн тоннаның аралығында қал­дық жина­лады. Мұндай көлемдегі шикі­зат­ты өң­деу үшін алдымен оны тиімді бас­қа­ру­­дың жүйесін әзірлеген дұрыс дейді депу­тат.

«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сенсек, республикада қалдықты қайта өңдеудің көлемі 18%-ды құрайды. Орта есеппен бұл салада елімізде 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың жартысы қалдықты жинаумен айналысса, қалғандары оларды өңдеп, нақты тауарларға шикізат түрлерін дайындайды. Бұл саланы дамыту үшін екі бағытта жұмыс атқару керек. Біріншіден, халық арасында ағартушылық жұмысты күшейту қажет. Экологиялық мәдениет пен білімге ерекше назар аударған жөн. Былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке мектеп бағадрламасына экологиялық білім бойынша арнайы сабақты енгізуге қатысты тапсырма берген болатын. Бұдан бөлек, экологиялық ұйымдар тарапынан да бірнеше жоба жүзеге асырылып келеді. Атап айтсақ, былтыр Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының бастамасымен StopMusor жобасы іске асқан еді. Оның негізінде сараптамалық зерттеулер жүргізіліп, Нұр-Сұлтан мен Алматының тұрғындары арасында жүргізілген сауалдама нәтижесі бойынша азаматтар тұрмыстық қалдықтарды көшелерде көптеп кездестіретінін жеткізді. Демек, бұл мәселені әр азаматтың көкейінде жүрген проблема ретінде айтуға болады. Екіншіден, қалдықты сұрыптау сияқты мәселелерге қатысты әлеуметтік, ағартушылық жұмыстарды көбейткен дұрыс болар еді. Өйткені бұл қалдықты өңдеу мәселесінің оң шешілуіне септігін тигізер еді. Экономикалық ынталандыру тетіктерін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Мысалы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің тарапынан өндірушілердің (импорт­таушылардың) кеңейтілген міндет­те­мелері қағидасы енгізіліп, саладағы кәсіп­орындарды мемлекеттік субсидиялау тетігі қарастырылған. Сондай-ақ қай­та өңдеу саласына қажетті инфрақұ­ры­лымды дамыту керек», деді Е.Абақанов.

Бұған қоса, мәжілісмен республикадағы қоқыс полигондарын жөнге келтіру керек деп есептейді.