Аймақтар • 29 Қаңтар, 2021

Алматының эпидемиялық ахуалы алаңдатарлық

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазірге Алматыдағы эпидемиялық ахуал көңіл көншітпейді. Алайда қала билігі мен ақ желеңді жандар тарапынан жасалынып жатқан орасан жұмыстарды жоққа шығара алмаймыз. Иә, Алматы «қызыл аймаққа» енді. COVID-19 статистикасы алаңдатары сөзсіз. Індетке шалдыққандар саны күн сайын 130 адамнан төмен түспей тұр.

Алматының эпидемиялық ахуалы алаңдатарлық

Коллажды жасаған Зәуреш СМҒҰЛ, «ЕQ»

Алматыда пандемия басталға­лы бері 21 547 КВИ жағдайы тіркел­се, тек сәрсенбі күні індетке шал­дық­қан­дарға 139 науқас қосылды. Аурудан сауыққандар саны қазіргі уақытта – 19 487 адам, бұл жұқтырған барлық жағдайлардың 91%-ын құрайды.

Дегенмен, коронавируспен күресуге бағытталған әрекеттер ауру өршіп тұрғанына қарамастан, өз нәти­жесін беріп отыр. Инфек­ция­лық стационарлардың жүкте­месі тұ­рақты, бүгінде 724 төсектік орын бос емес, бұл ретте оның 61%-ы бос және 5 145 төсектік орын резерв­­те тұр. Қа­зіргі уақытта тәу­лігіне орта есеп­пен 50-90 пациент емдеуге жатқызылады. Жан­сақтау бөлім­ше­лері 50% бос емес. Бастапқыда реа­­ни­­ма­циялық тө­сектік орындар саны 80 болса, төсектік орындар санын 120-ға дейін ұлғай­туға тура келді.

КВИ жұқтырғандардың арасында қатар жүретін аурулары бар науқастар саны айтарлықтай өскенін айта кеткен жөн. Сондық­тан қала тұрғындарына үйден сирек шығу, адамдар көп жиналатын орындарға бармау, өзін-өзі емдеумен айналыспау, білікті медициналық көмекке жүгіну тынбай ескертіліп отыр.

Сонымен қатар медицина­лық-санитарлық алғашқы көмек ұйым­дарында COVID-19-бен күресу үшін үйде емделіп жат­қан пациенттерге мониторинг жүр­гізетін мобильді бригадалар құ­рылды. Бүгінгі таңда үйде медици­налық бақылауда 797 адам тұр.

Былтыр қыркүйекте COVID-19 вирусын жұқтырған пациенттерді емдеу бойынша МСАК ұйымдарын қолдау мақ­сатында қауіпті топтардағы каран­тиндік пациенттерді қашықтықтан бақылау және консультациялар жүргізу үшін Телемедицина ор­та­лығы құрылған болатын. Қара­шадан бастап бүгінге дейін орталық мамандары12 мыңнан астам кіріс қоңырауын қабылдап, 51 мыңнан астам шығыс қоңырауы жасалды.

Әрине, жұрттың барлығын 1 ақ­паннан бастап жүргізілетін вакциналау мәселесі толғандырады. Қалалық денсаулық сақтау бас­қармасы Спутник-V вакцина­сының түсуін күтіп отыр. Қаңтар айының соңында Алматыға вакцинаның 1 450 дозасы (290 құты) келіп түседі. Вакциналау жүргізілетін емханаларда сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтар мен қой­мадан вакциналау каби­нетіне дейін тасымалдауға арнал­ған тоңа­зы­ту элементтері бар кон­тей­нер­­лер сатып алынды. Ақпан айына 6 мың доза және шілде айы­на дейін 150 мың доза алу жоспарланып отыр.

Еріктілерге салынған қазақ­стан­дық вакцина клиникалық сы­нақ­­тардың соңғы сатысынан өтуде және мақұлданған жағдайда халық­­ты иммундау үшін де келіп түседі.

 

АЛМАТЫ