Мемлекеттік хатшы атап өткендей, биылғы жыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Демек, Тәуелсіздіктің мерейтойлық жылының басталуы Мемлекет басшысы Қ.Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласының жарыққа шығуымен ерекшеленді. Ел Президентінің мақаласында Тәуелсіздіктің әр онжылдығының тарихи мәні, іргелі бастамалары мен Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шешуші рөлі, қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы халқымыздың даналығы мен бірлігі, еңбекқорлығы айқын анықталған. Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтары туралы заманауи түсінікті терең әрі ауқымды түрде ашып, алдағы төртінші онжылдықтың басты мақсаттарын айқындады.
Қ.Көшербаев біздің қоғам Президенттің мақаласын мемлекетіміздің дамуындағы жаңа кезеңнің идеологиялық тұжырымдамасы және бағдарламасы ретінде қабылдағанын баса айтты.
Алқалы жиын барысында Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаев белгілі актер Сәбит Оразбаевқа Бірінші дәрежелі «Барыс» орденін салтанатты түрде тапсырып, саналы ғұмырын театр сахнасында өткізген актерді 85 жасқа толуымен құттықтады. Өз кезегінде министр Ақтоты Райымқұлова және Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев құттықтап, мерейтой иесіне арнайы сыйлықтарын тапсырды.
Еліміздің өнеріне қосқан үлесін бағалағаны үшін ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбит Оразбаев алғысын білдіріп, ризашылығын танытты.
Жиын барысында АҚШ-тағы Дүниежүзілік каскадерлер академиясының беделді «Taurus» сыйлығын иеленген отандық «Nomad Stunds» каскадерлік тобының жетекшісі, белгілі каскадер Жайдарбек Күнғожиновқа «Мәдениет саласының үздігі» медалі табысталды. Бұл беделді халықаралық марапаттың Қазақстан каскадерлерінің жоғарғы шеберлігін мойындағаны ғана емес, қазақстандық мәдениет пен кино өнеріне қосқан зор үлесі екенін атап өтті Қ.Көшербаев. Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова каскадердің бұл жетістігін еліміздің мәдениетіне қосқан қор үлесі екендігін атап өтіп, алдағы істеріне де сәт сапар тіледі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы стипендиясын алғандар қатарында Әбдіжәміл Нұрпейісов, Марфуға Айтқожа, Асанәлі Әшімов, Нұрғали Нүсіпжанов, Александр Гарковец, Дулат Исабеков, Иранбек Оразбаев, Болат Аюханов, Елена Әбдіхалықова, Мирас Асан және басқа да қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандары бар.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Мемлекет басшысы мақалада құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырды. Бұл мәселеге болашақта тарихшы ғалымдар, мәдениет майталмандары, әсіресе, кино саласының мамандары баса назар аударған жөн. Өйткені ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған және таспаға түсірілген төл тарихымыз ұрпақтың санасын оятып ұлттың жадын жаңғыртуға жол ашады»,
деп атап өтті. Мемлекеттік хатшы сонымен бірге Президенттің жыл басында жарияланған мақаласының маңыздылығы жайында айта келе, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында ұлы тұлғалардың мерейтойларын атап өту мәселесіне тоқталды.
Салтанатты қара ары қарай стипендиаттардың ізгі тілектерімен жалғасын тапты. КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов мәдениет және өнер саласы өкілдеріне деген мемлекет тарапынан қолдауға ризашылығын білдірсе, «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Мирас Асан үлкен мәртебе, зор қуанышымен бөлісіп, жастар әдебиетін, оның ішінде балалар әдебиетін қолдауға көңіл бөлу тұрғысында ойларын ортаға салды.
Мемлекеттік хатшы осы жиында мемлекеттік қолдау еліміздің рухани негіздерін одан әрі нығайтуға, қоғамдық сананы жаңғыртуға және Тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтарын насихаттауға мүмкіндік беретін жаңа идеялар мен жобаларды іздеуге жаңаша серпін беретініне сенім білдірді.