Экономика • 29 Қаңтар, 2021

Қазақстан кедейлік құрсауына түсе ме?

450 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан экономикасы 2021 жылы 2,5 пайызға дейін жоғарылап, одан әрі қарай прогрессивті өсім қарқынын көрсетуі мүмкін. Әлемдік қаржы нарығындағы жоғары қарыздық тәуекелдер және әлемдік экономиканың қайта қалпына келу процесіндегі теңсіздік әсерінен жағдайдың нашарлап кетуін ешкім жоққа шығармайды. Бұл туралы дүниежүзілік банктің «COVID-19» дағдарысынан кейінгі баяу қалпына келу» атты Қазақстан туралы баяндамасында айтылған.

Қазақстан кедейлік құрсауына түсе ме?

Сарапшылар арнайы өткен онлайн-жиында осы баяндама төңірегінде талқы жасаған. Олардың айтуынша, 2020 – соңғы жиырма жылда Қазақстан тарихындағы ең ауыр жыл болды. Пандемия соққысы 2008 және 2015 жылдардағы дағдарыстан да ауыр тиген. Індеттің кең тарауы 2020 жылдың екінші тоқсанында жаһандық белсенділікті жойып, Қазақстанның экспорттағы басты көзірі болып отырған мұнай бағасының құлдырап кетуіне әкеліп соқты.

         – Әлемдік экономикаға байланысты даму болжамының жаңаруына, экспортқа деген сұраныстың артуына, ішкі экономикалық белсенділіктің жаңаруы және қолда бар табыстың өсуіне байланысты 2021 жылы экономиканың орташа деңгейде қалпына келуі күтіледі. Экономика үшін тәуекелдер төмендейді. Алайда өсімге қажетті қолдауды жасау үшін індетке қарсы вакцинацияны сәтті өткізу және экономикалық реформаларды жалғастыру маңызды, – дейді дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі, аға экономист Самсу Рахарджа.

         Сарапшылардың сөзінше, экономиканың құлдырауы бірінші кезекте халықтың әлеуметтік әлсіз тобына кері әсерін тигізеді. Пандемия бөлшек сауда, қонақүй бизнесі, көтерме сауда және транспорт секторларын тұралатып кеткен. Дегенмен ауыл халқы бәрібір қаттырақ зардап шегіп отыр дейді эксперттер. Қазақстандағы кедейлік 12-14 пайызға дейін жетуі ықтимал. Бұл дегеніңіз шамамен 1,5 миллион адам.

         – Әсіресе, ауыл халқының кедейлену қаупі басым. Бұл Қазақстандағы теңсіздіктің ұлғая түсуіне ықпал етеді. Өндірістің тоқтап қалуы және көмірсутектерге деген шамадан тыс тәуелділік салдарынан ЖІӨ-нің орташа өсімі әрбір экономикалық дағдарыстан кейін төмендеді. Демек, Қазақстан экономиканы жан-жақты қалпына келтіру және өнімділікті арттыру жөніндегі реформаларға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін қамтамасыз етуге бұрынғыдан да көп көңіл бөлуі қажет, – дейді дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан-Франсуа Марто.

         Сондай-ақ эксперттер Қазақстанның экономикалық қалпына келуіне әсер ететін факторларды, Қазақстан экономикасының тұрақтылығын арттыру жөніндегі әлеуетті шараларды, сондай-ақ кедейліктің өсуі, қазба отынына деген әлемдік сұраныстың төмендеуі, инвестициялар үшін аймақтық бәсекелестіктің артуы және қаржылық тұрақсыздықтың жоғарылауы секілді тәуекелдер мен қиындықтарды талқыға салды. 

«NAC-Analytica» корпоративтік қоры басқарма төрағасы Ақтоты Айтжанова 2021 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 4,0 пайызға дейін қалпына келеді дейді. Ол ішкі өндіріс көлемі 2021 жылдың үшінші тоқсанында пандемияға дейінгі деңгейге шығады деген сенімде.

Стратегиялық бастамалар орталығының негізін салушы Олжас Құдайбергенов ел үкіметінің экономиканы қолдау шаралары қысқа мерзімді болмауы тиіс деген пікірде. Пандемияның әлі 2-3 жылға жалғасуы мүмкін екенін естен шығаруға болмайды дейді экономист.

Самсу Рахарджа ел билігі жағдайға орай жылдам шаралар қабылдады деп санайды.

– Бюджет есебінен кең ауқымды шаралар қабылдау бюджет тапшылығының ұлғаюына әсер етті. Алайда белгілі бір бюджеттік кеңістік әлі сақталуда. Мемлекеттік қарыз төмен – 24 пайыз деңгейінде қалып отыр (пандемияға дейін 20 пайыз). Мұндай тенденция үкіметтің қарыздық тәуекелдерді дұрыс реттей алып отырғанын көрсетеді. Дүниежүзілік банк болжамы бойынша мұнай бағасы барреліне 48 доллар болып тұрса Қазақстан ЖІӨ-сінің шынайы көрсеткіші кем дегенде 2,5 пайызға, одан кейінгі жылдары 3,5 пайызға дейін өседі. Дегенмен мұндай болжамды халықаралық қаржы институты консервативті сценарий негізінде жасап отыр, – деді эксперт.