Руханият • 01 Ақпан, 2021

Мың құлпырған мыңыншы нөмір

625 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ғасырлық тарихы бар «Egemen Qazaqstan» газеті ең алғаш өз оқырмандарының қо­лы­на «Ұшқын» деген атпен 1919 жылдың 17 желтоқсанында тиді. Бір жылға жетер-жетпес уақыт өткен соң «Еңбек туы», келесі жылында «Еңбекшіл қазақ» бо­лып шыққан газет, 1925 жылдың басынан бастап «Еңбекші қазақ» деген атпен 7 жыл жар­ық көргені әмбеге аян. Ахмет Байтұрсынов әліпбиінде Қызылорда қала­сын­да 1927 жылы 27 қарашада шыққан газеттің 1000-саны қалай жарық көрді?

Мың құлпырған мыңыншы нөмір

Ең алдымен басылымның 1-бетіндегі сол кездегі газет қыз­мет­керлерінің бас сурет­тері­мен құрап жазылған «Мың сан» сөзі көзге бірден түседі. Маң­дай­шасында «Жер жүзі­нің еңбек­шілері, бірігіңдер!» деген ұран тұр. Құттықтаулардың басын­да «Еңбекші қазақтың» алғаш­қы саны (1921 жылғы ноябрь­дің 7-сінде шыққан) деген анық­тамамен газет қиындысы басыл­ған. Әріптері анық көріне қой­майтын сол қиындының оқ жақ шекесіне «Еңбекшіл қазақ» деп төте жазумен жазылыпты. Осылайша, 1000-нөмірдің басты беті құттықтауларға жалғасқан.

«Бүгін «Еңбекші қазақ» мыңға жетті. Газетке мың сан – мың жас. «Еңбекші қазақ» та бүгін мың жасап отыр. Газет тап жыршысы. Қай таптың жоғын жоқтаса, сол таптың сөзін сөйлейді, жырын жырлайды, қамын жейді, жұртшылығын бастайды. «Еңбек­ші қазақ» сондай газет болып қазақ жұртшылығын бастап отыр. Қазақ еңбекшілерінің жоғын жоқтап, тілегін тілеп, сөзін сөйлеп отыр. Қазақ еңбекшілеріне партия жолын, үкімет жолын ұғынды­рып, түсіндіріп отыр. Жақсы­ны үлгі, жаманды жексұрын қы­лып отыр. «Еңбекші қазақ» ар­қылы біздің партия, үкімет қазақ еңбекшілерімен күнде сөйлесіп, күнде араласып отыр. Әрине, бұдан былай да «Еңбекші қазақ» осы жолынан таймайды. Жаңа жұртшылық жас жұртшылықтың тірегі болады» деп басталған «Қазақстанның өлкелік партия комитетінің» ресми құттықтауы әрмен қарай ««Еңбекші қазақтың» басқармасына, жазушыларына, жұмыскерлеріне, ауыл тілшілеріне» деген тақырыппен Үкіметтің ресми құттықтауына ұласқан. 

Бас беттің төменгі жақ ортасына «Еңбекші қазақ» басқармасы атты тақырыппен Алаш зиялылары бастаған газет ұжымының суреті берілген. Суреттің астында әр кісі лауазымымен қоса, былайша таныстырылған: «Редактыр Тоғжанұлы Ғаббас, Редактырдың әдеби жәрдемшісі Дулатұлы Міржақып, Басқарма қат­шы­сы Бегалыұлы Ғали, Партия, жұмысшы бөлімін басқару­шы Айсарыұлы Абдырақман, «Еңбекші қазақ»-қа оқшау сөз жазушы Майлыұлы Бейімбет, Ел қаттарын басқарушы Сегізбайұлы Аманғали, Кеңес құрылысы  бөлімін басқарушы Ақыметұлы Ілияс, Шаруа бөлімін басқару­шы Ешмұқамбетұлы Мерғали, Телеграм қабарларын басқару­шы Жүсіпұлы Сапа, Репетер Дәулетбайұлы Мәжит, Тілші­лер бүйресінің қатшысы Ағайдар­ұлы Абдұлла, Зерттеу бүйресінің қатшысы Елшібекұлы Ақымет, Түнгі редактыр Илаұлы Әбіл, Басқарма қызметкері Қожақымет­ұлы Шияп».

Мерекелік нөмірдің 2-бетінде «Еңбекші қазақтың» алғашқы шығару­шылар алқасы» атты сурет жария­ланған. Суреттегі­лер­ді  «Байділдаұлы Абдырақман, Асылбекұлы Абдолла, Әуез­ұлы Мұқтар, Телжанұлы Темір­болат, Нұрмұқаметұлы Қасен» деп көр­сет­кен. Бұдан әрі бет толықтай құттық­тау­лардан тұрады. Онда негізінен «Ауыл тілі», «Лениншіл жас», «Ауыл» (Қоста­найдан), «Жұмыскер тілі», «Советская степь» сияқты газеттер мен «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» қатарлы журналдар «қазақ газеттерінің ағасына» ақжарма тілектерін арнапты. Тілек біл­діргендердің қатарында өзге ұлт басылымдарының басқармалары да бар.

«Газет неше өткелден өтеді» деген шапкамен шыққан 7-бетке зер сала­тын болсақ, онда редакцияның бүкіл құрылымы түрлі тақырыптармен толық­тырылған. Мысалы, «Газеттің канторы» тақырыбында газеттің қаражат, сауда-жұмысын кантор басқаратыны айтылып, жарнама, бұғалтыр, тарату бөлімдері және жазылушыларды қабыл алатын бөлім мен экспедиция кіретінін, сондай-ақ аталған бөлімдердің қызметі суреттерімен қоса толық баяндалған. Бұдан әрі баспа­хананың жұмысы бөлім­дері жайлы сөз бола келіп, ондағы соңғы үлгідегі баспа машиналары да таныстырылыпты.  

Редакторы Тоғжанұлы Ғаббас де­лін­ген осы бетте оқырман хатының қызық­тары туралы «Газет өкпесі» атты кішігірім мақала жарияланған. «Бас­қар­мада отырғанда талай қызық­ты көресің: Елден келген қат-қабарларды ақтарып отырсаң, кейбіреуі сәлем қат болып жазылып, елдегі қылмыс істеген біреуді ауыздықтауды өтінеді. Кей қат өзінің қабарын газетке баспағаныңды, не жауап қайтармағаныңды өкпе қылып жазған болып шығады. Кейбіреуі бір қабар жазып, оның аяғына өзінің «қара табан кедей», батырақ әрі камсамол екендігін айтып келіп, әлгі қабарының басылуын өтінген болып шығады. Кейбір қатта өзінің бір қабары бұрын газет­те басылып, соның осы күнге дейін орын­дал­мағанын да басқармадан көріп өкпелеген болады.

Олар еш нәрсе емес қой, басқар­ма одан да үлкен талай өкпелерге ұшырай­ды ғой. Жаз­ғыт­ұры, басқармада отыр­ғаным­­да елдің бір шаруасы келді.

–  Қызметіңізді айтыңыз!

– Біздің Омардың Қалиының газеті шыққан екен, соған келіп едім.

– «Газеті шыққаны» қалай?

– Қалидың қызын қалың малға берген газеті.

– Өзіңіз газет алдыратын ба едіңіз?

– Жоқ.

– Әлде сол Қали газет алдыратын ба еді?

– Жоқ.

– Сіздің іздеп келгеніңіз енді кімнің газеті?

– Біздің ауылдағы бір камсамол Қалидың қалың мал алғанын айтып газет берген екен, сол шығыпты деп еді, бар болса соның біреуін берсең қайтеді?

Сөйтпесе шаруа бола ма, ақыр аяғын­да түсіндім. Іздестіріп, сұрастырып барып Қалидың қалың мал алғаны жазыл­ған газет нөмірін таптырып бергем.

Ел ішіндегі біреудің бұзақы­лығы, яки бір жақсылығы бір газетте жазылып шыққанын естісе, қат танығаны да, таны­­мағаны да, досы да, дұшпаны да іздес­­тіріп оқитын, әңгіме қылысатын көрі­­неді ғой. Газеттің сол қабар басылып шық­­қан нөмірін сол кісінің газеті деп атай­­тын кө­рінеді.»...  «Газетші» деген атпен жа­­зыл­­ған бұл материал «Басқарма» жаз­ған «Ондайларға газет өкпелемейді» тақы­ры­бына жалғасып, редакцияның ойлы оқыр­­мандарға рахметі де айтылыпты.

8-бетке кілең жарнамалар мен хабарландырулар жайғасқан. «Егер сен әлі күнге шейін Қазақстанның Астана газеті «Еңбекші қазаққа» жазылмаған болсаң, тезірек жазылып қал» деген жарнамаларды осы беттен көруге болады.

Міне, 1000-санын сол кездің өзінде мың құбылтып шығаруға талпынған газет мың өліп, мың тірілген қазақпен әлі жасасып келеді. Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған азаттықтың қадірін халыққа ұғындырып, ана тілінен айнымай күн сайын оқырманымен қауышып отыратын ел газетінің домна пеші мәңгі­лікке лаулай берсін деп тілейміз!

 

Дайындаған

Майгүл СҰЛТАН,

журналист