Таным • 01 Ақпан, 2021

«Бес мың деген беласар»

742 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1938 жыл. 24 желтоқсан. Осы күні газетіміздің бес мыңыншы саны жарық көрді. Ол кезде Sotsialistjk Qazaqьstan атауымен шығып тұрған газет толығымен латын қарпінде беттелетін. Бұрыштамасында «Қазақстанның коммунист (большевиктер) партиясының Орталық Комитетінің, Қазақ ССР ұлы Советінің жаңа ҚК(б)П Алма-ата облыстық комитетінің газеті» деп көрсетілген. Бұл тұста басылымның редакторы Сақтаған Бәйішев болатын.

«Бес мың деген беласар»

 

Сол кездері Алматы қаласының Гоголь көшесі, 41-үйде орналасқан редакция газеттің айтулы санын құттық­тау мақаламен бастапты. «Социалистік Қазақстан» газетінің 5000-нөмірі жарыққа шығып отыр. Бұл газетіміздің, газет армия­сы – тілші-авторлар мен оқушылардың есінде мәңгі сақталатын тамаша күн», деп жазады редакция алқасы мақалада.

Газеттің мерекелік санын ҚССР Советі президиумы да назардан тыс қалдырмайды. Президиум өзінің боль­шевиктік сәлемін жолдай отыра, газеттің елімізді индус­трияландыру, ауыл шаруашылығын коллективтендіру, соның негізінде бай, кулактарды тап ретінде жою, социалистік мәдениетті өркендету жолында еңбек сіңіріп жүргенін айтады. Одан кейін басылымды әріптестері «Правда» газеті құттықтаған. Қазақстандық достарына редакция марксизм-ленинизмді баспасөз арқылы насихаттау ісін кеңірек, жақсырақ ұйымдастыру керек, партия тұрмысын толығырақ, айқынырақ жазып отыру керек деген тілек айтады.

Туысқан республика газеттері де құттықтаудан қалыс қалмаған. «Совет Түркменстаны», «Қызыл Өзбек­стан», «Тәжікстан сурх», «Звезда» газет­тері мен «Социалистическая Алма-ата», «ҚазТАГ», «Екпінді», «Социалистік жол», «Ленин туы», «Қызыл ту», «Лениншіл жас», «Октябрь балалары» бас басылымға жылы лебіздерін жолдаған. 

«Баспасөз – марксизм-ленинизмді пропагандалаудың күшті құралы» деп аталатын арнайы бетте жазушы Мұхтар Әуезовтің «Бес мың деген беласарда» атты мақаласы жарияланған. Қаламгер бес мыңыншы рет газет шығару еңбекке толы тіршілік пен барлығын мәлім ету дегеннің айғағы екенін айтады. Баспасөз туралы қалам тербеген М.Әуезов сол кездегі «Социалистік Қазақстан» тіліміздің жаңа жол салушысы да, жаңа айнасы да деген ойымен бөліседі. Күнделікті газет оқып отыру арқылы баюға болатынын айтады оқырманға.

Жазушылық тілек те мақалада орын тапқан. «Онан соңғы зор тілек, әде­биеттің бүгінгі күні мен еткен жайларын, әсіресе халық әдебиетінің асыл қазыналарын зерттеп, талдап, оқу жолында атсалысса екен. Қазақстанда әдебиет тарихы ғылымының өсіп, өркендеуіне де көңіл бөле жүрсе екен» деп жанашырлық ниетін жеткізген.  Одан бөлек, көркем өнер мәселесіне көңіл бөлу керектігін де сөз еткен. Архивтен алдырған газет беті ескіргенімен, онда көрініс тапқан бірқатар мәселе әлі де маңызын жоғалтпаған.

Одан кейін халық ақыны Саяділ Керімбековтің «Дәні – алтын, шашағы – сүт, сабағы – уыз» атты өлеңі мен баспахана директоры Сатымбек Төлешевтің «Газет сөзі» мақаласы жарық көрген.

ҚК(б)П Орталық Комитетінің секретары Сәлкен Дәуленовтің «Боль­шевиктік баспасөздің айбынды мін­деті» үндеуі жарияланған. Хатшы большевиктік баспасөздің күші, абыройы, ықпалы – оның мазмұнының пар­тиялылығын­да, жоғары идеялы­лығында, бұқарамен тығыз байланысында деп жазады. «Баспасөз партияның табымен күн сайын, сағат сайын өзіне керекті тілде сөйлесіп отыратын жалғыз ғана құралы. Партия мен тап арасын байланыстыратын, бұдан басқа рухани арқау болатын басқа құрал, басқа мұндай ебдейлі аппарат жаратылыс­та жоқ» деген Сталиннің сөзін келтіре отырып, ұлы көсемдердің айрықша көңіл бөліп отырғанын жеткізеді.

«Біздің елде баспасөз – шындықтың үлкен құралы» бетінде газет қызметкер­лерінің өлеңдері мен туындылары орын алған. Газет өсірген кадрлар деп арнайы коллаж жасап, онда Өміртай Мустин, Медеу Аталықов, Е.Метеев, Смағұл Бақадаев, Сейіт Жамагетов, С.Жұматов, К.Ержанов сынды газет ардагерлерінің суреттерін берген. Ақын-жазушы Сәбит Мұқановтың «Саятшым» өлеңі де осы нөмірде жарияланған.

Басылымның мерекелік нөмірінде газет шығару үрдісі де суреттермен көр­сетілген. Фотограф Котовтың сурет­теріне журналист А.Сегізбаев жан бітіріп, оқырманға бас басылымның күнделікті тынысын таныстырған. Сол кездегі газет шығару үрдісі шынымен қызық, ерекше. Республика түкпір-түк­пірінен жолданған хат үймесін пош­ташы күніне үш мәрте әкеледі екен. «Таңның атысы, кештің батысы телеграмма­ларға тоқтау жоқ» деп жазыпты автор. Қала тұрғындары мен жақын ай­мақ тұрғындары телефон соғып, хабар береді екен. Әңгіме, фельетон, өлең, мақаласын ұсынып келушілерде де шек жоқ. Мақалада көрсетілгендей, сол жылдары редакцияда тоғыз бөлім болыпты. Қызметкерлер хаттарды қорытып, баспаға әзірлеген. Хаттарды оқумен айналысатын, оны бөлімдерге үлестіретін хат бөлімі болған. Жер-жерден келген хаттарды қабылдап, оларды редактор орынбасарларына жеткізумен айналысады.

«Линотипке көшкелі еңбек өнімділігі соншалықты молайды. Өйткені линотип материалды өте тез жинайды. Оның үстіне жақсы линотипист жинаса, өте таза болады» деп көрсетеді А.Сегізбаев.  «Социалистік Қазақстанның» корректор бюросында 9 корректор қызмет еткен. Набордан шыққан мақаланы бір корректор, түзетіліп болған соң екінші корректор, түгел басылған газетті тағы екі корректордан оқыған. Газет шыға­тын цех жұмысы да таныстырылған. Автор стереотип цехтың тиімсіз, көп жұ­мыс­­тың қолмен істелетінін жазыпты. Одан басылымға жіберілген нөмір­ді «Союзпечать» экспедиторы ба­қылайды екен. Шыққан саны пойыздарға жет­кізіліп, мекенжайлар бойынша үлес­тіріледі. Оқырмандар газетті киоскі­лер­ден сатып алып тұрған. 

Түкпір-түкпірден келетін хаттардың көп екенін «Бізге кім жазады?» айдарынан байқасақ болады. Қазақ ССР-нің орденді әртісі Елубай Өмірзақов газет пен театр турасында хат жазса, депутаттар, ардагер журналистер мен студенттер ұйымы да өз мәселелерін газет арқылы жеткізген. 

Сол кездегі бас басылым балаларды да назардан тыс қалдырмапты. «Бал бұлақ» деген айдарға Қабдол Слановтың ертегісі жарияланған. Жарнамаға да орын тиген. «Алатау», «Алма-Ата» кинотеатрлары мен Мемлекеттік цирк репертуарлары бар. 1938 жылы қазақ жұрты кинотеатрларда «Александр Невский» фильмін тамашалаған. Ал қазақ кинематографиясында ойып тұрып орын алған тұңғыш қазақ фильмі «Амангелді» осы нөмірлерде жарнамаланып отыр.

Айтулы дата еленбей өтпесі анық. Мереке комиссиясы 24 желтоқсан, кешкі сағат алтыда Қаздрамтеатр ғимаратында газеттің 5000-нөмірі шығуына арналған жиын өтетінін хабарлаған. Мәжіліс­тен кейін ойын-сауық болатыны да ескертіліпті.