Қаладағы заманауи кітап үйлеріне қатысты instagram парақшасында жазған Б.Сағынтаев кітапханалардың шаң басқан кітап қоймасы емес, руханият ордасына айналып отырғанын жеткізді. Осы орайда Алтынсарин даңғылы, 37 мекенжайында орналасқан жазушылар кітапханасына барған қала басшысы әкімдіктің қолдауымен жарыққа шыққан сөз шеберлері басылымының таныстырылымына қатысып, жалпы таралымы 65 мың дана болатын 30 түрлі кітап қала кітапханаларына таратылғанын жеткізді. Сонымен бірге Б.Сағынтаев Алатау ауданындағы жаңартылған №44, Түрксібтегі №26 мен №1 кітапханаларының жұмысымен танысты. «Кітап сақтаудың заманауи жүйесі ондағы бос аймақты тиімді пайдалануға, яғни шығармашылық, шеберлік сабақтарын, отбасылық оқу сағаттарын өткізуге орын бөлуге мүмкіндік береді. Біз кітапханалардың жұмыс уақытын барынша ұзартып, демалыссыз қызмет көрсетуіне тырыстық. Кітапхананың барынша қолжетімді әрі келушілер үшін қызықты болуына мән бердік. Осы мақсатта танымал және жас жазушылармен кездесулер, шығармашылық кештер мен тақырыптық үйірмелер өткізілетін болады», деді әкім.
АЛМАТЫ