Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған көрмеге «Етжеңді «Егемен Қазақстан» жинағының әр жылдары жарық көрген бірнеше томы, газетіміздің 100 жылдық мерейтойына арналған «Жүз жылдық жылнама» 5 томдығы, «Егемен Қазақстанның» 1991 жылдан бергі нөмірлерінің тігінділері, сондай-ақ еліміздің бас басылымында жарияланған өңір дамуына қатысты салмақты мақалалар жинағы қойылған.
– Жақында ғана қолымызға тиген «Жүз жылдық жылнама» 5 томдық жинағын оқып отырып, Тобыл – Торғай өңірінің даму тарихына қатысты көптеген құнды материалдарды таптық. Мысалы, 1919 жылы «Ұшқын» деген атпен шығып тұрған бас басылымның бірнеше санында сол кезде Челябі губерниясының құрамына еніп кете жаздаған Қостанай уйезін алып қалу жолына бас тіккен Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы сияқты алаш зиялыларының еңбектерін баяндайтын бірнеше мақала бар. Торғайдағы аштық, Қостанай өңіріндегі жер, егіншілік мәселелеріне қатысты да тарихи материалдар жетерлік. «Еңбекшіл қазақтағы» Би-аға жазған мақалалардың өзі бір төбе, – деді кітапхана директоры Дариха Дүйсебаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Егемен Қазақстан» және өңір шежіресі» көрмесі наурыз айына дейін жұмыс істейді.
Қостанай облысы