Сонымен бірге дәрігерлер вакциналаудан кейін қандай сақтық шараларын ұстану керегін түсіндірді және егуден кейін вице-министрлер емханада жарты сағат дәрігерлер бақылауында болды.
«Мен үнемі вакцина аламын. Бұл – ең тиімді қорғаныс құралы, сондықтан вакцинаға қол жеткізген алғашқы елдердің бірі болғанымызға қуануымыз керек. Жеке өзім вакцина арқылы медицина мамандарын, тұтас халықты қорғай алатынымызға сенемін. Ресейлік, қазақстандық вакциналарға келсек, барлық вакцинаның қорытындысы бір – ағзада коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет/антиденелер пайда болады. Вакцина саларда еш уайымдаған жоқпын. Өйткені мен дәрігермін және вакциналық препараттардың артықшылықтары мен кері әсерлерінен хабардармын», деді А.Ғиният.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады. Одан кейін 15 ақпаннан бастап, вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылады. Ал 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне қазақстандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде. 31 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені елге «Спутник V» вакциналарының алғашқы партиясын жеткізді.
Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов егуден кейінгі хал-жағдайын айтты.
«Ешқандай қолайсыздық сезіп тұрған жоқпын. Ең алдымен вакцина алатын адамды дәрігер тексереді, анамнез алынады. Дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншақ тексеріледі. Содан кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат береді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедуралармен келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек», деді Е.Қиясов.
Оның айтуынша, барлық кезеңде жауапкершілік емдеу мекемелеріне жүктеледі. Барлық жауапкершілік ортақ болады. Әрине, Денсаулық сақтау министрлігі әр жағдайды дербес қарастырады. Әрбір өңірлік денсаулық сақтау басқармасының жанынан айрықша реакция секілді жағдайларды тексеретін арнайы комиссиялар құрылады.
Көпшілік арасында «Коронавирусқа қарсы вакцина алғандарға шетелге шығу талаптары өзгере ме? ПТР анықтамасы сұрала ма?» деген сұрақтар туындауда. Бұған жауап берген вице-министр Қазақстанда елден ұшу үшін ПТР анықтамасы сұралмайтынын, сондай-ақ мұндай жағдай қай елге ұшып бара жатқанға да байланысты екенін айтты.
«Вакциналаудан кейін көп жағдай өзгеруі мүмкін. Өйткені көптеген ел вакцина алғандарға қатысты қандай да бір ерекше режім мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Өздеріңізге мәлім, вакциналауды электронды қадағалау ұғымын – электронды паспортты енгізіп жатырмыз. Бұл деректер вакциналау жүргізу жолын мониторингілеу үшін ақпараттық жүйеге орналастырылады. Айта кететін тағы бір жайт, америкалық Pfizer вакцинасы қазақстандықтарға екінші жартыжылдықтан кейін қолжетімді болуы мүмкін. Pfizer компаниясымен алдын ала уағдаластықтар бар, меморандум бекітілген, егжей-тегжейлі сұрақтар келіссөздер деңгейінде. Бір айта кетерлігі, өздеріңіз жаңалықтардан байқағандай, Pfizer вакциналары жетпей жатыр, компанияның өзге елдер алдындағы міндеттемелері әлі шешілмеген мәселе болып тұр. Ол вакцина 70 градуста сақталуы керек, барлық тетіктері әлі талқыланады», деп атап өтті Е.Қиясов.
Бас санитар дәрігер өз сөзінде уақыт жоғалтып алмауды айрықша атап өтті.
«Дәл қазір уақыт бізді күтпейтінін түсіну керек, сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек. Барынша көп адамды қамту үшін бұл науқанды барынша ертерек бастаған жөн. Назар салатын тағы бір нәрсе, Ресейден жеткізілген және Қарағандыдан шығарылатын вакциналардың өзіндік құны іс жүзінде шамалас болады. Бірақ вакцинаны Қарағандыда шығаратын болсақ, әрине оның артықшылықтары бар. Біріншіден, өндіріске өзіміз тікелей қатысамыз, бүкіл өндіріс циклін қадағалай аламыз. Бұл бізге осы тәжірибені одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, логистикаға байланысты қандай да бір шығындар болуы мүмкін», деді Е.Қиясов.
Ол коронавирусқа қарсы вакциналаудың халыққа тегін екенін еске салды және вакцинаның екі компонентті дозасының бағасын (өзіндік құнын) айтты.
«Екі компонентті доза бүгінде 26 доллар (11021,4 теңге) тұрады. Бұл – ресейлік вакцина. Жалпы алғанда, вакцинаның бағасы қай жерде шығарылатынына қарамастан, Ресейде немесе Қазақстанда осындай болады. Сонымен қатар вакцинаның бірінші дозасынан кейін карантинге оқшауланудың қажеті жоқ. Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам ағзасындағы антиденелер саны артады. Бірінші дозаны алған соң карантинге оқшауланудың қажеті жоқ. Мен күнделікті жұмысқа барамын. Вакцинадан кейінгі күтімді ұстануға тырысамын. Дегенмен баршаңызды карантин режімін сақтауға шақырғым келеді, өйткені адам вакцина алса да, кейбір жағдайларда белгілі бір вирустардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Вакциналау арқылы ең алдымен өзіңізді қорғайсыз, өз ағзаңыздың вирус жұқтыру мүмкіндігін азайтасыз. Бірақ сіз ағзаңызды өзіңізге шабуыл жасай алатын вирустардан босатпайсыз. Бұл вакцина сіздің денеңізді аурулардан қорғайды», деп түсіндірді Е.Қиясов.
Бас мемлекеттік санитар егер халықтың кем дегенде 50%-ы вакцина алса, иммундық қабат пайда болатынын, осылайша, еш шектеусіз, карантинсіз, локдаунсыз қалыпты өмірге орала алатынымызды жеткізіп, вакциналаудың ең басты нәтижесі осы болатынын атап өтті.
«Жалпы, егу жұмыстары үшін 10 млн азаматқа дейін есептелген сандарды алдық. Бәрінің вакцина алғанын қалар едік, өйткені коронавирустың қандай қауіпті инфекция екенін білесіздер. Барлығын вакцина алуға шақыруға тырысамыз», деді Е.Қиясов.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, вакциналаудың алғашқы күні 2,5 мың медицина қызметкері екпе салдырады деп жоспарланған. Бұған дейін елімізде егу пункттерінің дайындығы тексерілді, профилактикалық егу жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді, 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Әрі қарай Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаның 112 мың дозасын, наурызда 150 мың, сәуірден маусымға дейін ай сайын 600 мың дозаны жеткізетін болады. Алдын ала мәлімет бойынша «Спутник V» вакцинасының тиімділігі – 96%.
Бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары – медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметкерлер және т. б. вакциналанады. Вакциналауға профилактикалық егуге қарсы көрсеткіштері жоқ, кәмелеттік жасқа толған адамдар жіберіледі. Вакциналау алдында дәрігер пациентті міндетті түрде тексереді. КВИ-ға қарсы вакциналау 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған 6 млн адам қатысады деп жоспарлануда.