Бұрын-соңды тірі дүнген көрмеген терістіктегі ағайындар оларға алдымен таңырқап қараумен болған. Өйткені түрлері қазақтан аумайды, діні мұсылман, бірақ бір ауыз қазақша білмейді. Тек орысша сөйлейді.
Оңтүстікте тұратын ұлты өзбек, түрік, чешен, ингуш, орыс азаматтардың бәрі дерлік қазақша білгенде кескіндері өздерінен аумайтын дүнген ағайындардың мемлекеттік тілді мүлде білмейтіндігі мұндағы қазақтарды қайран қалдырған. Бірақ Шәмшінің «Дүнген қызы» әнін жақсы білетін жастар қыздарының қастарына да қарағыштай берген... Өнердің халықтарды жақындастыра алатын құдіретін содан біл.
Әр отбасында 5-6 бала бар көрінеді, солардың арқасында осы екі ауылдағы мектеп жабылудан аман қалды. Арада үш жыл өткенде дүнген балаларының қазақша сайрап жүргенін ести бастадық. Өнерге жақындары түрлі концерттер мен конкурстарға да қатысып қояды.
Алдымен олар өздері шоғырлана тұратын және облыс орталығына жақын, коммуникациясы дамыған елді мекендерде тұруды қалаған. Ондай ауылдарда жергілікті тұрғындар жеткілікті екендігі ескеріліп, қоныс аударушыларға тас жолы, ауыз суы бар, облыс орталығынан 80-100 шақырым жердегі Бике мен Бостандық ауылдарын ұсынғанда бас тартпаған.
Дүнген ағайындардың басшысы отбасының үлкен-кішілігіне қарай ұсынылған үйлерді ағайындарына өзі бөлген. Ешқайсысы қарсылық білдірмей, айтқанға көне кеткенін айтып, қазақтар біршама қайран қалып жүрді. Қоныс аударушылар жаңа мекеніне кірмес бұрын оны сылап, ағартып, жөндеп, бір аптаның ішінде жарқыратып шыға келген.
Соның бірі – Бостандық ауылындағы И.Чирдің отбасы. Қырықтан жаңа асқан жігіт пен әйелі 5 бала өсіріп отыр. Кейінгісі – 2018 жылы Бостандықта өмірге келген Ахмадтан басқасының бәрі қазақ мектебінде оқиды. Мұғалімдер олардың оқуға ынталы екенін айтады, қазақшаны да тез үйреніп алыпты. Отағасының өзі Бостандық орта мектебінде күзетшілікке орналасыпты. Қазақтармен тығыз араласып тұрады, түсінбеген қазақ сөздерінің мағынасын балаларынан сұрап алады. Бірақ біздегі кейбір қазақтың өзі шүлдірлеп, олармен орысша сөйлесуге бейім тұрады екен.
Жергілікті тұрғындар ырғалып-жырғалып жүргенде дүнгендер сәуір туысымен есік алдындағы шарбақтарын картоп егуге дайын ететін көрінеді. Құнарлы қара топырақты қайта-қайта иіскеп, әбден тәнті болады екен. Жаз ортасында осы ауылдағы шарбағы арамшөптен ең таза үйлер кімдікі десең – олар дүнген ағайындардікі болып шығады. «Еңбек етсең, қара жер де береді, құр тастамайды» деп Абай данышпан айтпақшы, бұлардың күтіп-баптаған картобы көшіп келген жылдарынан бері мол өнім беріп келеді.
Дүнгендер қосымша жер де сұрап алыпты. Ауыл адамдары бұлардан ұялып, енді отырғызған картоптарын күтуге жиі шығатын болыпты. Қоныс аударушылардың кейбірі тіпті мемлекет беретін жеңілдетілген субсидияны да алмапты. «Қарыз алып қайтеміз», деп ойласа керек.
Бостандықта Чирлермен қанаттасып тұрып жатқандардың бірі – Бекер Айваевтың отбасы. Оның үш баласы бар. Өзі осындағы шаруа қожалығының маусымдық жұмыстарына араласып, табыс табады. Басқа уақытта ауылдың малын бағады. Әйелі – мектепте техникалық қызметкер. Бұлар жеңілдікті субсидия алып, тамырларын терең жіберуге бет бұрған.
Бостандықта көшіп келген
6 отбасының үшеуі ғана қалған. Қалғандары біршама қоңданып алған соң түрлі себептермен туған жерлеріне ат басын түзепті. Үшінші отбасының иесі – Люва Щерба. Оның әйелі София екеуінің бес баласы бар. Қазір Бостандық мектебінің жабылып қалмай тұрғандығы – дүнген балалардың арқасы. Щерба да мектепте күзетші, әйелі киім ілгіште істейді.
Дүнгендер Бостандықтың тұрғындарына риза екендерін айтты. Бәрі де қоныс аулаушыларды бауырларына тартып жүреді екен. Бикедегілер де солай. Ауылдық округтың әкімі мен аудан әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанова үнемі халдерін біліп отырады.
Бике ауылында да қазір бес дүнген отбасы отыр. Көшіп келгендердің көбі кейінірек кетіп қалған. Тұрақтап қалғандарының тұрмыс-тіршіліктері Бостандықтағыдан еш айырмашылығы жоқ. Дүнгендерге жер болса болды, ешкімге «жұмыс жоқ» деп мұң шақпайды. Солтүстіктің қатал қысына да үйреніп алыпты.
Шынын айтсақ, дүнген ағайындарға қарағанда, оңтүстік өңірлерден қоныс аударған кейбір қазақ ағайындарымыз кейде түймедейді түйедей етіп көрсетіп, проблема туғызып жатады. «Үйіңді қымтап жылыт» деп әкеліп берген жылытқыш материалдардан бас тартқандар да бар. Әрине, олардың арасында да сылтау іздемей, аянбай еңбек етіп, тамаша үй болып кеткен ағайындар көп.
Солтүстік Қазақстан облысы