Алқалы жиынға Мәжіліс депутаттары, ғалымдар, саясаттанушылар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Сараптамалық пікірталас сайлау қорытындыларын, сондай-ақ Мәжілістің жаңа құрамын бағалау, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 15 қаңтарда белгілеген өзекті күн тәртібін ескере отырып, Парламенттің жаңа құрамы жұмысының басым бағыттарын талқылау, белгіленген саяси реформаларды, елдің партиялық өрісін дамытудың ықтимал сұлбасын айқындау тақырыптарына арналды.
Конференцияны ашқан ӘЭСИ сарапшысы Ерлан Мәдиев өз сөзінде «Үш партиялық Парламенттің сақталуын жүйенің белгілі бір орнықтылығының белгісі және қоғамда мемлекеттік бағыттың тұрақтылығы мен сабақтастығына сұраныстың басымдығы деп санауға болады», деп атап өтті.
Қазақстанның Халық партиясының атынан сөз сөйлеген депутат Ерлан Смайлов партия қызметін трансформациялау процесі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, қоғамда әлеуметтік әділеттілікке, өмір сүру сапасын жақсартуға, ұлттық байлықты әділ бөлуге деген үлкен сұраныс болғандықтан, партияның идеологиялық негізін өзгерту, коммунистік идеологиядан бас тарту жақтаушылар санын ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Nur Otan партиясы атынан сөз сөйлеген депутат Юлия Кучинскаяның айтуынша, Парламентке, оның ішінде мәслихаттарға сайлаудың пропорционалды жүйе бойынша өткізілуі қазіргі саяси партиялардың сапалы дамуы жолында күшті серпін болды. Оның пікірінше, аталған процестер нәтижесінде, партиялардың өңірлердегі жұмысы күшейтілді. Бұл тұрғыда билеуші партия үшін тізімдерді жаңартуға, партияның ішіндегі байланысты нығайтуға, оның мүшелері арасындағы диалог пен өзара әрекеттестікке мүмкіндік беретін праймериздің жүргізілуі ерекше маңызды болды.
Бірқатар сарапшының айтуынша, парламенттік оппозицияның мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту Парламенттік пікірталастардың айтарлықтай жандануына ықпал ететін оң қадам болады. Осыны ескерген «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев өткен сайлау пікірталастары барысында билік пен Үкіметке қатаң сын-пікір білдірілгендіктен, оппозицияның рөліне ҚХП партиясы көбірек сәйкес келетінін айтты.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев: «Парламентке өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету – қоғам сұранысына жауап қана емес, сонымен қатар шағын партияларға келесі Мәжіліс сайлауына түсу үшін тіркеліп, бағын сынап көруге мүмкіндік», деп атап өтті. Оның пікірінше, партияларды тіркеу өлшемшарттарын одан әрі ырықтандыру таяу болашақта жаңа саяси жобалардың пайда болуын ынталандырады.
Жалпы, сарапшылар өткен сайлау қорытындысы елдегі партиялық жүйенің тұрақтылығы мен тиімділігін көрсетті деген ортақ пікірде болды.