Саясат • 03 Ақпан, 2021

Қазақ қызы (Қытайдағы халықаралық төрелік соттың судьясы)

194 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда Қарағандының тумасы Гүлнұр Нұркеева Қытайдағы халық­аралық төрелік соттың судьясы болып тағайындалғаны туралы ақпарат тарады. Шынтуайтына келгенде, мұндай лауазымға қол жеткізу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десе де болады. Себебі төрелік комиссияларға үміткерлер тек қана құқықтық жүйесінің деңгейі жоғары елдер ішінен таңдалады. Мысалы, олардың басым көпшілігі АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Сингапур сияқты дамыған елдердің өкілдері болып келеді. Мұнда, тіпті орыс тілінде сөйлейтіндерден бір ғана төреші бар екен: оның өзі Польшаның өкілі.

Қазақ қызы (Қытайдағы халықаралық төрелік соттың судьясы)

 

Әлбетте, Гүлнұр үшін өз канди­да­ту­ра­­сының бұл лауазымға ұсыныл­ғаны және оның жоғары жақтан құп­талғаны күтпеген жағдай болып­ты. Дегенмен ол мұның түпкі себебін ТМД және Орталық Азия елдерінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыру барысында шетелдік элемент қиындатқан төрелік сотқа өтініштердің көбеюін күтуден туын­даған амалмен байланыстырады.

«Төрелік соттар азаматтық істерді қарайды. Неке, бала асырап алу, алимент, мұрагерлік мәселелері бойын­ша даулар, сондай-ақ әкімшілік дау­лар Қытай Халық Республикасы төре­лігінің қарауына жатпайды. Төрелік комиссия тараптардың келісімімен таңдалады», дейді заңгер. Ал Гүлнұр­дың өзі компаниялардың бірігуі мен жұтылуы, сондай-ақ трансұлттық инфра­құрылымдық жобалар бойын­ша маманданған. Арбитражға келе­тін болсақ, мұнда көбіне Қытай және ТМД елдерінің компаниялары ара­сын­дағы коммерциялық жеткі­зілім мә­мі­лелерінен, құрылыс келісім­шарт­та­ры­нан туындайтын даулар қаралады екен.

Гүлнұр Нұркееваның Қытай елін­де тұрып жатқанына он жыл­дай уақыт болған екен. Қазіргі уақыт­та ол GRATA халықаралық заң фирма­сы­ның Қытай кеңсесінің басшысы болып қызмет етеді және оның тең құрыл­тайшысы болып саналады.

Негізінде заңгер Е.Бөкетов атын­дағы ҚарМУ-ды тәмамдаған. «Жал­пы, – дей­ді Гүлнұр, – Қазақстан­дағы құқық­тық мектеп, оның ішінд­е Қара­ған­ды­да дәстүрлі түрде мы­қты болып ке­леді». Мұны ол кезін­де «ҚарЛагта» болған саяси тұ­тқындар арасынан шық­қан небір талант­ты ғалымдардың кен­шілер астана­сындағы оқу орында­рында қызмет етіп, ғылыми жұмыс­т­ардың негізін қалап кеткенімен тү­­сін­діреді. «Мен өзім оқып, білім ал­ған уни­верситетіме және барлық про­­фессор-оқы­тушылық құрамға ал­ғы­­сымды айт­қым келеді», дейді ол ағы­нан жарылып.

Қарағанды университетінен түлеп ұшқаннан кейін Гүлнұр Нұркеева еңбек жолын 1999 жылы Ақмола облыс­тық адвокаттар алқасында та­ғылым­дамадан өтуші болып бас­тап­ты. Жұмыс ақысыз болса да, жас ма­ман өзін жақсы қырынан көрсете білген. Оның білмекке ұмтылған құш­тарлығы, ізденімпаздығы ұзамай же­мі­сін беріпті. Адвокаттық лицензия алу үшін емтиханды сәтті тапсырып, қызметте жаңа белеске қадам бас­қан. Алғашқы жылы-ақ ол өзі сотта қор­ғаушы болып қатысқан 12 істің бәрін де абыроймен аяқтаған екен.

Адвокаттық қызметтен кейін Гүл­­­нұр­дың еңбек жолы мемлекеттік қыз­­­метпен ұштасты. «Мен жұмыс істе­ген кез өте қызықты кезең болды. Ол уақытта мемлекеттік қызметші­лерге жатақханадан бөлме беретін. Әріптестерімізбен бір жерде тұратын­быз. Тапсырманың көптігінен кейде жұмыста түнеп қалатын кездеріміз де болды. Еңбекақы мардымсыз болатын. Бірақ соған қарамастан, мамандар мен менеджерлер жұмысты жанын салып, беріле істеуші еді», деп еске алады Гүлнұр.

Оның Қытай астанасына қоныс ­аударуы да өз алдына бөлек әңгіме. Бұл өзі бірнеше сәтті оқиғаның бір арна­ға тоғысқан кезі болыпты. Гүл­нұр­дың елдегі қызметтік мансабы өрге дома­лап тұрған кезде оның Бей­жің уни­вер­ситетін тәмамдаған жұ­байы Қы­тай­да жұмыс істеуге аяқ астынан ше­шім қабылдаған екен. «Дәл сол кезде ресейлік ірі инвесторлар Қазақстанда актив сатып алды да, маған басшы­лық лауазым ұсынылды. Бұл бас тартуға болмайтын ұсыныс еді. Жалпы, сол кезде мен өзімді жо­лы болғыш адамның бірі ретінде се­зінгенім рас еді», дейді Гүлнұр.

Қазіргі уақытта талантты заңгер жерлесіміз Қытайдың саясаттану және құқық университетінде докторлық дис­сертация жазып жүр. Сонымен қа­тар ол бір кездері өзі білім алған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды уни­вер­­ситетінде онлайн-дәріс оқиды.

«Мен әлемдік тәжірибе жайын­да, оны Қазақстанда қолдану және бейімдеу туралы көп айтуға тыры­самын. Мысалы, құрылыс мердігер­лігінің шарттарын қарастыру ке­зін­де азаматтық кодекстің бөлімі, сәулет және құрылыс қызметі мен қазақ­стандық заңнама туралы айтып қана қоймай, құрылыс ке­лі­сімшарттарының халықаралық та­нылған нысандары жөнінде де ақ­па­раттың көзін ашуға көп көңіл бө­лемін. Қарапайым сөзбен айтқанда, мен мамандандыруға болатын, содан кейін жобаға ақша тауып, пайда әкелетін білім беруге тырысамын», дейді заңгер-оқытушы.

Гүлнұр өзінің заңгер мамандығын таңдауына әкесінің жалғыз ауыз сөзі себепші болғанын айтады. Са­ратов университетін экономист маман­ды­ғы бойынша тәмамдаған әкесі өткен ғасырдың 90-жылдары алғашқы­лардың бірі болып акционерлік қо­ғам құрып, соның аясында халықара­лық ынтымақтастық орнатуға әрекет жасапты. Шын мәнісінде, мұнысы рес­публикаға шетелдік капиталды тар­тудың бастамасы болған екен. «Бірақ 90-жылдары белгілі бір адамдардан құралған топ әкемнің жетістіктерін «меншіктеп алуға» тырысты. Бұған олар «Алыпсатарлық» бабы бо­йынша жалған қылмыстық іс қозғау арқылы қол жеткізді. Іс жабылды, бірақ мұндай әділетсіздіктің кейін екінші инфаркт алған әкемнің қол-аяғы тартылып қал­ды. Өзі құрған акционерлік қоғамды бас­қара алмады. Кәсіпорын банкротқа ұшырады және бөлшектелді. Содан кейін ол маған әкеңді қорғау үшін заңгер боласың деп айтты», деп еске алады Гүлнұр Нұркеева.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Қы­тай арасындағы бизнестік қарым-қатынас­тың құқықтық саласында бай тәжірибе жинақтаған Гүлнұр Нұр­кеева еліміздің заңгерлеріне де ақыл-кеңес беріп тұрады.

 

Қарағанды облысы