Өзге тілде оқып жүр талай қазақ баласы...
Қостанай қаласындағы «Аэропорт» және «Юбилейный» деп аталатын екі шағын ауданда екі бірдей жаңа мектеп пайдалануға берілді. Екеуі де аралас мектеп. Шағын аудан тұрғындарының 80-90 пайызы – қазақтар. Бірақ жаңағы екі мектепте де қазақ сыныбы аз, орыс сыныбы әлдеқайда көп. Тіл жанашырлары «Осы екі білім мекемесін әу баста-ақ қазақ мектебі етіп ашу керек еді. Бұл ата-ананың өз баласын амалсыз ана тілінде оқытуына ықпал етер еді. Жаңа шағын аудандарда қазақ саны басым болғандықтан, орыс мектебінің қажеті шамалы» деген пікір айтады.
«Юбилейныйдағы» №27 аралас мектептің 1-сыныбында 2 қазақ, 4 орыс сыныбы; 2-сыныбында 2 қазақ, 5 орыс сыныбы бар.
Орыс сыныптарында отырған оқушылардың 20-сы – қазақ, бір-екеуі ғана – орыс баласы. Мектеп директорына кіріп, жағдай сұрап көріп едік, ол кісі қалалық білім бөлімінің рұқсатынсыз сөйлемейді екен, бізге жақ ашпады. Алайда келесі күні басқа оқу орындарын аралап, бірнеше мектептің басшыларымен тілдесудің сәті түсті. Қала орталығындағы орыс тілінде білім беретін №2 мектеп-лицейіне бас сұғып едік, мұнда оқып жатқан балалардың жартысынан көбі қазақтар екен. «Біздің оқушылардың 60 пайыздан астамы – қазақ балалары. Біріншіден, ата-аналар тіл білмейді, балаларына көмектесе алмайды. Сондықтан баласын бізге береді. Екіншіден, қазақ мектептеріндегі оқу бағдарламасын меңгеру қиын. Өйткені балалардың көбі орысша ойлайды. Сол себепті оларға орыс тілінде оқыған оңайырақ. Балаларын бірінші қазақ мектебіне беріп, 2-4 сыныптарда орыс сыныбына әкелетін ата-аналар жиі кездеседі.
Өйткені олар баласының сабағына араласқысы келмейді. Мұндай ата-аналарға: «Бала өзінің ана тілін, түп-тамырын біліп, өз ұлтының тарихын, мәдениетін бойына сіңіріп есеюі керек», деймін. Бірақ олар бұл мәселеге бас қатырып жатпайды. Өзім орыс мектебін басқарып отырсам да, балаларым қазақ мектебінде білім алды. Бұл – әр ата-ананың пайым-түсінігіне байланысты өте күрделі мәселе», деді мектеп директоры Гүлфия Дәндібаева.
Одан салып ұрып Мәриям Хәкімжанова атындағы №20 қазақ мектебіне бардық. Балалар қашықтан оқып жатқанымен директор кабинетінде екен, ол кісі де көкейінде қордаланып қалған біраз мәселені қозғады.
– Баланың тілі жетіліп, айтқанды түсініп, ойын айқын жеткізіп келе жатқанда орыс мектебіне кетіп қалып жататыны өкінішті. Ал ата-ана балам тек жақсы баға алса дейді. Қазақ мектебінде 3-ке оқып жүрген бала орыс мектебінде 4 пен 5-ке оқиды деген түсінік қалыптасты. Балаларды қазақ мектептеріне тарту мақсатында жылда балабақшаларды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ ата-ананың көбі жеке құқығын бұлдап, «бала өзімдікіге» салады. Әрине, көзін ашқаннан бастап 6 жасқа дейін орысша сөйлеп, одан кейін қазақ мектебіне келген балаға оқу бастапқыда ауыр болады. Бала қиналады. Ал ата-ана баланың бірден қазақша сөйлеп кеткенін қалайды, мұғалімдерден де соны талап етеді. Баланы қазақ мектебіне беру үшін ертерек дайындалу керек қой. Оған құлақ асып жатқандар аз. Қазір қазақ мектебінде сапалы білім алуға барлық жағдай бар. Білікті мұғалімдер, сапалы оқулықтар, интернет ресурстары жеткілікті. Бірақ өзіміздің қара көз балғындарымыз орыс мектептеріне кетіп жатыр. Алысқа бармай-ақ қояйық, осы маңайдағы орыс мектептеріндегі оқушылардың 70-80 пайызы қазақ балалары, деді мектеп басшысы Ханзада Шынболатова.
Дегенмен бұл мектепте ұлты басқа 7-8 бала бар екен. Директордың сөзінше, оқушылардың ата-аналары балаларын «мемлекеттік тілді үйреніп шықсын» деген ниетпен қазақ мектебіне берген.
Себеп пе, сылтау ма?
Қаланы аралап, одан қалды телефон, әлеуметтік желі арқылы баласы орыс мектебінде оқып жүрген тұрғындардан «Балаңызды неге қазақ мектебіне бермедіңіз?» – деп сұрап көріп едік, біріншіден, көпшілік ата-ана қазақ мектептерінде білім сапасы төмен дегенді желеу ететінін байқадық. Мұндай таптаурын түсінікті жоққа шығарушылар баланың өз ана тілінде білім алмауына мектеп емес, ата-ананың өзі кінәлі, қазір қазақ мектебін бітірген баланың көбі бірнеше тілде жетік сөйлейді, қатарынан озық тұр дейді. Бұған дәлел ретінде Ресейдің Түмен облысында туып-өскен Әлібек Баймұрзин есімді азаматтың әңгімесін келтірейік.
«Бұрын жұрттың бәрі мені Алеша деп атайтын. Тоқсаныншы жылдары Қостанайға көшіп келдік. Түріміз – қазақ, тіліміз – орысша. Арғы аталарым Қарасуды мекен еткен. Жаппай қуғын-сүргінде Түмен асып кетіпті. Бала кезімде өз атам әкелері көрген қиындықты жыр қылып айтып отыратын. Сол әңгімелері еміс-еміс есімде қалды. Есейе келе атамның әңгімесін де, атам сөйлеген тілді де ұмыттық, өйткені орта сондай болды. Бірақ Қостанайға келе салысымен, кеудемдегі ата-баба рухы қайта ояна бастады. Ол кезде жүк көлігін жүргіземін. Талай жерді шарладым. Ел көріп, жер танып, сол арқылы өзімді өзім танып, бірте-бірте тіл үйрене бастадым. Кейін балаларымды да ойланбастан қазақ мектебіне бердім. Одан ұтылған жоқпын. Қазір үлкен ұлымның жеке кәсібі бар. Орыс мектебін бітіргендерге жұмыс беріп отыр. Ортаншы ұлым Нұр-Сұлтанда тұрады, үйі-күйі, жекеменшік клиникасы бар. Ол да орыс мектебін бітіргендерге айлық төлеп отыр. Ұлдарымды қазақша оқытпасам, туған тілінен, ұлттық болмысынан айырылар еді. Бірақ жастың аты жас қой, қазір бизнес пен ресми орындардың тілі орысша болған соң ба, балаларым кейде орысша сөйлеуге бейім тұрады. Ондайда тыйып тастап, жеті тілге жетік болсаң да, өз тіліңді төбеңе көтеріп жүр деп қайта-қайта айтып отырамын. Бір анығы, ұлдарым әкелерінің жүрегі тоқтап қалғанша қазақша сөйлейтін болады. Тізгінді жібермеймін. Өйтпесек ел болудан қаламыз», деді Ә.Баймұрзин.
Екіншіден, біраз ата-аналардың өздері тілді жетік білмейді. Отбасында орысша сөйлейді. Қазақ мектебіндегі оқулық тілін түсінбейді. Яғни үйде баласына көмектесіп, сабақ түсіндіріп беретін шамасы жоқ. Сондықтан баласын амалсыз орыс мектебіне беруге мәжбүр болып отыр.
– Қызым қазақ мектебінде оқыды. Тарих, география пәндерін түсінбей кетті. Көмектесейін деп едім, өзім де түсіне алмадым, оқулық тілі өте ауыр. Содан кейін ұлымды сорлатпайын деп М.Горький атындағы орыс гимназиясына бердім. Мен сияқты ата-аналар көп. Мысалы, баламның сыныбында 29 оқушының 20-сы қазақ балалары, деді Мәулен есімді 4-сынып оқушысының анасы.
Аталмыш гимназияда Дмитрий Геращенко деген мұғалім бар. Украин отбасында, өзге тілді ортада өскен Дмитрий орта мектепті орыс тілінде тәмамдап, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Қазір орыс мектебіндегі қазақ балаларына қазақ тілін оқытып жүр. Болмашы дүниені сылтау етіп, баласын орыс мектептеріне отырғызған ата-аналар қазақ тілін құрметтеуді осы Дмитрийден үйренсе игі.
Үшіншіден, ата-аналардың біразы «балам қазақ мектебіне барса, жасық, жасқаншақ болып қалады» деп ойлайды екен. Әдетте қазақ мектебіне кірсең, оқушылар бас иіп сәлемдесіп, ысырылып жол беріп, ізет танытып тұрады. Орыс мектептерінің оқушылары, керісінше, алдымда кісі келе жатыр екен-ау деп елемейді. Қағып-соғып өте шығады. Сол себепті баланың бойына қазақ мектебі арқылы даритын ізетті жасықтықпен шатастырмау керек.
Біраз тұрғындармен сөйлескеннен кейін баланы қазақ мектебіндегі партаға отырғызу үшін жалаң үгіт-насихаттың аздық ететінін аңғардық. Этностық құрамы әр алуан өңірде қазақ мектептерінің мүддесін қорғап қалу үшін тиісті ресми орындар да батыл қадамға баруы керек.
Облыстық білім басқармасы биыл қазақ мектептері аз аудандарда қазақ балаларының санын көбейту жөніндегі жол картасы әзірленетінін хабарлады. Мұның сыртында, ата-аналарға үй тапсырмасын дайындауға көмек көрсету үшін қазақ тілінде оқытатын сыныптарда ұзартылған күн топтары ашылмақ. Басқарма мәліметінше, аймақта соңғы екі жыл ішінде 2 бірдей қазақ мектебі, 2 аралас мектеп ашылған. Нәтижесінде, қазақ мектебіне бір жыл ішінде 1847 бала қосылып, мемлекеттік тілде білім алатын оқушылардың жалпы саны 32 784-ке жеткен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні өңірдегі тіл жанашырлары тарапынан келіп түскен мынадай ұсыныс-тілекке келіп тіреледі:
Біріншіден, аймақта 489 орыс мектебі, 118 қазақ мектебі бар. Яғни орыс мектептері жетіп артылады. Сондықтан бұдан былай қала, аудан сияқты ірі елді мекендерде тек қазақ мектептері ғана салынуы керек. Екіншіден, мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақшалардың саны мен сапасын арттыру қажет. Үшіншіден, облыстық тілдерді дамыту басқармаларының неге мектеп оқушыларында шаруасы жоқ? Олар бүгінде тек мемлекеттік қызметтегі ересек мамандармен ғана жұмыс жүргізіп отыр. Осы орайда, тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілде оқытатын білім мекемелеріндегі бала санын арттыру жолдарын іздестіріп, осы мақсаттағы үгіт-насихат жұмыстарын жандандыруы тиіс.
Қостанай облысы