Қазақстан • 03 Ақпан, 2021

Гранттық қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізілді

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Гранттық қаржыландыру механизмінің ұйымдастырушылық мәселелерін жетілдіру мақсатында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолданыстағы үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар беру қағидаларына өзгерістер енгізді. Нормативтік құқықтық актінің жобасы азаматтық қоғам саласындағы сарапшылармен бірлесе отырып әзірленді.

Гранттық қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізілді

Жаңа өзгерістер ҮЕҰ арасында мемлекеттік гранттарды бөлу бойынша конкурстық рәсімдерді жетілдіруге бағытталған. Гранттық жобаларды іске асырудың ашықтығы мен тиімділігіне баса назар аударылды. Атап айтқанда, сарапшылар тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібі регламенттелген. Жаңа қағида бойынша сарапшылар тізілімі 1 жыл мерзімге қалыптастырылады және көпшілікке жариялы болып табылады. Сараптама комиссиясының құрамы Тізілімнен кездейсоқ әдіспен іріктелетін болады.

Әзірлеушілердің мәліметінше, сараптама комиссиясына гранттарға өтініш беруші ҮЕҰ өкілдері де жіберіледі, бірақ мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда дауыс беру құқығынан айырылады. Бұдан басқа, сараптама комиссияларының отырыстары гранттық қаржыландыру саласындағы Оператордың сайтында және әлеуметтік желілерінде көрсетілетін болады.

Тағы бір жаңалық - гранттық жобалардың тақырыптарын қалыптастыру процесінің жариялылығын қамтамасыз ету болып табылады. Көпшілік талқылау мемлекеттік органдардың интернет ресурстарында өтетін болады. Азаматтар мен ҮЕҰ өз пікірлерін білдіре алады. Болашақ гранттардың тақырыптары осы талқылаулар негізінде жоспарланатын болады.

Сондай-ақ, Қағидаларда гранттық жобаларды іске асыру тиімділігін бағалау тетігі бар мониторинг рәсімдері айқындалып, конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімдері регламенттелген. Егер бұрын конкурстық рәсімдерді өкізу мерзімі 79 күнге дейін болса, жаңа қағидаларға сәйкес мерзімдер 2 есеге - 40 күнге дейін қысқартылды. Сондай-ақ, өтінімдерді қабылдау мерзімдері регламентеліп, 20 (жиырма) жұмыс күнін құрайды, конкурс қайта жарияланған кездегі мерзім 10 (он) жұмыс күнін құрайды.

Сонымен қатар, қағидалар мемлекеттік емес гранттар беру рәсімдерін де регламенттейді.

Құжатқа енгізілген өзгертулердің толық мәтінімен келесі сілтеме бойынша танысуға болады.