Қаржы • 04 Ақпан, 2021

36 жобаға – 1,6 млрд доллар

127 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Инвестициялар тарту бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыс аясында тәуелсіздік жылдары елімізге 360 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

36 жобаға –  1,6 млрд доллар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстанға шетелдік бизнесті тарту бойын­ша жұмысты күшейту қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында Kazakh invest тарапынан айтарлықтай жұмыс атқарылды.

«Пандемияға және бірқатар шектеу шараларына қарамастан, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Kazakh invest қолдауымен сомасы 1,6 млрд доллар болатын 36 жаңа инвестициялық жоба іске асырылды. Оның ішінде Қарағанды облысында «Linde Group» неміс ТҰК қатысуымен техникалық газ өндірісі, Түркістан облысында «Polcotton» поляк компаниясының қатысуымен жылыжай кешені, Алматы облысында БАӘ ТҰК қаты­суы­мен құрама жем өндірісі, сондай-ақ ел өңір­лерінде жалпы қуаты 368 МВт ЖЭК 7 жобасы іске қосылды», деді Kazakh invest Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Өзбеков.

Карантиндік шараларды жеңілдету кезеңінде Kazakh invest еліміздің инвестициялық имиджін ілгерілету бойынша бірқатар іс-шара ұйым­дастырды. Пікірталастарға Солтүстік Еуропа, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Түркия, ҚХР және Украина елдерінің іскер топтарының өкілдері қатысты. Онлайн форматта әлемнің 50-ден астам елінен 6 мыңға жуық адамды қамтитын 40-тан астам тақырыптық вебинар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ жыл қорытындысы бойынша Қазақстанға Kazakh invest қолдауымен АҚШ, Германия, Ресей, БАӘ, Үндістан, Оңтүстік Корея және басқа елдерден 70-тен астам шетелдік бизнес-делегация келді. Инвестор­лардың 2 мыңнан астам ауызша және жазбаша өтініші қаралды.

«Инвестицияларды тартудың үш деңгейлі жүйесінің жұмысын нығайту мақсатында 65 елдік инвестициялық бағдарлама әзірленді, оның шеңберінде инвестициялық жобаларды іріктеу және сүйемелдеу, сондай-ақ белсенді инвесторларды анықтау мәселелеріне нақты көзқарас бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Олардың стратегиялық даму жоспарларын ескере отырып, біз ықтимал инвесторларды іріктеп алып, оларды Қазақстанда өз жобаларын іске асыруға шақыра аламыз», деді Ғ.Өзбеков.

Сонымен қатар инвестициялық саладағы институционалдық өзара іс-қимылды күшей­ту­ге көп көңіл бөлінеді. Мысалы, 2020 жыл­дың күзінде барлық америкалық іскерлік қоғам­дастықты біріктіретін АҚШ Сауда палатасы жанынан Қазақстан-америкалық іскерлік кеңе­сі құрылды. 2021 жылдың басында АҚШ, Қазақстан және Өзбекстан үкіметтері Орталық Азия инвестициялық әріптестігін құру туралы мәлімдеді. Бұл бастама аясында АҚШ-тың халықаралық қаржы даму корпорациясы (DFC) Қазақстан мен Өзбекстанға 5 жыл ішінде кемінде 1 млрд доллар инвестиция құюды жос­парлап отыр.

Сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақ­сарту, құқықтық базаны жетілдіру және страте­гиялық инвесторларды қолдау мақсатында инвесторларды қолдаудың жаңа құралы – инвес­тициялар туралы келісім енгізілді.

Халықаралық ұйымдардың жаһандық инвестициялық ағындардың төмендеуі туралы болжамдарын назарға ала отырып, Kazakh invest тарапынан инвестициялық мүмкіндіктерді жылжытуды күшейту, Қазақстанға инвес­торларды тарту, сондай-ақ биыл 40-тан астам жаңа өндірісті іске қосуға жәрдем көрсету бойынша белсенді жұмыс жалғастырылатын болады.