Осы шаруаның бәрін «Қазақстан медицина жастары» РҚҰ облыстық филиалының төрағасы, Қарағанды медицина университетінің бесінші курс студенті, ерікті Дарын Әбілжанов үйлестіріп жүр.
Мұндай мектептер бүгінгі күнде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында ашылып, жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бұл үрдістен қарағандылық жастар да тыс қалмай, Қарағанды медицина университетінің ректоры Раушан Досмағамбетоваға оқу орнының базасында волонтер-дәрігерлер мектебін ашу туралы ұсыныс хат жіберген. Ол жастардың идеясын қолдап, көп ұзамай кеншілер астанасында еріктілер мектебі пайда болды. Алдағы уақытта бұл ұйым мектеп бітірген еріктілерді көмекке зәру жандарға жіберіп отырмақшы.
– Мұндай мектеп неліктен қажет? Біріншіден, бұл алғашқы медициналық көмек көрсетуді жақсартады және жас медицина қызметкерлерін даярлау сапасын арттырады. Біз ковид-науқастарды күтуге көмектесеміз, яғни медицина қызметкерлерінің эмоциялық және физикалық жүктемесі азаяды. Біздің дайындығымыз кез келген адамға қиын жағдайда саспай, көмектесуге септігін тигізеді, – дейді Дарын Әбілжанов.
Медициналық еріктілер мектебінде бір курс аясында онлайн-режімде 15 теориялық сабақ және 5 офлайн тәжірибелік сабақ өтеді. Тәжірибе алу үшін еріктілер медициналық университеттің симуляциялық және білім беру технологиялары орталығына барады. Мұнда олар тәжірибелі дәрігерлердің, оқытушылардың көмегімен теориялық дағдыларды меңгереді.
Қазірдің өзінде аталған мектептің тыңдаушысы болуға 100-ден астам ерікті жас ниет білдірген. Анатомия туралы негізгі білімі бар студенттер мамандандырылған курстардан өтеді, ал медициналық білімі жоқ еріктілерге індет жұқтырған пациенттерге дұрыс күтім жасау үйретіледі.
Осы игі жобаның жетекшісі Дарын Әбілжановтың айтуынша, алдағы уақытта мыңнан астам еріктіні оқыту жоспарланған. Болашақ медик мамандар екі айға созылатын курсты бітіргеннен кейін «Қазақстан медицина жастары» республикалық қоғамдық ұйымынан сертификат алып, волонтерлік жұмысқа кірісу мүмкіндігіне ие болады.
Қарағанды облысы