Оқиға • 04 Ақпан, 2021

Вакциналау – қалыпты өмірге қадам

223 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша әдістемелік ұсынымдар мен вакциналарды сақтау және тасымалдау ережелерін бекітті. Бұл туралы ведомство басшысы Алексей Цой айтты.

Вакциналау – қалыпты өмірге қадам

«Азаматтарды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес министрлік барлық шараларды қабылдады және 1 ақпаннан бастап COVID-19-ға қарсы вакциналауды бас­тады. Жоспар шеңберінде вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар және вакциналарды сақтау мен тасымалдау ережелері әзірленді және бекітілді. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде», деді А.Цой.

Ол вакцина алғандар туралы деректердің Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізілетінін атап өтті.

«Қазақстандық мобильдік қосымшаға жеке иммундық мәртебесі туралы QR-кодтарды енгізу үшін Egovmobile мо­бильдік қосымшасын іске қосу жос­парланған, ол Ashyq меди­циналық қосымшасымен интеграцияланады. Онда меди­циналық ақпараттық жүйе­лердегі азаматтар бойын­ша, оның ішінде QR-код арқы­лы тексеруге ұсыну үшін COVID-19-ға қарсы вакциналау­дан өткені туралы деректер жи­нақталады», деді министр.

Медицина ғылымдарының кандидаты, Хамза Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының басшысы Айнагүл Қуатбаева ко­ронавирусқа қарсы вакцинаның қаншалықты маңызды екенін жеткізді.

«Өздеріңіз білетіндей, бұл – бүкіл әлемге таралып жат­қан вирустың жаңа түрі. Бү­гінде 100 млн адамда корона­ви­рустың зертханалық рас­тал­ған жағдайы тіркелді. Соңғы кез­дері аурудың көбеюі байқа­лады. Өлім саны да артуда. Сон­дықтан вакцина егу керек. Бізде қазір қауіпті індетке қар­сы вакцина бар. Оның пайда­сы өте зор. Қазірдің өзінде көп­теген ел вакциналауды бастады. Коронавирусқа қарсы вакци­наны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бірін­ші доза антиденелердің аз мөл­шерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады. Мақсат – им­­мунитетті нығайту. Ха­лықты қан­шалықты тезірек вакци­наласақ, соғұрлым ауру­дың тө­мендеуі мен тұрақта­нуына қол жеткіземіз. Біздің мін­де­тіміз – елдегі эпиде­миялық жағ­дайды тұрақтандыру, өлім санын барынша төмен­дету», деді маман.