Аймақтар • 04 Ақпан, 2021

Қостанай облысында «Мигрант» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр

282 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында көші-қон заңнамасын бұзған және құқықтық мәртебесі реттелмеген шетел азаматтарын анықтау мақсатында «Мигрант»  жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Облыстың барлық өңірін қамтыған рейд шаралары барысында сот шешімдерін орындамаған шетелдіктер де заң алдында жауапқа тартылуда.

Қостанай облысында «Мигрант» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр

1-ақпанда басталған іс-шараның алғашқы екі күні ішінде 10 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көші-қон полициясының мәліметінше, олардың көбінің ел аумағында жүруге рұқсат беретін құжаттарының мерзімі өтіп кеткен. Тіпті бір жылдан артық рұқсатсыз жүргендер де бар. Бұлардың екеуі республика аумағынан шығарылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасына келгені туралы дер кезінде  хабарламаған 19 азамат әкімшілік жаза арқалады.         

Мәселен, Жітіқара қаласында 2019 жылдың 19-мамырынан бері заңсыз жұмыс істеп келген Өзбекстан азаматы анықталып, жұмысшы да, жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір көші-қон қызметі мен «Дамыту» қоғамдық қоры өзбекстандық азаматтың құқықтық мәртебесін анықтап жатыр. Ол таяу күндері өз отанына қайтарылмақ. 

Шетелдіктер облысқа көбіне жұмысқа тұру немесе оқу, емделу, миссионерлік қызметпен айналысу үшін келеді екен. Олардың ішінде осы жерде отбасын құрып, тұрақтап қалғысы келетіндер де бар. Көші-қон қызметі мамандарының айтуынша, облыс аумағына заңды негізде келген әрбір шетел азаматының құқықтық мәртебесінің реттелуіне көмек көрсетіледі. Ең бастысы, азамат тиісті орындарға өзінің сырттан келгені туралы дер кезінде хабарлауы тиіс.